Елбасының бастамалары Қазақстан халқының әл-ауқатына оң әсер ететін болады. «7 – 20 – 25» бағдарламасы көптеген қазақстандықтардың тұрғын үйге қатысты өткір мәселелерін шешуге арналып отыр. Еліміздегі мыңдаған адамдар қолайлы шарттар бойынша пәтер сатып алуға мүмкіндік алады. Одан басқа, мемлекеттік инвестициялық саясаттың басым-бағыты бола отырып, тұрғын үй нарығының басқа салаларға жанама әсері мол болады әрі аралас салаларда инвестициялық белсенділікті үдете түседі. Сондықтан қолжетімді ипотека тетіктерін жасаумен қоса, бұл бағдарлама отандық құрылыс саласына серпін береді, құрылыс материалдарының өндірісі ұлғаяды, жұмыс орындары ашылады.
Еліміздің орталық және солтүстік өңірлеріне газ жеткізу жоспары да еліміз үшін стратегиялық маңызға ие жоба. Біріншіден, көптеген қазақстандық отбасылар сенімді әрі технологиялық тұрғыда өңделген отынмен қамтамасыз етіледі. Ол, әсіресе ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетеді, үй шаруашылығы бойынша атқарылатын жұмыстарды анағұрлым оңайлатады.
Екіншіден, газ құбырының бойындағы барлық шағын және орта бизнес кәсіпорындары арзан әрі қолайлы энергия көзіне қол жеткізеді және ол өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне оң әсер етуі тиіс. Одан кейін қалалардың ұлғаюы мен автомобильдердің көбеюіне байланысты күрт өзгерген экологияны сақтау мәселелері де шешіле бастайды. Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі – экологиялық қауіпсіздік мәселелері де жүзеге асады.
Президент өз сөзінде адам капиталына, оның ішінде студент жастардың білім алуы мен дамуына ерекше назар аударды. Бүгінгі студенттер – еліміздің, мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан олардың қолжетімді әрі сапалы білім алуына жағдай жасау керек. Қосымша берілетін 20 мың білім гранты еңбек нарығында сұранысқа ие қосымша ондаған мың білікті маманның пайда болуына, жастардың өмірден өз орнын табуына мүмкіндік береді. Одан басқа, 2022 жылдың соңына қарай 75 мың орындық қазіргі заманғы студенттік жатақхана құрылысын салу – ұзақмерзімді дамуға бет алған мемлекеттің ілкімді шарасы болып табылады. Ең алдымен, жатақхана тапшылығын кешенді түрде шешу қазақстандық студенттерге шетелдік жоғары оқу орындарынан гөрі отандық оқу мекемелерін таңдауға мүмкіндік береді. Білім берудің сапасы мен қолжетімділігі, стипендия мен жатақханадағы қолайлы бөлмелер оқу орындарын таңдауда маңызды рөл атқаратына белгілі. Өз ақыл-ойы мен санасын Қазақстан игілігіне арнағысы келетін дарынды жастар үшін қосымша әлеуметтік сатылар пайда болады.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты әрі терең ойластырылған іс-қимыл жоспары деп білеміз.
Михаил БОРТНИК,
Парламент Сенатының депутаты