Демократиялық қоғамда сана еркіндігінің мөлшері болуы керек пе? Бұл демократиялық қоғамның даму деңгейіне байланысты. Сана еркіндігінің мөлшері соған сәйкес болады.
Сана еркіндігі – тұрақтылық кепілі, қоғамның тұрақтылық эталоны. Егер еркіндік мөлшері қалыпты деңгейден асып кетсе немесе кеміп кетсе қоғамның дамуына кері әсер етеді. Демократиялық үдерістердің, яғни сана еркіндігінің мөлшері қоғамның дамуына, яғни сананың тәрбиеленуіне сәйкес оң бағытта өзгеріп отыруы тиіс. Оны мұқият реттеуші тетік болғаны абзал. Біз сияқты нарықтық-демократиялық даму жолындағы жас мемлекет үшін бұл – қажеттілік.
Сана менталитетке тәуелді. Ол жылдар бойы қалыптасады. Бізге Американың немесе Еуропа демократиясының түпнұсқасын көшіруге болмайды. Оларда ғасырлар бойы демократиялық қоғамның тезінен өткен америкалық сана еркіндігі, қалыптасқан өзіндік менталитеті бар. Оны бізге көшіріп алып келсек, қоғамдағы тұрақтылықты, қалыпты жағдайды бұзуы мүмкін. Біздің кейбір «демократтарымыз» халықтың атынан «Халық шешуі керек», «Халықтың таңдауы болсын» дегендей әңгімелерді көп айтады. Халықты жалау етеді. Бұл сана еркіндігінің қалыпты мөлшеріне әсер ететінін ойламайды. Түптеп келгенде, мұндай әрекеттер тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін екенін ескермейді.
Ол ұрандардың да уақыты бірте-бірте келер. Ал бүгінгі уақыттың өз шындығы бар. Ежелгі Ұлы дала демократиясының негізгі қағидаларына кеңестік саясаттың ықпалы әлі де байқалады. Қазірше регрессивті рушылдық, ұлтшылдық сана басымдыққа ие екені анық. Демократиялық үрдістердің қоғамда дұрыс қалыптасуы, сана еркіндігінің бірте-бірте артуы қоғамның тәрбиелену деңгейіне тікелей байланысты.
Жоғарыда атап өткеніміздей, сана еркіндігі материалдық құндылық пен билікке тәуелді, яғни басқару тетігінің негізгі құралы болып отыр. Қоғамға тиімдісі, әрине, билік тетігі, ал материалдық тетік қоғамды бөлшектеп жіберуі айқын және соның нәтижесінде материалдық құндылық билік тетігіне үстемдік жасау қаупі орнайды да, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келуі әбден мүмкін.
Сонымен қоғамның тұрақты дамуының, әсіресе жас мемлекеттер үшін демократиялық үдерістердің міндетті түрде басқару тетігі болуы шарт және оның билік тарапынан басқарылуы аса маңызды. Ал енді осы демократиялық жағдайлардың Қазақстандағы деңгейі және қоғамның осы үдерістерге әсері немесе оны қалай қабылдауы туралы ой жүгіртетін болсақ, оның оң сипатын аңғарамыз.
Осы орайда елімізде демократиялық үрдістерді жетілдірудің келесі қадамы – ауыл әкімдерінің сайлауы. Бұл құптарлық үдеріс. Келешекте аудан және облыс әкімдерін де сайлап қоюымыз керек. Әкімдерді сайлау мандаты мәслихат депутаттарына берілуі – құптарлық жағдай. Халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланған мәслихат депутаттары көпшіліктің еркін білдіре алады.
Біз халықтың санасы бүгінгі қоғамдағы демократиялық жағдайдағы сайлауға қаншалықты дайын екендігіне ерекше мән беруіміз керек. Бүгінгі мәслихат депутаттарының құрамына назар салайық. Көпшілік өңірлерге тән бір мәселе бар. Депутаттардың басым көпшілігі шағын және орта бизнес өкілдері. Бұл, жоғарыда атап өткеніміздей, сана еркіндігіне материалдық құндылықтың басымдығы әсер етіп отырғанын көрсетеді. Депутаттардың құрамында зиялы қауым өкілдері мүлдем аз, кей жерлерде жоқ деп айтуға болады. Бұл қоғамның дұрыс бағытта дамуына, сананын демократиялық үдерістерге сәйкес қалыптасуына нұқсан келтіреді. Сондықтан болашақта жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлауды партиялық тізіммен өткізгеніміз дұрыс бола ма, деген ой келеді. Зиялы қауым өкілдерін де көбірек қамтуды ойластыратын кезең жетті.
Қазіргі мәслихат депутаттарының басым бөлігі шағын бизнес өкілдері болып отырғандығы демократиялық институттардың дамуына кедергі келтіруде. Сана тәрбиесінде тосқауылдық-кертартпалық әрекеттерге итермелеуде. Сана регрессивті тәрбиеленіп жатыр деуге болады. Мәслихат депутаттарының құрамында руханият өкілдерінің, яғни интеллектуалды топ – дәрігер, мұғалім, өнер-мәдениет қайраткерлері, жазушы-журналистер, заңгерлер, ғалымдар, жастар, мемлекеттік емес ұйымдардың және т.б. өкілдері тым аз болғандығының зияны шаш-етектен. Бұл топ – билік пен халықтың арасын байланыстыратын алтын көпір. Сонымен бірге мемлекеттік қызметке шыңдалған кадрларды даярлау мәселесі де ақсай бастайды деген ой белең алуда.
Ал партиялық тізімді жасақтаушылар бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Таңдау барысында үміткердің тазалығына, қоғамдық деңгейдегі жұмыстарымен елге танылуына көңіл бөлген жөн. Сол сияқты, сауалдамалық ұстанымдарды алға тарта отырып, сараптама жасаған дұрыс. Оны объективті өткізу алгоритмін жасау да аса қиын емес. Яғни сайлау институттары (Сенат, Мәжіліс, мәслихат) арқылы елдегі таза адамдарды билікке жақындату – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі.
Сондай-ақ сайлау жүйесіндегі мәслихаттар институтының бүгінгі таңдағы депутаттардың құрамдық болмысына талдау жасасақ, ойландыратын жағдайлар баршылық. Ол неде? Депутаттық құрамның басым бөлігі, негізінен, қалталы азаматтар. Ал енді сол азаматтардың бірқатары қарапайым ел мүддесінің қорғаушысы немесе қолдаушысы деп толыққанды айту қиын. Бұл мәселелер көп жағдайда тек сайлауалды бағдарламалар деңгейінде ғана қалып отыр. Бүгінгі ақпарат беттеріндегі халықтың әлеуметтік мәселелерінің қайнаған ортасында мәслихат депутаттарының көрінбеуі де біраз жайттың бетін ашатындай. Бүгінгі таңда қарапайым халықтың ділі (менталитеті) қоғамдағы өзгерістерге дайын болмай тұр. Өкінішке қарай материалдық құндылықтарға тәуелділік сана құндылығынан басым. Рулық сананың субъективтіліктің құралы болуы қоғамымыздағы демократиялық институттарымыздың дамуына үлкен кедергі келтіруде. Себебі біз ауыл әкімдерін таңдауды мәслихаттарға берудің қадамдарын жасадық. Ертең аудан, облыс деңгейіне жеткенде бұл үдеріске әсер ету мүмкіндігіміздің шектелу қаупі де жоқ емес. Бұл дегеніміз – жергілікті аймақтардағы ұйымдасқан қылмыстық топтардың ықпалында кетіп қалу қаупін білдіреді. Сондықтан билікте демократиялық институттарды назарда ұстау тетіктерінің болуы өте маңызды. Мәслихаттарда қарапайым халықтан шыққан зиялы қауым өкілдерінің аздығы болашақта түйіткілдер туындатпасына кім кепіл?!
Біз – дамушы қоғамбыз. Олай болса, экстремальды «дағдарыстық» жағдайларға төзімділігімізді қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін мәслихат институттарының қоғаммен өте тығыз қарым-қатынаста болуын қамтамасыз етуіміз керек. Ал енді бүгінгі жағдайда қарапайым халық өкілдерінің депутаттыққа сайлану мүмкіндігі жоқтың қасында. Олардың жоғарыда айтқан бизнесмендер секілді материалдық ресурсы жоқ.
Не істеу керек?
Меніңше, мұндағы мәселені шешудің бір-ақ жолы бар, ол – мәслихат депутаттарын сайлаудың форматын Мәжіліс сайлауындағыдай партиялық тізім арқылы өткізу. Партиялық тізімге енетін азаматтарды таңдау барысында объективті сараптау арқылы турашылдық таныта білсек, бұған партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын қамтамасыз етсек мәселені еңсереміз.
Демократиялық қоғам құрудың басты құндылығының бірі онда өмір сүріп жатқан адамдарды заң талаптары шеңберіндегі сана еркіндігіне тәрбиелеуден басталады. Санамыздың еркіндік мөлшерін демократиялық институттар арқылы тәрбиелейік. Мәңгілік ел идеясымен жаңа дәуірге қарыштай қадам басайық. Тәуелсіз мемлекетіміздің жаһандық демократиялық 30 елдің қатарында болуына атсалысайық.
Талжан РАИМБЕРДИЕВ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ғылым және инновация жөніндегі вице-президенті,
техника ғылымдарының докторы, профессор
Түркістан