«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы ұйымдыстырып, оннан астам мемлекет өкілдері қатысқан симпозиум барысында Мағжан бабамызға көрсетілген зор құрмет ерекше аңғарылып тұрды. Неге дейсіз ғой? Өткен ғасырдың 20-шы жылдары түрік бауырлардың басына түскен қасіретті күндер Мағжанды бейжай қалдырмағаны, оның «Алыстағы бауырыма» деген атақты өлеңін жазып, қаражат жинау ісін ұйымдастырғаны белгілі. Осындай қиын шақта қайғыларын бөліскен Мағжанды бүгінге дейін төбелеріне көтереді. Қазір онда жерлесіміздің атында мектеп, көше, саябақ бар. «Мағжан Жұмабаев жылы» салтанатты жағдайда Анкарада ашылып, Кастамону қаласында жалғасты. Онда ел басшылары, көрнекті тұлғалар, ғалымдар, зерттеушілер сөз алып, ұлы ақынға деген терең сүйіспеншілік сезімдерін жеткізді.
– Зарқын Сыздықұлы, қайраткерлігі, шығармашылығы керемет қуатты Мағжан секілді кесек тұлғаға қатысты құнды мағлұматтарды, тың дүниелерді тауып, кітап етіп шығардыңыз. Мағжан әлі толық зерттелмеген тұңғиық мұхит деген сөзді жиі қайталауыңыздың себебін түсіндіре кетсеңіз?
– Менің бір аңғарғаным, Мағжан 1912 жылы жарық көрген «Шолпан» атты алғашқы өлеңдер жинағынан бастап орыс патшасына да, кеңес өкіметіне де жақпаған. Татарстан мемлекеттік мұрағатының 420-қорында сол кездегі Қазандағы баспаханалардан қазақ және татар тілдерінде басылып шыққан кітаптарға байланысты цензура құжаттары жеке сақтаулы. Қазан университетінің профессоры, тегі хакас, қазақшаға жүйрік, шығыстанушы Николай Катанов бастаған аудармашы топ қазақ тілінде шыққан әрбір кітапты шұқшия тексеріп, орыс мемлекетінің отаршылдық саясатына қарсы-ау деген пікірлер іздеген. Өздері тапқан «қылмысты» деректерді Петерборға, ішкі істер министрлігіне жолдап отырған. Мағжанның «Шолпанынан» «күдікті-ау» деген өлең жолдары мен шумақтарды жолма-жол орысшаға аударып, кейбір сөздердің астарлы мағынасын ашып көрсеткен. Мысалы, Мағжанның «Жатыр...» деген өлеңінен: «Кең жері күннен-күнге құрып жатыр, Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр...» деген екі жолды «Широкая земля (казаха) что ни день, гибнет, А черная змея всю кровь его (казаха) сосет» деп тәржімалаған. Шын мәнінде «Жер кетті, жаның кетті, қам жемедің, Құл болдың қара табан енді малсыз. Қарағым, арыстаным, қайратты ерім, Тұрдың ба қару қылмай, құр амалсыз? деп шырқыраған бозбала ақынның жан дауысы қалың қазақты оятып, тарихтан өзіне лайық орын іздеуге бастағандық еді. «Шолпанның» таралуына тыйым салынып, автордың соңына әкімшілік бақылау қойылған. Кейін кеңес дәуірінде мұның бәрі қара күйе болып жағылды.
– Мемлекет билігін заңсыз басып алған большевиктердің де орыс емес халықтарға жайлы бола қоймайтынын қайран ақын бастапқыда түсіне алмады деген ойыңызды тарқата айтсаңыз?
– Шындығы сол. 1919 жылы Казревком құрылып, 1920 жылы автономия мәртебесі беріліп, қазақтың ұлттық мемлекетінің нышаны байқалғанына Мағжандардың қатты қуанғаны рас. «Кедей сөзі» газетіне «Автономия кімдікі?» деген мақала жазып, «Айлы, күнді, қанды отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. ...Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі»... «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы бұл!»деп жауап береді. Ал «Екіден – бір» деген мақаласын былай аяқтайды: «Қазақ төңкерісті өзі жасаған жоқ. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі үш жылда да теңдікке қолы жетпеген... Отаршылдықтың жарасы әлі жазылмаған» жағдай еді. Мұндай жағдайда «Қазан төңкерісінің нәтижелерін қазақтың мойнына қамытша кигізе салуға болмайды».
– Бұрынғы ескі тәртіптің бәрі теріске шығарылғанмен іс жүзінде сол күйінде қала берді емес пе?
– Сонау Екатеринаның империялық заманында басталған тыңшылық, қудалау, жазықсыз жазалау тәртібі кеңес заманында одан әрі жалғасты. Патша жандармериясының құпия қағаздарын коммунист-чекистер социалистік қоғам жағдайында өз қажетіне пайдаланды. Сол күндердегі жағдайды танып-білу үшін баспасөз деректеріне жүгінейік. Петропавл қаласында орыс тілінде шығып тұрған губерниялық «Мир труда» газетінің бетінде 1922 жылдың 11 маусымында Мағжанның «Сарыарқадағы аштық» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланады. Онда қазіргі қазақ даласы Екатерина заманындағы Сарыарқа емес екендігі, сүрленген жылқы еті тау болып үйіліп, сары қымыз дария болып ағып жатпағаны, аштықтан бұратылған қазақтардың шырқырап жан даусы шығып жатқаны еш бүкпесіз баяндалады.
– Мағжанның өмірбаяны да, шығармашылық жолы да «тар жол, тайғақ кешуге» толы болғандықтан ба асығыс, негізсіз айтылған ұшқары пікірлер мен тұжырымдар жиі кездесіп жатады деген тағы бір уәж айтасыз?
– Мағжанның бағы ма әлде соры ма, әрбір өлеңі назардан тыс қалмаған тәрізді. Сонымен қатар Мағжантану көшінің ұшар басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тұруын жаулары оңтайлы пайдаланған сияқты. «Мағжан қазақ жастары ой-санасының әміршісі» деген сөздерді Смағұл Сәдуақасов айтқан. Мағжан да, Алаштың басқа да көсемдері де өздерінің ұлтшыл екендігін жасырған жоқ.
– Өткен жылдың аяғында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде республикалық «Мағжанға тағзым» экспедициясы облысқа келіп, бірқатар мәнді кездесулер ұйымдастырды. Сонда оның құрамында болған 97 жастағы Абдолла Әбдірахманов ақсақал Мағжанмен Магаданда айдауда бірге болғанына, көргеніне, ақтық сапарға шығарып салғанынына нақты деректер келтірді. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?
– Мен де осы ұстанымды жақтаушылардың бірімін. 1938 жылы ату жазасына кесілді деген үкімді ақтық ақиқат ретінде қабылдауға болмайды. Өтірікке жаны қас Бауыржан Момышұлының Мағжанды көрдім деген естелігін еске түсірейікші. Сол сияқты Хамза Абдуллин, тағы басқа адамдардың айтқандары да шындық ауылына бір қадам жақындай түседі. Экспедиция мүшелерімен кездесудің бірінде облыстың құрметті азаматы Болат Сағындықов ағамыз әкесінің атылғаны жөнінде бір жапырақ қағаз алғанымен, кейін Қарағандыдағы түрмеде өкпе ауруынан көз жұмғаны жайлы ресми дәйектелгенін айтты. Көп адамдарға атылды деген құжат толтырылып, шын мәнінде ұзақ жылдарға сотталғаны, түрлі қара жұмыстарға жегілгені тарихтан белгілі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы