2018 жылғы наурыз айының 15 жұлдызында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор РАХИМОВ Қайролла Дүйсенбайұлының туғанына 70 жыл, ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметіне 46 жыл толады.
Қайролла Рахимов 1948 жылдың 15 наурызында Баянауыл ауданындағы Баянауыл кентінде дүниеге келді. Әкесі Дүйсенбай Рахметов – Ұлы Отан соғысының ардагері, мектептер ұйымдастырып, білім ордаларына басшылық жасаған ұстаз. Соғыста және бейбіт күндердегі ерлік істері үшін бірнеше орден және медальдармен марапатталған. 2016 жылдың 24 қарашасында ел Үкіметінің қаулысымен Баянауыл ауданындағы Ақсан орта мектебіне Дүйсенбай Рахметовтің есімі берілді. Анасы Қапса-қажы Рахимова – ұстаз, тыл еңбеккері, сегіз бала өсіріп, «Күміс алқа» құрмет белгісімен, медальдармен марапатталған.
1966 жылы Баянауыл ауданында С.Торайғыров атындағы қазақ орта мектебін бітірген Қайролла Дүйсенбайұлы асқақ армандарының жетегінде Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түсті. Студент кезінен-ақ жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға араласты. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей оның қабілетін госпитальдік хирургия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор А.Сүлейменов таныды, ғылымға жол көрсетті.
1972 жылы институтты үздік бітірген болашақ ғалым еңбек жолын Алматы қаласындағы орталық қалалық клиникалық ауруханаларда хирург-дәрігер болып бастады. Аз уақытта кәсіби шеберлігін көрсетті, емхана, бөлімшелерде және ауруханалардың шұғыл хирургиясында жұмыс істей жүріп, хирург көмекшісінен жеке өзі ота жасайтын хирург деңгейіне көтерілді.
Хирургиялық тәжірибеде қатерлі ісіктерді емдеуде медицинаның әлсіздігімен бетпе-бет келген жас хирург онкофармакология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, науқастардың өмірін сақтап қалуды өз алдына мақсат етіп қойды. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қатерлі ісіктердің тәжірибелік химиялық терапия зертханасының аспирантурасында оқып жүргенде фармаколог ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор О.Кабиевтің жетекшілігімен Қайролла Дүйсенбайұлы жануарларға зертханалық ғылыми тәжірибелер жасады. Кезінде қол жеткізген хирургиялық дағдылары жас ғалымға жануарларға ғылыми тәжірибе жасауды тез меңгеруге көмектесті. Ғылыми зерттеулер барысында дәрілік препараттарды, олардың мөлшерін өсіре отырып, химиотерапияның жаңа комбинациясының ұтымды түрінің тиімді кешенін жасады.
Қ.Рахимовтың ғылыми қызметі Қазақстанда жаңа ғылыми бағыт – инновациялық табиғи заттар химиясы, фито және онкофармакологияның қалыптасуы, дамуы кезеңімен сәйкес келді. 166 отандық жаңа табиғи препаратты және олардың түрлендірілген өнімдерін фармакологиялық тұрғыдан зерттеді. Клиникаға дейінгі және клиникалық тәжірибелерден кейін 15 инновациялық отандық бірегей фитопрепарат денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізілді. Оның фармакологиялық, клиникаға дейінгі зерттеу жұмыстары ісікке қарсы басқа жаңа препараттарға арналған.
1991-1996 жж. Қ. Рахимов С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университеті фармакология кафедрасының аға оқытушысынан профессор дәрежесіне дейін жетті.
Ұйымдастыру жұмыстары мен педагогика саласын қатар алып жүріп, өз білгірлігі мен қабілеттілігінің және өз ісіне берілгендігінің арқасында ғалым еліміздің үш бірдей жоғары медициналық университеттерінің жалпы және клиникалық фармакология кафедраларын алғаш ұйымдастырып, оның бірінші меңгерушісі болды. Атап айтар болсақ, 2000-2013 жылдар аралығында Қазақ медицина институты (қазіргі Қазақстан-Ресей медициналық университеті) жалпы және клиникалық фармакология, ал 2005 жылы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің клиникалық фармакология, денсаулық сақтау технологияларын бағалау және дәлелді медицина кафедраларының негізін қалап, оның алғашқы меңгерушісі болды. 2018 жылдан бастап С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушісі.
Осы жылдар ішінде оқу үдерісіне білім берудің жаңа үлгілерін енгізуге және университеттік ғылымды дамытуға назар аударып, жоғары білікті мамандар дайындауға белсенді түрде қатысты.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп дана халқымыз айтқанындай, Қайролла Дүйсенбайұлының шәкірт тәрбиелеуде де орны ерекше. Шәкірттері еліміздің іргелі және қолданбалы ғылымын дамытуға өз үлестерін қосуда, педагогика, ұйымдастыру, басшылық қызметтерде жұмыс жасауда. Солардың ішінде шәкірті Талғат Сейітжанұлы Нұрғожин – С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор. PhD докторы Ақнұр Аманбекқызы Тұрғұмбаева – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері және «Ең жас өнертапқыш», «Ең жас ғалым» номинацияларының, Мемлекеттік ғылыми стипендияның жеңімпазы. Айнұр Маратқызы Жұмақаева қатерлі ісікке қарсы отандық табиғи инновациялық «Арглабин» препаратын генетика тұрғысынан зерттеуде және т.б. шәкірттері беделді қызметтерді атқаруда.
1993 жылдан 2003 жылға дейін Қ.Рахимов Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік фармакология комитетінің бірінші төрағасы болды. Академик Қ.Рахимовтың жетекшілігімен Денсаулық сақтау министрлігінің Фармакология комитеті халықаралық жүйе және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы талаптары бойынша отандық және шетелдік дәрілік заттарды Қазақстанда тіркеу бойынша ТМД-да жетекші сараптау орталықтарының біріне айналды. Қазақстанда алғаш рет Қ.Рахимовтың басшылығымен Мемлекеттік тізілімінің жыл сайынғы мерзімдік басылымын, отандық және шетелдік дәрілік құралдар: клиникаға дейінгі және клиникалық апробация бойынша негізгі материалдар жинағын жарыққа шығару жолға қойылды.
2006 жылы Қ.Рахимов өзі қайта ұйымдастырған Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық зерттеулер орталығы жанындағы Биологиялық бақылау, сертификаттау және клиника алдындағы зерттеулер орталық зертханасының директоры болып тағайындалды.
Қ.Рахимов 2007-2013 жылдар аралығында Денсаулық сақтау министрлігінің бас фармакологы ретінде ұйымдастыру жұмыстарының көшбасшы екенін тағы да дәлелдеді.
Қаз КСР Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты комсомол комитетінің хатшысы (1978-1987), Алматы облысы жас ғалымдары және маман-дәрігерлері кеңесі төрағасының орынбасары (1988-1991) болды. Ол 1995 жылдан бастап ҚР Дәрігерлері мен провизорлары ассоциациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасындағы Фармакологтар және фармацевттер ассоциациясының президенті.
2001 жылдан бері денсаулық және фармакология саласына қатысты газет-журналдардың, халықаралық редакциялық кеңестің, республикалық ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Бішкек қаласындағы докторлық (кандидаттық) диссертация қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңестің мүшесі болды.
Ғалым Фармакология институты мен Назарбаев университетінің (Астана қ.) ғалымдарымен бірге жаңа ғылыми-техникалық бағдарлама жасауда.
Қарағанды қаласындағы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің ғалымдарымен бірге қатерлі ісікке қарсы отандық жаңа табиғи препаратты 25 жылдан аса іздестіру жүргізілуде және әрі қарай фармакогенетика тұрғысынан ғылыми зерттеулер жалғастырылуда. Аталмыш мекеменің фармакология зертханасының бас ғылыми маманы ретінде гранттық жобаларға, бағдарламаларға қатысады. 2017 жылы Білім және ғылым министрлігіне «Жаңа фитопрепараттарды жасау және оларды фармакологиялық және клиникалық зерттеу» және «Терпеноид молекулаларын фармакогенетикалық зерттеу және олардың молекулалық-генетикалық әрекет ету механизмдері» тақырыптары бойынша бірлескен гранттық жобаларға берілген өтінімдері бюджеттік қаржыландыруға оң шешімін тапты (2018 ж.).
Эндемикалық өсімдік – тықыр жусаннан бөлінген бір аттас сесквитерпенді гамма-лактоннан алынған қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» препараты жасалды.
Қ.Рахимов ғылымға деген шексіз сүйіспеншілігі мен қайраткерлігінің арқасында ғылым жолының кез келген қиындығына төзе білді. Қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» препаратын фармакологиялық және клиникалық тұрғыдан кешенді зерттеді, препараттың түрлі жаңа дәрілік үлгілерін клиникалық зерттеу барысында «Арглабин» қатерлі ісіктер мен олардың метастаздарын емдеу кезінде емдік және алдын алу құралы ретінде ұсынылды. Осылайша, жаңа қатерлі ісікке қарсы фитопрепарат Қазақстанда обыр ауруларымен күресуде үлкен жетістік болды.
2007 жылдың 3 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың №451 Жарлығымен Қ. Рахимовқа «Қазақстанда табиғи сесквитерпенді лактондар химиясы бойынша зерттеулерді дамыту, солардың негізінде жаңа дәрілік заттар іздестіру мен жасау, бірегей отандық фитопрепараттар өндірісін ұйымдастыру» атты ғылыми еңбегі үшін жоғары марапат – Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Қ. Рахимовтың жасаған еңбектеріне сай марапаттары да аз емес. «Алтын дәрігер» құрметті атағы, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің тапсырылуы, Баянауыл ауданының құрметті азаматы, Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі – академигі болып сайлануы, Павлодар облысының құрметті азаматы атағының берілуі қажырлы еңбегінің лайықты жемістері деп білеміз.
Академик Қ. Рахимов – ғылыммен қатар педагогика саласында, яғни, шәкірт тәрбиелеуде де білікті ұстаз. Оның фитофармакологиядан, фармакологиядан және клиникалық фармакологиядан қазақ тілінде жазған оқулықтары еліміздің медициналық университеттерінде оқу құралы ретінде оқытылуда.
Қайролла Дүйсенбайұлы Рахимов – ірі ғалым, талантты педагог, отандық фитопрепараттардың дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан фитофармакология саласы бойынша қазақстандық ғылыми мектептің негізін қалаушы.
Ол – сирек кездесетін ақыл иесі. Ұйымдастырушылық қабілеті зор жан. Еңбекқор, мақсатқа талпынушылықта қажырлы күш-жігер таныта білуімен, белсенді өмірлік бағдары бар, сондай-ақ адалдық пен жауапкершілікті сезіне білу секілді қасиеттерімен ерекшеленеді. Осы керемет адами қасиеттер әріптестері мен шәкірттерінің арасында оған деген зор құрметі мен ілтипатына жол ашты.
Қайролла Дүйсенбайұлы заманауи өркениеттің талабына сай қоғамның денсаулығын арттыру ісінің өзекті мәселелерін көтере білген әрі оны шешудің оңтайлы жолдарын ғылыми жүйелеген ғалым екендігі шынайы ақиқат. Ендеше, Қайролла Дүйсенбайұлына ұлт мүддесі үшін төгілген маңдай тердің өтеуін бүгінгі өзі баулып, тәрбиелеген білікті мамандары әрі әулеттен өрбіген ұрпақтарының келешек өмірінен көруді жазсын деп тілейміз. Деніне саулық, отбасына ынтымақ, береке берсін!
Серғазы ӘДЕКЕНОВ,
«Фитохимия» халықаралық ғылыми-
өндірістік холдингінің басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор