Бүгінде еліміздің білім беру саласында көптеген жаңашылдықтар орын алып, оған мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Рухани болашақты негіздеуші тұлға ретінде саналатын ұстаздар қауымына құрмет жоғары. Дей тұрғанмен, бүгінде мұғалім мәртебесі туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Еліміздің әрбір облыс, аудан, ауылдарындағы түрлі деңгейдегі білім ошақтары ұрпақ тәрбиелеуде, саналы азамат қалыптастыруда қал-қадірінше еңбек етіп жатқанымен, орайлы сәтінде олардың мәселелері де айтылмай қалмайды. Бүгінде мұғалім мен ата-ана, мұғалім мен оқушы, тіпті мұғалім мен мұғалім арасындағы қарым-қатынастың да көп жағдайда күрделеніп бара жатқанын аңғару қиын емес. Кейде әділдік іздеген ұстаздың жанайқайы, араша сұраған ата-ананың тілегі сияқты дүниелерді де баспасөз беттерінен ұшыратып қаламыз. Сондықтан қарапайым халық үшін кейде мұғалім мәртебесінің төмендеп бара жатқандай болып көрінетіні де рас.
Жуырда Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы мектептің сызу, сурет, еңбек пәнінің мұғалімі Нұрила Мұражанованың редакциямызға жолдаған хатымен таныстық. Хатында мұғалім аталған мектеп директоры Салтанат Жігітековадан және оның орынбасарлары Нәзира Қарағұлова, Айгүл Бақытжановадан қысым көріп келе жатқанын айтып, әділдік іздейтінін жеткізіпті. 2002 жылдан бері сол білім ошағында қызмет атқарып келе жатқан Нұрила Мұражанова соңғы үш-төрт жыл көлемінде мектепте ақша жинау әдетке айналғанын, сағатының қысқартылғанын, заңсыз сөгіс алғанын, сонымен қатар басшылықтың оқушылардың алдында беделін түсіргенін айтыпты. Расында да ел іші болған соң түрлі мәселелер болып тұрады. Кейбір азаматтар шындық іздеп шарқ ұрғанымен, бәрібір оған жете алмай күйзеліске түседі. Сөйтіп редакцияға жолданған хат бойынша Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы мектепке арнайы барып, шағымданушымен сұхбаттастық. Әңгіме ауанынан байқағанымыздай, мұғалімнің мектеп басшылығына тағатын кінәсі көп екен. Әрі неше жылдан бері бұл мәселенің түйіні тарқамай келе жатқанын да айтты.
– Мен үш жыл болды, мектеп директоры Салтанат Жігітековадан қысым көріп келемін. Директор болғанына 16 жыл болды, мектепті өзінің жекеменшігіне айналдырып алған. Жазбаған жерім қалмады. 2015 жылы директордың орынбасары Айгүл Бақытжанова «шілде айында тексеріс келіп кетті. Әр мұғалім 3000 теңгеден жинайсыңдар» деді. Жағдайым жоқ болған соң бермедім. Одан бөлек 500 теңгелеп, 2000 теңгелеп ақша жинай береді. Тіпті мектепте құдайы тамақ беру үшін 2500 теңгеден жинайды. Ақша бермесең, оқушылардың алдында ұрсып, беделіңді түсіреді. Ақша жинағаннан шаршадым. Содан олар сабағыма қайта-қайта кіріп, тыныштық бермеді. Сол 2015 жылы 14 қазан күні директордың орынбасары Нәзира Қарағұлова сабағымның ортасында кабинетке кіріп келіп, оқушыларға менің жұмыстан босатылғанымды айтып, кабинеттен шығып кетулерін бұйырды. Содан бірден ұялы телефонымды қосып, ол кісіден қайталап айтуын сұрап едім, оқушылардың көзінше мені ұрып-соғып, телефонымды сындырды. Бұл оқиға сол кездегі 9 «А» сынып оқушыларының көзінше болған оқиға. Сол күні сағат 14.00 шамасында ауруханаға барып, дәрігерлердің алғашқы көмегін алдым, – дейді ол.
Шағымданушының айтуынша, директор С.Жігітекова сол күні оқушылардан мұғалім өзін-өзі жарақаттады деп жаздырып алған да, сабақтарын кілең бестікке көтеріп, істі жауып тастаған. Бірақ мұғалім қысым мұнымен тоқтамағанын айтады. «Арада бір апта өткенде 9-сыныпта оқитын қызым үйге жылап келіп, енді сабаққа бармайтынын айтты. Сөйтсем, Нәзира Қарағұлова бүкіл оқушының көзінше қызыма «Сенің шешеңнің есі дұрыс емес. Әділдік іздеп жүр өзінше, бірақ оны ешкім де тыңдамайды» депті. Мұны естіп қан қысымым көтерілді. Ал 2017 жылы 17 наурыз күні ауған соғысының ардагері Дәурен Нұралиев «баламды ұрып-соқтың, әр оқушыдан күн сайын 400 теңгеден ақша жинайды екенсің» деп жала жауып, сотқа берді. Мен бала ұрған емеспін. Сол күні кешке полиция қызметкері Темірхан Жананбаев үйге келді. Балалардан ақша сұрағаным бейнетаспаға түсірілген деп еді, онысы монтаж болып шықты. Ал Дәурен Нұралиевті директор енді ата-аналар комитетінің төрағасы етіп сайлап қойды», дейді Нұрила Мұражанова.
Иә, ағартушылықпен айналысатын мәртебелі мамандық иелерінің арасындағы бұл дау-дамай бір ғана білім ошағының мәселесі болып көрінгенмен, бәрібір ұстаз деген ұлағатты атқа абырой әпере қоймайды. Дей тұрсақ та, мұғалімнің уәжін тыңдап болған соң, істің ақ-қарасын зерделемек ниетпен мектеп басшылығына да жолықтық. Бұл орайда мектеп директоры С.Жігітекова мұғалім шағымының бәрі негізсіз жала екенін айтты.
– Бұл кісіге ешкім сын айтпау керек. Мәселен, бізге мұғалімдердің біліктілігін қадағалау мақсатында аудандық білім бөлімі сабақтарға қатысып тұруды міндеттейді. Қазір Нұрила Мұражановадан сабақ алып жүрген 5-7 сынып оқушылары жаңа бағдарлама бойынша білім алуда. Енді мекеме басшысы ретінде менің мұғалімдердің сабағына бір мезгіл қатысуыма болмай ма? Ол кісінің сабағына мен кірсем де, орынбасарларым кірсе де «Сендер кімсіңдер?» деп дүрсе қоя береді. Бірдеңе айта бастасақ, ұялы телефонын қоса салып, түсіре бастайды. Өзіміз ұрпақты тәрбиелеп жүріп, осындай тірліктермен айналыссақ, ұят емес пе. Ақша жинады дегені де өтірік. Дәлелдеп берсін. Рас, кейде өмір болған соң ұжымдастардың отбасында қуаныш, өлім-жітім сияқты жағдайлар болып тұрады. Бірақ ол ешқайсысына қосылмайды. Тіпті мұғалім ретінде қоғам тынысын бақылап отыру үшін газеттерге де жазылмайды. Бір кезде Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында су тасқыны болып, халық зардап шекті. Сонда елдің бәрі бір күндік жалақыларын көмек ретінде аударған соң, біз де ұжыммен көмектесейік деп шешкенбіз. Бірақ Мұражанова оған да қосылмай қойды, – дейді директор.
Расында да, мұндай жағдайда ешкімнің де өзін кінәлілер қатарына жатқыза қоймасы анық. Бірақ мектеп басшылығы шағымданушының шағымында ешбір дәлел жоқтығын айтады. Тіпті соңғы үш-төрт жылдан бері бұл әңгіме аудан түгілі, облыстан асып республикаға дейін жеткен екен. Білім және ғылым министрлігінен сол уақытта облыстық білім басқармасына бұл мәселені анықтауды тапсырған хат та келіпті. Құзырлы органдардан да тексерулер болған. Алайда заң бұзушылықтың орын алғаны анықталмады. Мұғалімнің өзін жарақаттады деп айыптаған директордың орынбасары Нәзира Қарағұлованың да жауабын алдық.
– Бұл кісі бізден сабағына кірмеуімізді талап етеді. Мейлі, оны да орындадық. Бәрібір кірген кезімізде де балағаттап қуып шығатын. Өз басым міне үш жыл болды, Мұражанованың сабағына кірген емеспін. Қазір еліміздің жаңа білім беру жүйесіне көшкені белгілі. Ал бұл кісінің бізді сабағына кіргізгісі келмейтін себебі, кәсіби біліктілігі төмен. Мұндай жағдайда, әрине сын айтылады ғой. Ол сынды жақтырмайды. Жыл сайын қайта сағаты өсіп жатыр. Міне, төртінші жылға кетті, соттасудан көз ашпай келеміз. Кейде біз жұмыс істеуіміз керек па, әлде соттаса беруіміз керек пе деп ойлаймын. Содан кейінгі айтарым, барлық орындарға жазған хаттарында өзін ұялы телефонмен ұрып жарақаттағанымды айтады. Бұл болмаған нәрсе. Талай рет құзырлы органдар келіп тексерді. Ештеңе тапқан жоқ. Шағымданушының арманы – сынып жетекшілігін алу. Кезінде оны да атқарған. Бірақ балалардың өзі бас тартып отырса, біз не істейміз? – дейді ол.
Нұрила Мұражанованың мектеп басшылығына тағатын тағы бір кінәсі – сағатының қысқартылуы мен себепсіз берілген сөгіс. Күйеуі қысқарту салдарынан жұмыссыз қалып, ұлы мен қызын жоғары оқу орнында жалғыз өзі оқытып жатқан мұғалімнің уәжі бастапқыда орынды көрінгендей болғанымен, мектеп директоры оның сағатының қысқартылмағанын айтты. «Біріншіден, мен директор ретінде мұғалімдерге сағат бөлмеймін. Жалақыны да аудандық білім бөлімі арқылы орталықтандырылған бухгалтерия арқылы аламыз. Ал сағат бөлетін методикалық кабинеттің басшысы Қымбат Қыпшақбаеваға әр мұғалімнің тұрмыстық жағдайына қарап отыру керек екенін айтып келемін. Ал сөгіс аудандық білім бөлімінің шешімі негізінде берілді. Себебі тексеріп келген кезде Нұрила Мұражанованың сабағына олар қанағаттанбаған. Осының бәрін ол менен көреді. Талай тексеріс келді, мен де сол үшін психологиялық соққы алдым. Одан кейін бізге «Сендер ақша бергендердің сабағын ғана мақтайсыңдар. Мен ақша бермеймін, сол үшін жаманмын» деп жала жабады. Кім кімнен ақша алды? Дәлел жоқ. Айта берсе, ұят. Бірақ мен ешкімге жамандық ойламаймын. Міне, осы мектептің директоры болғаныма 14 жыл болды. Егер ниетім дұрыс болмаса, баяғыда-ақ жұмыстан босатып жіберетін едім. Осы әрекеті үшін ұжым қызметкерлері талай рет арыз жазамыз дегенде, оларды мен тоқтатып едім. Егер жаман адам болсам, осы уақытқа дейін менің үстімнен де талай арыз жазылатын еді ғой», дейді Салтанат Жігітекова.
Ал Нұрила Мұражанованың өзінің айтуынша, оған 20 сағат бөлінген. Ай сайын сол үшін жүз мың теңге айлық алады. Ендігі ойы – 20 сағатты 25 сағатқа көбейту екен. Сөйтіп, директор мен мұғалімнің арасындағы сағызша созылған дау әлі де тынышталмай келеді. Алайда Жамбыл аудандық сотының шешіміне қанағаттанбаған Нұрила Мұражанова Жамбыл облыстық сотына шағымданған. Жуырда Тараз қаласында облыстық сот өтіп, мұнда да шағымданушының шағымы қанағаттандырылмады.
Ю.Гагарин атындағы мектептің жаңа ғимараты бес жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде білім ошағында 89 мұғалім жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін білім сапасы жөнінен бұл мектеп алғашқы бестікте болды. Жыл сайын білім ошағы білім беру саласы бойынша мақтау қағаздары мен алғыс хаттарын алып отырған. Енді мектеп директоры Салтанат Жігітекова Нұрила Мұражанованың арызы арқасында бүкіл елге әйгілі болып, мектептің беделінің түсіп отырғанын қынжылыспен жеткізді.
Екі тараптың айтар уәжі – осы. Қалай болғанда да, құрметті мамандық иелерінің бұл текетіресі ойландырмай қоймайды. Бірі құқығым тапталды, шындық іздеймін деп шырылдаса, енді бірі қолымыздан келгеннің бәрін жасап бағудамыз, енді не істейміз деп жауап қатады. Басталғанына төрт жылға аяқ басқан дау-дамайдың енді қанша уақытқа созылатыны белгісіз...
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы