Қай-қайсысы болсын, өздері ойлап тапқан «жаңашыл бастамаларды» толық дайындықсыз бастап жібереді. Жұмсалған бюджет қаржысын есептеудің өзі оңайға түспейтін шығар? Өрелі өзгерістердің өріс алуына ұстаздар қауымы да мүдделі. Бірақ асығыстықтың салдарынан жапа шегетін тағы біз. Жаңа бағдарламалар мен оқу және оқыту құралдарын талқылауға уақыт тым аз бөлінетіндіктен, талдамақ түгілі танысып та үлгермейтін жайттар жиі кездеседі. Бұрын бағдарлама, оқулықтар, қанатқақты жобалар әбден иіні қанып, сүзгіден өткен соң ғана оқу орындарына жаппай енгізілетін. Осы жақсы үрдістен көз жазып қалдық. Жергілікті жерлердің ұсыныс-пікірлері ескерілмесе, сараптама не үшін жасалады деген сауал туады. Обалы не керек, 1, 2, 5 және 7-сыныптардың жаңартылған бағдарламасына біршама әзірліктермен келгені қуантады. Алдын ала Назарбаев зияткерлік мектептерінде сынақтан өткізіліп, мұғалімдердің елеулі бөлігі арнайы курстарда білімдерін жетілдіріп, кешенді шаралардың атқарылғанын атап өткен жөн. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да қомақты қаржы жұмсалды.
Дегенмен, қанша айтылса да көңілге кірбің түсіретін «әттеген-ай» тұстар әлі де ескерілмей келеді. Бірінші кезекте ұлттық білім ошақтарында қазақ тілі сабағын оқыту шет тілі әдістемесі тәжірибесіне негізделгенін айтпасқа болмайды. Бұрын тілдік материалдар тіл білімінің салалары мен тараулары бойынша жүйеленіп, тереңірек игерілетін. Жаңа оқулықтарда осы жүйені сақтауға тырысқанымен теориялық материалдарға қатысы жоқ мәтіндер кіріп кеткен. Мәселен, 5-сынып бағдарламасындағы 10-шы бөлім «Мәдениет: тіл және қарым-қатынас», «Киіну. Сән. Талғам» деп аталады. Бір сабақ лексикалық және грамматикалық материалдарды қамтитындықтан, оқушы екі бағытта жұмыс жүргізуге мәжбүр. Сондай-ақ қабылдауға жеңіл, түсінікті болу үшін назар белгілі бір мәселеге аударылып, ұғындырылатын. Ал қазір бір-бірімен қабыспайтын кереғар материалдар оқушының ұғымын ауырлатып, ойын шашыратып жіберетінін тәжірибеден көріп жүрміз.
Иә, жаңа оқулық мұғалім еңбегін жеңілдету үшін әр сабақтың тақырыбын ғана емес, сол сабақта алға қойылатын мақсатты да нақтылап көрсетіп берген. «Ұлттық киім. Қазақ әліпбиі» сабағында 40 минут ішінде ұлттық киім түрлерімен, бас әріптің жазылу ережелерімен, қазақ әліпбиінің тарихымен таныстырып, әліпбиді білудің маңыздылығын түсіндіру талабы қойылған. Бас әріп емлесін меңгеруге арналған оқулық материалында «қазақ жазуында бас әріппен жазу латын әліпбиіне көшкеннен кейін пайда болды. Кісі есімдері, жер-су атаулары, газет-журнал мен кітап аттары бас әріппен жазылады», делінген. Жаңылтпаш іспеттес орашолақ құрылған сөйлемдер баланың білімін жетілдірмесі анық. Оқулықтың осы сабаққа арналған төртінші бетінде («Қазақ тілі» жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына арналған оқулық. «Мектеп» баспасы, 2017 жыл, 28-31-беттер) бас әріптің емлесіне байланысты бір ғана тапсырма берілген. Мәтіндегі бас әріппен жазылған сөздерді әліпби тәртібімен көшіріп жазатын сөздер алтау ғана. Демек, біз оқушыны белгілі тілдік материалдарды меңгертуге емес, соның атауын жаттатуға тырысумен ғана шектелеміз деген сөз. Аталған оқулықтағы барлық материалдарға осындай кемшіліктер тән деуден аулақпын. Бірақ оқулықтарда олқылықтардың орын алуының әлі күнге дейін түзетілмей келе жатқаны таңдандырады.
Оқушыны халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті тұлға ретінде тәрбиелеу барысында жүзеге асырылатын айтылым, оқылым мен жазылым сынды дағдылардың бірі – тыңдалым үшін арнайы дискілер қарастырылған. Басшылыққа алуға міндетті аудиодискілер менің қолыма алғашқы оқу тоқсанының соңғы күні ғана тиді. Соның салдарынан оқулық пен бағдарлама материалдарын толық игеруге еш мүмкіндік болмады. Неге екені белгісіз, облыс орталығындағы кітап дүкендерінде оқулық пен диск бірге сатылады. «ASTEL» компаниясы орнатқан интернет желісінің жұмысына да өкпеміз қара қазандай. Себебі аядай ғимараттың шамалы бөлігін ғана қамтиды. Кең жолақты деген дардай аты болғанына қарамастан, жылдамдығы қойшының қанша қамшыласа да шабан жүрісінен танбайтын қотыр атының мимырт жүрісі сияқты. Бүгінгідей технологияның дамыған заманында оны айтудың өзі ұят. Бұдан кейін оқушы қандай сапалы білім алып шығады? Оқулықта сабақта пайдалану үшін интернеттен алуға болатын материалдардың тізімі ғана емес, нақты сайттарға сілтемелер де берілгенімен ол мүмкіндікті пайдалануға қауқарсызбыз.
Бала туу көрсеткішінің төмендеп, демографиялық ахуалдың күрделенуіне, ауылдықтардың қалалы жерлерге жаппай көшуіне білім сапасының талапқа сай еместігін қоссақ, онсыз да оқушы саны азайып бара жатқан мектебіміздің бұлыңғыр болашағы үлкен уайым болып отырған жайы бар. Сондықтан ұлттық тіліміздің, дәстүріміздің, мәдениетіміздің қайнар көзі саналатын елді мекендерді сақтап қалудың барлық жағдайын қарастырмай болмайды. Оның ішінде білімнің алтын ошағы – мектептің орны өлшеусіз.
Қалижан ТӘШКЕНОВ,
Мектеп ауылы мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы