Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонмен кездесуінің күн тәртібіндегі келіссөздер қорытындысында Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесін қабылдау жоспарланған. Мұнан бөлек, үкіметаралық үш келісімді рәсімдеу де көзделіп отыр. Аталған құжаттардың барлығы да көші-қон мәселелеріне, бір елдің азаматының екінші елге келу тәртібіне қатысты болмақ. Бұған дейін Ақорданың баспасөз қызметі 14 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келетіндігін, сапар аясында мемлекет басшылары күн тәртібіндегі екіжақты, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді талқылайтындығын хабарлаған еді.