Қазақстан • 15 Наурыз, 2018

Цифрландыру адами факторды азайтады

476 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында қойылған он міндеттің ең алдыңғы бөлігінде жаңа технологияларды енгізу арқылы индустрияландыру деңгейін көтеру міндеті тұр. Бұл міндет, ең алдымен, ел экономикасын цифр­ландыру арқылы жүзеге асырылмақ.


Цифрландыру адами факторды азайтады

Бұрын беттесіп көрмеген бұл жаңа үрдіс ел өңірлеріне де тың міндеттер жүктейді. Осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің Ақтөбе облысына сапарының басты мақсаты – «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасына сәйкес өңірде қолға алынған істермен танысу болғанын айта кеткен жөн.

Бірден айтарымыз, өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы өндірісінде бұл істің алғашқы аяқ алысы тәп-тәуір. Мәселен өңір аумағындағы «Айс» ЖШС тауарлы-сүт фер­масының қызметімен танысу ба­рысында Асқар Қуанышұлы мұнда өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынарлықтай цифрландыру ісінің оң мысалдары мол екеніне көзін айқын жеткізді. Мұндағы агроөнеркәсіптік үдерістер то­лы­ғымен автоматтандырылған. Сон­дай-ақ ірі агроқұрылымда цифрлан­дыру үдерістерінің тиімді­лігі қазірдің өзінде алғашқы нәти­жесін беруде. Бұған дәлел, бір сиырдан күніне орташа есеппен 25-30 литр сүт сауылады. Күніне 40-45 литрге дейін сүт беретін сиыр­лар да бар. Цифрландыру бағыт­талған бастамалар суармалы егіс­тік өнімділігін бес есеге дейін арт­тыруға мүмкіндік беріп отыр.

Айталық, бұған дейін мал азы­ғына қажетті жүгері сүрлемінің әр гектарынан алынған өнім 100 центнерден аспаса, бүгінде оның мөлшері 480 центнерді құрайды. «Айс» ЖШС жаңа технологиялық желілер еңбек өнімділігін бірнеше есе көтеруге, аналық сиырлардың жай-күйін толықтай бақылауға алуға мүмкіндік береді. Алдағы кезде аймақта «Айс» тауарлы-сүт фермасы үлгісінде тағы да 31 ша­руа­шылық құрылмақ.

Асқар Жұмағалиев бұл  үде­ріс­терге оң бағасын бере келіп, цифрлы технологияны енгіз­бейінше бір де бір шағын, орта және ірі бизнестің өрісі кеңейе қой­май­тынын атап көрсетті. Сон­дай-ақ өңірде кәсіпорындарды жаң­ғыр­ту мен цифрландыруға және авто­маттандыруға бағытталған бағ­дарламалар да оң нәтижесін бере бастағаны белгілі болып отыр. Әрі осы арқылы өнімдерді экс­портқа шығаруға жаңа мүмкін­діктер ашылған. Оның жарқын мысалының бірі Ақтөбе рельс арқалығы зауыты болып табылады.

Әрине осыған қарап өңірде жаңа ақпараттық технология­ларды енгізу мәселесінде еш­қан­дай кедергілер мен пробле­малар жоқ деуге болмайды. Әсі­ресе өңірдегі білім беру мен ден­сау­лық сақтау салаларында бұл істе бірқатар кідірістердің орын алып отырғаны ешкімге де құпия емес. Мұндағы бірінші мәселе интернет желісі жылдамдығы тө­мендігінен туындайды. Тіпті мұны айтпағанда, интернет жүйесінен мүлдем тыс қалып отырған шалғайдағы елді мекендер де бар. Талшықты оптикалық желінің жетіспеуі де біраз қол­бай­лау туғызуда.

Осы мәселелер жөнінде айтып берген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұсыныс-тілектеріне орай Асқар Жұмағалиев өңір­дің барлық елді мекендеріне кеңжолақты интернет желісін спут­никтік қондырғылар арқылы жет­кізуге Үкімет тарапынан қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Қазіргі күні өңір экономикасы мен әлеу­меттік саласын цифрландыру ісінде облыста кең ауқымды бағ­дар­ламалар жасалып, соған сай кешенді іс-шаралар қолға алынған. Бұл жөнінде Асқар Жұмағалиевке облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов мәлімдеді.

Вице-премьер сапар қоры­тындысында, тұтастай алғанда Ақтөбе облысындағы цифрландыру мәселесі бойынша Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттер деңгейінде шешімін тауып келе жатқаны жөнінде түйін жасады. 14 нау­рыз еліміздің Батыс өңірлерінде жылдың басы деп саналып, Көрісу күні аталып өтетініне орай ол барша ақтөбеліктерді осы атаулы күнмен құттықтады.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ