Алайда уақыт сынынан өту бәріне бірдей оңайға түспей тұр. Мысалы, елуден астам дәрі-дәрмек түрі шығарылады деген фармацевтикалық зауытты алайық. Мұндай үлкен кәсіпорын посткеңестік елдерде бұрын-соңды болмаған деп, жобаға сенім артқан едік. Амал не, орта жолға келгенде зауыт құрылысы тоқтап қалды. Жарғылық капиталдың 3 пайызы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына, 97 пайызы зауыт иелеріне тиесілі болатын. «Атырау» ӘКК өз кезегінде 800 млн теңге қарыз берді. Бастапқыда жобалауға байланысты проблемалар болыпты, кейін зауыттың басқарушы компаниясы қаржыны мақсатсыз жұмсағаны анықталған. Зауыт шығынның орнын толтырды дегенмен, жұмыстың алдағы бағыты дүдәмал күйде. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпанов осы тектес жайттарды ашып айтты. – Жоба бастамашылары барлық мүмкіндікті қарастырамыз дегенмен, қазір зауыттың қаржылық ахуалы қиын, – деді ол.
«ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында оптикалық-талшықты кабель зауыты жобасын қолға алған еді. Мұндай өндіріс орны біздің елде екеу ғана, бірі – Қостанайда, екіншісі – Атырауда. Зауыт жұмыс істеп тұр, бірақ өнімді «Қазақтелеком» АҚ қана алады. Басқа аса қажеттілік жоқ. Осыны ескерген жергілікті атқарушы билік мыс кабель шығаруды ұсынды. Бұл жерде бір атап өтерлік жайт, көптеген компания менеджмент қағидаларын қаперге ала бермейді. Жап-жақсы жобалардың орта жолда тұралап қалуына о баста өнімді өткізу, шикізатпен қамту, баға саясаты секілді маңызды мәселелерді ескермеу себеп болып отыр. Мұны облыс әкімінің бірінші орынбасары да жоққа шығармады.
Бәсекелестердің мүмкіндіктерін ескермеудің ақыры жақсылыққа әкелмейді. Мысалы, «Шеврон» компаниясының ілмекті арматура зауыты шығаратын өнімдердің нарықтағы құны жоғары. Басқа өндірушілер бұдан әлдеқайда арзанға ұсынғасын, сұраныс та аз.
– Біз зауыт басшылығымен бірнеше рет кездесіп, бұл жағдайдан шығудың жолдарын қарастырдық. Бірақ мемлекеттік тапсырыс аясында да заңнан аттап кете алмаймыз, – дейді С.Лұқпанов.
Мемлекеттің қыруар қаржысын шығындап қолға алынған жұмыстардың жарты жолда жүзеге аспай қалуы, әрине өкінішті. Ел сенім артқан инновациялық жобалар әлі де болса оңалып кетер деген үміт басым.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ