Тарих • 17 Наурыз, 2018

Павлодарға Мәшһүр Жүсіптің көне қолжазбалары әкелінді

699 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Жүсіптің 160 жылдығына арналған «Ғұлама тағылымы» көрмесі өткізілді. Енді  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғұламаның мұралары сандық жүйеге көшіріледі.

Павлодарға Мәшһүр Жүсіптің көне қолжазбалары әкелінді

Білім және ғылым министрлігіне қарасты  Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхана қызметкерлері  көрмеге Мәшһүр Жүсіптің  29 көне қолжазбасын әкеліпті. Көрмеге кітапхана қорында сақталған Мәшһүр Жүсіптің қолжазбалары, ескі кітаптары және қазақ зиялыларының жазған хаттарының түпнұсқалары қойылды.  Орталық ғылыми кітапхана меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаеваның айтуынша,  29 құжаттың 25-і - қолжазба болса, қалғандары «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» және екі «Хал-ахуал» кітаптары. Бұл кітаптар ғылыми кітапхана қорында 1950 жылдардан бері  сақталуда.

Баянауылдық ғұлама Мәшһүр Жүсіп (1858-1931) – ақын, философ, жылнамашы, этнограф, тарихшы, шежіре мен халық ауыз әдебиетін жинаушы белгілі ағартушы. Ташкент, Бұқара мен Түркістанға барып, Шығыстың ғалымдары мен ойшылдарының мәдениетін, шығармаларын зерттейді. Араб, парсы, орыс тілдерін меңгереді. Өлеңдері, мақалалары 1888 жылы «Дала уәлаяты» газетінде жарияланады. 1907 жылы Қазанда «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Өмірлік тәжірибе», «Хал-ахуал» туындылары жарық көреді. 1905 жылы патшалық манифесті сынағаны үшін қудаланады. Шығыс мақамында жазылған «Ғибратнама», «Гүлшат-Шеризат», «Баяннама» дастандары, «Көшпелі болған жұрттың шаруасы», «Анама хат» өлеңдері бар.  Ел аузынан Бұқар жырау, Шортанбай, Шөже шығармалары мен Абай, Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдерін жазып алған.

Сонымен бірге, Баянауылдың Ескелдідегі мемориалдық музейінен әкелінген Мәшһүр атамыздың жеке заттары-Құран, мұстек қобдишасын, жез леген, кісе белбеу, әмиянын, шақшаларын, көзілдірігін де көрмеден көресіз.

Еліміздің «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» бағдарламасы бойынша әзірленген жобаға біздің облыстан  78 киелі орын қосылды.  Жобадағы рухани орынның бірі-Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесі. Кесене Жаңажол ауылы маңындағы Ескелді биігінде  орналасқан.  

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтің айтуынша, ғұламаның мерейтойына арналған рухани мәдени шаралар алдағы тамыз айында  республикалық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасса, Баянауылда айтыс, Мәшһүртану оқулары өткізіледі.

Фарида Бықай

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген Әлия Саматова