Отырыста бір мәселе – Жоғарғы соттың «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысына (НҚ) өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Сол толықтыруларға қатысты ойын НҚ жобасын ұсынған Жоғарғы соттың судьясы Айгүл Сапарова: «Сот шешімі берілген талап арыздың жауабын қамтып қана қоймай, оған қойылатын талаптарды сақтай отырып жасалғаны өте маңызды. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, біз әр сот шешімі туралы олай айта алмаймыз», деп сабақтады. Жалпы байқар болсақ, Жоғарғы сот жүргізіп жатқан «Сапалы нәтиже» жобасы аясында бірінші сатыдағы соттардың 300 шешімінің әрбір үшеуі ұсынылған талаптарға не нысаны бойынша, не мазмұны бойынша сәйкес келмейтінін көрсеткен екен. Сот актілері түсініксіз, көңілге қонбайды дейді. Аталған шешімдердің көбінде тіпті іс үшін түк қатысы жоқ артық ақпарат, дауға қатысы жоқ заңнан қайталаулар, дәйексөздер өріп жүрген көрінеді. Ол неге керек?
Сондықтан отырыста қабылданған шешімнің уәждерін дұрыс көрсетудің маңыздылығына және сот актісінің құрылымына қойылатын талаптардың сақталуына баса назар аударылды. НҚ сот актісін компьютерде дайындау кезінде бірыңғай қаріппен жүргізу, оның көлемі, баяндаудың өзге де сипаттамалары туралы талаптар қамтылады. Осы талаптарды қамтығанда ғана «Электрондық құжат және электрондық цифрлы қолтаңба туралы» Қазақстан Республикасы заңының сақталуы да қамтамасыз етіледі деп түйінделді.
Ал Жоғарғы соттың судьясы Нұрия Сисенова сот актісі қабылданған шешімнің мәнін түсіндіруі және оның негізділігін уәжді түрде сенімді дәлелдеуі керек екенін атап көрсетті. Өйткені аталған НҚ-ға толықтыру енгізілген және соттың қабылданған шешімінің мәнін, уәждерін және құқықтық салдарын түсіндіру міндеті қарастырылған. Демек көрсетілген әрекеттер сот актісінің мазмұнын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді.
Сол сияқты Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Арман Жүкенов те сөз сөйлеп, НҚ бірінші сатыдағы соттар үшін дұрыс, сауатты әрі логикалық сараланған сот актісін жазуда бағыт-бағдар болады деп атады. «НҚ-ның ұсынылып отырған редакциясы соттарға түпкілікті шешімдерді құрастыру кезінде көрсетілген әдістемені пайдалануға мүмкіндік береді. Осындай сот актісі, сөзсіз, процеске қатысушылардың және жоғарғы сатыдағы судьялардың түсінуіне оңай болады. Шешімді құрастырудың жаңартылған форматы азаматтардың сотқа сенімдері деңгейін арттыруға қосымша негіз болады», деді.
Осылайша, жалпы отырысқа қатысушылар НҚ жобасын талқылап, оған ұсыныстар мен ескертулер енгізді. Ол редакциялық жұмыстардан кейін кезекті бір жалпы отырыста түпкілікті бекітілмек. Ал отырыс жұмысына Жоғарғы сот судьялары, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Әділет және Ішкі істер министрліктерінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП, «GRATA» және «KazBar» заңгерлер қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»