Президент сөзінің кіріспесінде халықтың бірлігі, мемлекеттің сындарлы саясаты арқасында қазақстандықтар бүкіл сыннан сүрінбей өткеніне тоқталды.
Елбасы Қазақстанның төрт облысында Қазақ халқына алғыс монументі ашылғанын атап өтті. Аталған ескерткіштердің бәрі қиын-қыстау заманда көмек қолын созған халық пен жерге алғыс ретінде Қазақстандағы түрлі этностық топтардың тарапынан салынды. Мұның бәрі қазақ халқының ұлттық тарихына терең құрметті көрсетеді. Бұл өзара құрмет пен сенім біздің халықтың бірегейлігін қалыптастырады. Осы бастама арқылы қазақстандықтардың көңілінің кеңдігі байқалады.
Алғыс монументі алғаш рет барша қоныс аударылған этностардың рахметі ретінде 2012 жылы Қиыр Шығыстан күштеп көшірілген корейлердің алғаш тоқтаған жері Үштөбе қаласындағы Бастөбе шыңында Қазақстандағы корейлердің қауымдастығы тарапынан ашылды. Кейінірек Қазақстандағы корейлердің қауымдастығы бастамасымен мұндай монументтер Оралда, Атырауда бой көтерді.
«Заманауи Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты. Мен этно-мәдени бірлестіктерге де айрықша ризашылық білдіремін. Біз, бәріміз бірге өте күрделі, қилы замандардан өттік. Тәуелсіздіктің ең тағдыршешті сәттерінде мені әрдайым қолдаған халқыма да алғыс айтамын. Өткен сайлаулардың бәрінде халқымыз мені бірауыздан қолдап, сайлады. Мен үшін ең үлкен марапат – осы. Елімнің қолдауы маған жұмыс барысында зор күш-жігер берді», деп атап өткен болатын Президент.
Жаңа әлеуметтік бастамаларды таныстыру сәтінде Мемлекет басшысы олардың қоғамдағы әлеуметтік бірлікті нығайтуға, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға арналғанын атап көрсетті.
Президент көтерген бастамаларды талқылай отыра, Қазақстандағы корейлер қауымдастығы мүшелері оның маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды. Айтылған міндеттер қазіргі таңдағы әлеуметтік мәселелерді кешенді және прагматикалық жолмен шешуге, нақты тапсырмалар жүктеп, нақты қадамдар жасауға мүмкіндік береді.
Сергей ОГАЙ,
Қазақстандағы корейлер қауымдастығының президенті