Қазанғап Сатыбалдыұлы (1771-1856 жж.) қазақтың атақты батыры бәсентиін Малайсарының үзеңгілес досы Байдаулет батырдың шөбересі (кейбір деректер бойынша – немересі), бәсентиін елінің төбе биі, болған адам.
1843-1848 жылдар аралығында Қазанғап би Баянауыл округінің аға сұлтаны болған. 1820 жылдары Орта жүз қазақтарының жерінде алғашқы округтер құрыла бастағанда Қазанғап Сатыбалдыұлы дербес Баянауыл округін құру үшін көп еңбек сіңіреді.
Аға сұлтан қызметін атқарып жүргенінде жергілікті Омбы әкімшілігінің алдында қазақтардың қамын жеп, мүддесін қорғаған. Мысалы, бәсентиіндер казак әскерлерінің үлесіндегі жерге мал жіберіп, 29 мың сотық жердің шөбіне зиян келтіргендіктен казак әскерінің Коряковский, Выдрин сияқты өкілдері қазақтардан айып шығынын толық төлеуді талап еткен. Осындай жағдайда аға сұлтан Қазанғап Омбыға барып, қазақтарды көп айып төлеуден құтқарған екен.
Патша өкіметіне де билік басында екі жаққа да жағымды, ымырашыл, қоғамдағы беделі жоғары адамның болғаны қолайлы. Орыс деректемелерінде Қазанғап Сатыбалдыұлының болмысын айқындайтын «парасатты, адал, шыншыл азамат» деген мәліметтер кездеседі. Мысалы, Абайдың әкесі, 1849-1852 жылдары Қарқаралы округін басқарған Құнанбай Өскенбайұлы Қазанғап Сатыбалдыұлының үйіне жиі тоқтап, сыйлы қонағы, сырлас жолдасы болған.
Қазанғап бидің мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысқан ірі кәсіпкер халыққа жанашыр, демеуші болғанын тарихи деректер айғақтайды. Мысалы, Қазанғап Сатыбалдыұлы 1843 жылы дуанбасы болған соң қызметін дуанға мешіт салдырудан бастаған. Оған молда ретінде татар Ғабдулғафар есімді азаматты тағайындаған. Осы молдамен бірге еріп келген Рамазан деген татар жігітін Қазанғап қолынан ұстап, сауда-саттығын жүргізетін көмекші еткен. Ол қамқоршысының тапсырмасы бойынша бүкіл Сібірді, Ірбіт, басқа да ірі жәрмеңкелерді аралап, сауда-саттық жүргізген. Ақсу қаласының тұрғыны Жамбыл Қайырбеков пен Қызылжар ауылында тұратын Қаратай Жүкеновтің мәліметтері бойынша, Қазанғап би қазіргі Павлодар облысының Ленин кентінде медресе салғызып қазақ жастарының білім алуына қолғабыс тигізген екен.
1856 жылы Қазанғап Сатыбалдыұлы қайтыс болғаннан кейін Рамазан Қызылжар, Омбы қалаларынан күйдірілген қызыл кірпіштер мен ақ мәрмәр тастар алғызып, басына ақ күмбезді кесене тұрғызып, мәрмәрдан ескерткіш орнатқан. Кеңес өкіметі кезінде Қазанғап кесенесі бұзылып, кірпіштері ауылдағы фермаларға жұмсалған. Кейіннен Рамазанның немересі Абдулфаттах Рамазанов Павлодар қаласындағы Әлкей Марғұлан көшесінде Қазанғап биге арнап мешіт салғызған.
Қазанғап Сатыбалдыұлының атақ-шені мен марапатталған белгі-сыйлықтары жөнінде айтар болсақ, ол Сібір қазақтарының ішінде бірінші болып Санкт-Петербург қаласында ақ патшаның қабылдауында болған және сол жылы старшын шенін алып, оған жыл сайын 50 сом ақша айлық тағайындалған. 1810 жылы капитан шенін, 1817 жылы штаб-офицер шенін, 1833 жылы майор атағын, 1838 жылы 300 сом күміс ақша, 1842 жылы Владимир лентасына тағылған алтын медаль, 1844 жылы алтынмен апталған күміс бокалды иеленген.
Қазанғап бидің есімімен байланысты жер атауларына қатысты айтсақ, «Қазанғаптың асуы», «Қазанғаптың қоралары» деген жерлер бар. Сондай-ақ Қазанғаптың жайлауы Шұрық сордың маңы болса, қыстауы Коряков станицасынан 12 шақырым Бауыртас аталған жерде деген мәлімет сақталған.
Махмет ДЕМЕСІНҰЛЫ,
Павлодар қаласының құрметті азаматы