Алдымыздағы шілденің 10-ында болатын білімпаздар тобының қарсаңында мүддемізді айтып қалалық.
«Еңбекшіл қазақтың» 154-ші санында емле туралы, 178-179-шы сандарында қаріп туралы менің жобаларым басылды. 159, 161, 162, 164, 195-ші сандарында Елдестің қарсы даулары басылды.
Елдес көп жазды. Балаға сабақ бергендей «Қазақ тілінде пәлен дыбыс бар, оның пәленше таңбасы бар...» деп жұртты сендіре, өзгені надансына, қазақ тілінің бел баласы өзі тәріздене жазды. Мұндай зор мәселені қара борандатып, соқыр сезімге беріліп, қызуланып тексеру ағат. Бұл салқын ақыл, саналы ой керек қылатын мәселе. Кеп біреуді түйреуде емес, мәселенің дұрыс шешілуінде.
Жазу мәселесінде айтыстың шиеленіп, ауыр болуына зор себеп бар. Емлеге әркім әр жақтан, әртүрлі қарайды. Біреу тілдің тарихынан, біреу нағыз грамматика жағынан, біреу естілу (фонетика) жағынан, енді біреулер іс жүзінде қолайлы, жеңілдік келу жағынан қарап шешпек болады. Сонымен әркім өзінің ұстанған негізінен айырылғысы келмейді. Елдестің негізі: тіл құрал (этимология), естілу (фонетика). Менің негізім: көбінесе іске қолайлы (практика), жеңілдік, қала берсе, естілу. Дұрысында, емлені іске қолайлы болу жағынан ғана қарау керек.
Жазу мәселесін шешкенде алдымен «тілдің заңы бұзылса, жалпақ жұрттың тілі бұзылып кетеді, жоғалып кетеді...» деген соқыр нанымнан (фанатизм) құтылу керек. Елдес қорыққандай тіл сонша шетін, тиіп кетсе жарылып қалатын қағанақ емес. Елдес «ҰУ» деп жазып, олай буындай ма, Жүсіпбек «У» жазып, буындамай ма қазақтың тіліне иненің жасуындай пайда, зиян келмейді. Араб, парсы, татар, сарт, миссионерлер әдебиетінің ықпалына жүріп, айдауына көнбеген, тілінің заңы, құралы не екенін білмеген «Е, Ы, Й» дыбыстарын «И»-мен; «О, Ұ, У» дыбыстарын «О»-мен – бір-ақ таңбамен жазып келген сол тауқыметтің бәрін тартса да, бұзылмай келген қазақтың тілі біздің бір, екі таңбамызбен әсте өзгермейді. Тіпті бұзылмайды. Қазақ жоғалса, тілі де жоғалады; жасаса, өркендесе, тілі де өркендейді. Азамат болған баласы ат мінсе, қалтырауық балажан шеше «жығылып қалар ма екен?» деп үйде отырып тақымын қысады. Елдес әлде қара борандату үшін жоқты сөйлейді, әлде әлгідей қорқақ шеше (егер ондай шеше қазақта болса).
Білім өскен сайын, ой өседі; оймен бірге тіл өседі. Бірақ тіл шұбалаң, мылжың болмайды, шынығады, шымырланады. Аз сөз, көп мағына – міне, білімнің тілегі. Тіл өскен сайын, дыбыс көбейеді. Ендеше, әріп те көбею керек пе? Жоқ. Аз әріп, көп дыбыс – міне, жақсы хаттың шарты.
Дыбыстың еркіне салсақ, таңба (әріп) мейлінше көп болу керек: бір дыбыстың өзі әр орында әртүрлі естіледі. Анығында дыбысқа тап келетін таңба бола бермейді. Ауыздан шыққан барлық лебізді әріппен түгендей жеткізу мүмкін емес. Ат айдағандағы «шу-шу», болмаса таңдай қағу, тоқтатудағы «дыр», күлкіні, кейігендегі одағайларды қайтып қаріппен айта аларсың? Жазу, қаріп нобаймен, шартпен ғана алынатын нәрсе.
Профессор Ушаков айтады: «Кәдімгі хаттағы қаріптердің дыбыстарға дәл келмеуі кемшілік емес; іс жүзінде қолайлы болуға жазудың дәлдігі тіпті міндетті емес, қайта дыбысқа нобайлы жазу әрі жабайырақ, әрі оңайырақ болады», – дейді. «Емленің мақсұты – жетілген, бай тілді өте жабайы құралмен таңбалап білдіру», – дейді ғалым Раумер. Сондықтан «Қолдануға қолайлы жазу – дыбысты жалпыға түсінікті етіп көрсету», – дейді Курч деген кісі. «Ауыз сөз – ойдың пернесі болса, жазу – ауыз сөздің пернесі» деген Томсон. Дыбыстарға нағыз адал келетін жазу жоқ. Ондай жазу жалпыға түсініксіз, ендеше болмау керек. Нағыз дыбысқа адал жазу тіл ғылымында (языковедение) ғана болу керек. Дыбысқа әріпті келтіреміз десек әліппиден талай әріпті шығаруға, талай әріпті тыңнан ойлап табуға, әйтпесе ескілерге түрлі белгілер қосып қолдануға тура келер еді. Бұл дұрыс хат болмайды, қолдан жасама хат болады. Бұл пікірлерді жазуды оңайлатамын деп талай жыл еңбек еткен ғалымдар айтып отыр.
Мұндай талай беделді сөздер келтіруге болады. Бірақ орын аз. Дыбысшылдардың әуейіленбеуіне бұ да жетерлік сөз. Сондықтан естілуді (фонетиканы) негізге алуға болмайды екен, аса бір керекті орын болмаса. Сол тәрізді жазу мәселесін тіл заңына (грамматикаға) тіреп шешуге де болмайды.
Тіл – жанды зат: өркендейді, дамиды. Жазу – өлі сүйек зат. Тіл заңы (грамматика) да кертартпа (консервативный) нәрсе. Шідерлеп, өрісіңді ұзартпайды.
Грамматикашылар тілді тапқа, жікке, сортқа бөлемін, әр сөзді, әр дыбысты белгілі таптың әдет-ғұрпына, салтына бағындырамын деп талай жерде зорлық істейді, жіксіз жерде жік шығарады. Бұдан екі жүз жылдар бұрын Ломоносовтың шығарған «ия», «ыя», «ие», «ые» деген жалғауларынан орыс жаңада ғана құтылды; еркек, әйел, орта сөздердің аяғын бір-ақ түрлі (ые, ие) жазатын болды. Тілге бұдан келетін кемшілік жоқ. Сол сықылды: «они, оне, одне, одни, оба, обе», деген бөлек-салақтарды кеше ғана қалдырды.
Міне, грамматиканың тұсау болғаны.
«Тіл құрал» шықпастан бұрын «дыбыс», «буын» дегенді жұрт білмеуші еді. Дыбысты, буынды өзгелерге еліктеп, дыбыс әдісін (звуковой метод) қолданғандықтан алып отырмыз. Еліктеу онымен тоқтамайды. Мәдениеті күшті жұрт еліктетеді. Жазудың, жазу үйретудің оңай жолы табылса, еліктемеске әддіміз жоқ. Бұл күнгі басымызды шұлғып отырған «дыбыс», «буыннан» безіп, ертең Америка әдісіне түспесімізге кімнің көзі жетеді? Сондықтан жалаң тіл құралдың (этимология) дәлеліне сүйенуге болмайды, оның өзі жасама, еліктеме нәрсе.
Шынында, грамматика екі түрлі болуы керек: бірі – тілдің, сөздің, істің ыңғайына жүретін құбылмалы, жанды этимология; енді бірі – тілдің негізін, түп атасын, өзгеру жолын, тарихын тексеретін ғылыми грамматика болмақ. Мектепте жазу үйретуге, дұрыс сөйлетуге көмек ететін жанды этимология мен ғылыми грамматиканы шатастырып жүрміз. Соңғы грамматика орта медреселердің соңғы жылдарында, жоғарғы медреселерде оқытылу керек. Бастапқы бастауыш мектепте Ахаңның «Тіл құралдары» (әсіресе ІІ) екі түрлі этимологияның жолдарымен жазылған, іске жанасу жағында ауыр жерлері көп. Екі сөздің бірінде тіл заңына жүгірудің себебі осы.
Мысал келтірейік: «Атты кісі мылтық атты». Фонетика көзімен қарасақ, екеуінде де «атты» жазылуға тиіс. Олай емес, этимология көзімен қарап, бірі сын есім, бірі етістік болған соң, Ахаң екі түрлі жаз деп отыр. Грамматика жағынан да айырып жазуға Ахаңның дәлелі жоқ. Алайық мына сөздерді:
Қасым-бек, Қойшығұл, Түйе-бай, мал-ғой, жоқ-қой, керек-қой, адам-да, ұшқан құс-та, жүгірген аң-да, барайын-ба, келейін-бе, аламын-ба, барған-бысың, келген-бісің, жазған соң, малмен, көппен, би-еке, аға-еке, молда-еке, тайым-ай, япырым-ай, жарықтық-ай, ап-ақ, сап-сары, бара-алмайын, жүре-алмаймын, би-маза, бей-бастақ, би-тарап, би-қам, бет-бақ...
Этимологияға сүйенбесе, осы сөздерді бөлек жазуды, не сызықшамен («–») жазуды кім білер еді? Этимология бір жағынан сөздің түбірін, табын айырып, мәнісін көрсетіп пайда келтіріп отырса, екінші жақтан жазуға ауырлық келтіріп отыр. Қосалқы сөз, қос сөз, жалғаулық, көсемше, жіңішке буын, жуан буын, шырай, одағайларды бірінен-бірін айыру, араластырмау үшін солай жазылып отыр.
Қасым-бек, Түйе-бай, бір-ақ, бей-бастақ, би-тарап, бет-бақтарға сызықша қойғызып отырған түбірін қазу, қала берсе, жуан, жіңішке буындар. «Ғойда» жеке мағына жоқ, жалғаулыққа, жалғауға, жұрнаққа келмейді. «Айттым-ғой» (сказал, ведь) не қылу керек? Сызықшамен бөлгеннен басқа шара жоқ. «Адам-да» ұшқан құс-та, жүгірген аң-да» мұндағы «да-лар» орыстың «и» деген демеуінің (Союз) мағынасында болғандықтан, жатыс жалғаудан айыру үшін осылай жазылып отыр. Сол тәрізді қосалқы сөздегі «Ма, ба, ме, белер» орыстың «ли» бөлімшесінің мағынасында болған соң, бөлек жазылады. «Соң» – «после» мағынасында. Ол – үстеу (наречие). Ендеше бөлек жазылуы керек. Жұрнақ біткен зат есіммен қосылып жазылып, «еке»-нің сызықша арқылы жазылуы да жуан, жіңішке сөздерге бірдей тіркелуінен болса керек. Өзге падеждерді алған соң, «мен, менен, бен, бенен» жалғауларымен орыстың (Творительный) падежін де алуға болмас па еді? Олай етуге «мен, беннің» есімдерін басқаларға да тіркелуі бөгет болса керек. «Таңдаулы шырайға» қосылатын «ап», «қаптарды» бөліп алып, «ап-ақ, қап-қара» деп жазайық десем, Елдес тіл заңының дәреті бұзылатындай қорқар еді.
Дайындаған
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»