Трактатта өлеңнің түрлері, уәзіндері, әрбір сөздің терминдік мәні, әрбір әріптің сөз құраудағы міндеті пысықталады.
«Көркем сөз өнері» кітабының толық аудармасы алғаш рет казақ тілінде өз оқырманына жетіп отыр. Шейх Ахмет Таразидің аталмыш рисаласы түркі халықтары тіліндегі өлең теориясы туралы жазылған алғашқы зерттеушілік-талдамалық еңбек болып саналады. Бұл кітапта трактаттың мазмұны көркем сөз – өлең жүйесі туралы, ұйқас, жалпы өлең өнері, әрі ғаруз (аруз) уәзіндеріне арналған мысалдарымен ғылыми талданып, анықтамалары берілген. Бұл еңбекте автор парсы- тәжік классиктерімен қатар өзімен замандас түркітілдес шайырлардың да шығармаларынан үзінділер, өлең жолдарын келтірген. Мұның өзі түркі ғылым, әдебиет тарихының тереңірек тамыр жайғанын айғақтайды. Ғалымның еңбегі кезінде түркі (шағатай) тілінде жазылған. ХҮ ғасырдың бірінші жартысында Мауераннахрда әдеби өмір қайнап жатқан кезде түркі тілі мен парсы тілі қатар жаппай өріс алды. Шейх Ахмет Таразидан біраз кейін қазақ ғалымы, ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) – өзінің әйгілі тарихи еңбегі – «Тарих-и Рашиди» кітабын парсы тілінде, ал «Жаһаннама» дастанын сол уақытта түркі халықтарына тән ортақ шағатай тілінде жазды. Мұның өзі екі тілдің, яғни түркі мен парсы тілдері Мауераннахр мен Хорасан аймағында аралас-құралас болғанын байқатады.
Шейх Ахмет Таразидің «Фонун әл-бәлағе» еңбегі бес тараудан тұрады. Бұл – парсы мен түркі әдебиетінің тео-
риясын екі тілдегі көптеген жолдарын мысалға келтіре отырып, егжей-тегжейлі айқындауға мақсат еткен аса құнды зерттеу жұмысы, талдауларымен қатар шығыс әдебиетінен мол мағлұмат беретін де теңдессіз туынды.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ