06 Ақпан, 2010

ЕКІЖАҚТЫ ҚАТЫНАСТАРДЫ ТЕРЕҢДЕТУДІҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

1050 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға сапармен келген Норвегия Корольдігінің Крон-ханзадасы Хаакон Магнуспен кездесті. Кездесу барысындағы әңгімелесуде тараптар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық ойдағыдай дамып келе жатқандығын атап өтті Біз Норвегиямен әрқашан да ыстық ықыласты әрі сенімді қа­тынаста болғанды қалап келдік, деді Нұрсұлтан Назарбаев кез­де­судегі сөзінде. Менің 2001 жылы Норвегияға жасаған алғашқы са­парым кезінде жоғары мәртебелі Король Харальд V-пен кездесіп, ке­ліссөздер нәтижесінде қол жет­кізілген келісімдер екіжақты қа­тынастардың дамуына жаңаша серпін берді. Біз Норвегияны Еуро­падағы сенімді әріптес деп білеміз. Бұдан кейін Қазақстан бас­шы­сы екі ел арасындағы ынты­мақ­тастыққа тоқталды. Елбасы­ның атап өткеніндей, Норвегия Корольдігі 1992 жылдың басында Қазақстанның тәуелсіздігін ал­ғашқылардың бірі болып таныды. Содан бергі уақытта екі мемлекет арасындағы қатынас тұрақты дамып келеді. Қазақстан өзінің Норвегиядағы елшілігін ашты. Енді Норвегия Қазақстандағы елшілігін ашқалы отыр. Бұл Қазақстан мен Норвегияның тығыз ынтымақтастық жасауына қызмет етеді. Мемлекет басшысы, сондай-ақ кешегі Қазақстан-Нор­вегия бизнес өкілдерінің қаты­суы­мен өткен бизнес-форум Қа­зақстан – Норвегия іскер топ­тарын жақындастыра түсетінін де атап өтті. Ослода өткен қарусыздану жө­ніндегі халықаралық конфе­рен­ция біздердің ынтымақ­тас­ты­ғымыздың маңызды бір көрінісі болып табылады, деді Нұрсұлтан Назарбаев әрі қарай. Қазақстан Семей ядролық полигонын жапқанын және ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын жақсы білесіздер. Біз ядролық қарусыз әлем құру жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Өзіңізді қызықтырған кез келген мәселені талқылауға әзірміз. Ал Хаакон Магнус Норвегия мен Қазақстан арасындағы қаты­настар жайына тоқталды. Екі ел­дің қатынастары достық жағдайда тереңдеп келеді, деді мейман. Ын­тымақтастықты дамытудың бо­лашағы өте зор. Біз Сіздің ядро­лық қаруды таратпау жөнін­дегі белсенділігіңізді жоғары бағалаймыз. Хаакон Магнус бұдан соң, Қазақстан – Норвегия арасын­дағы экономикалық ынтымақ­тастықты дамытудың маңызы ерекше екенін ортаға салды. Мей­манның айтуынша, бүгін ертеңгісін энергетика саласын­дағы қатынастарды жандандыруға қатысты кездесу болды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстанды әлемдік деңгейге шығарады. Еліміздің жауапкершілігі жоғары бұл міндетті ойдағыдай атқаратынына сенімді. Елімізге тұңғыш рет сапармен келген Норвегия Корольдігінің Крон-ханзадасы 1973 жылдың 20 шілдесінде Осло қаласында туған. Ол Харальд мұрагерлі ханзада мен оның зайыбы Сонидің отбасындағы екінші баласы және жалғыз ұлы екен. Елдің бұрынғы конституциясы бойынша Хаакон Магнус тақтың мұрагері ретінде өмірге келген. 1991 жылдың 17 қаңтарында әкесі оны тәжі­лендірген соң, Хаакон Магнус мұрагерлі ханзада болып аталды. Крон-ханзаданың балалық шағы Скаугум корольдік қоны­сында өтті. Ата-аналарының ті­легі бойынша ханзаданың және оның әпкесі Марта Луизаның тұрмыс қалыптары жай балалар­дың өміріне сай болды. Ханзада 1991 жылдың 20 шілдесінде Мемлекеттік кеңестің отырысына алғаш рет қатысты, ол сол жыл­дың 22 шілдесінде алғаш Ко­роль­дің шетелге кетуіне байланысты Мемлекеттік кеңесте тұңғыш рет төрағалық етті. Мектепті бітірген соң, ол Данияның әскери-теңіз училищесінде, одан кейін АҚШ-та оқып, қоғамдық-саяси ғылым­дар бойынша бакалавр дәрежесін алды. Сондай-ақ, ол Норвегия сыртқы істер министрлігінде қыз­меткер, БҰҰ Даму бағдарлама­сының ізгі ниет елшісі болып істеді. Үш баласы бар. *  *  * Норвегия Корольдігінің Крон-ханзадасы Хаакон Магнус кеше сапар аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде болып, оқытушылар мен студенттер алдында лекция оқыды. Мейманға “Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры” атағы берілді. Крон-ханзада сол күні “SYSLAB” еңбекпен қамту орталығында да болды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.