Қоңыр Мандокидің тарих пен мәдениет саласындағы еңбектерін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сонау 1992 жылдың өзінде ерекше бағалап, оған қазақ-мажар қатынастарының алтын көпірін салушы ретінде құрмет білдірген.
Ғалым Мажарстанның Ұлы Қыпшақ аймағына қарасты Қарсақ қаласында туып өскен. Атасы сол өңірді басқарып, әкесі мыңғыртып жылқы айдаған байлардың бірі болған. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Кеңес одағының пәрменімен қудаланып, бар малынан айырылған. Жасынан зерек Қоңыр есейе келе ауыл ақсақалдарының өзара әңгімеде түсініксіз сөздерді қолданатынын аңғарып, сұрастыра отырып қыпшақ тілі, атажұрты жайындағы ақиқатты біліп алады. Сол сәттен Қыпшақ даласына, тілі мен діліне қызығушылығы оянған қаршадай баланың ізденісі басталады. Сәті туып, қыстаққа жақын қоныс тепкен КСРО әскери бөлімдерінің бірінен қазақ жауынгерімен танысып, өзінің түп тамыры Қыпшақ – Қазақ даласынан бастау алғандығын ұғынады.
– Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзі аса көрегенділік, болашақтың қамы үшін жасалған игілікті іс деп санаймын. Өткеннен сабақ алып, өшкенін жандыру ұлт болашағына алаңдаушылық деп білемін. Еуропаның ортасында орта ғасырда үдере көшкен қыпшақ жұрты сегіз ғасырда тілінен де, ділінен де, дінінен де айырылып тынды. Сол көмескі ізді жаңғыртуға талпынған Қоңыр қандастарының арасында қазақ тарихы мен мәдениетін тынбастан дәріптеді, – дейді Оңайша Мандоки.
Будапешт университетінің филология факультетіне оқуға түскен Қоңыр Мандоки жоғары білім ошағы қабырғасында жүріп түркітану саласына ден қойып, ежелгі мадияр тарихын зерделей бастайды. Араб филологиясы, моңғолтану мен қытай ілімдеріне қатысты әйгілі ғалымдардан дәріс алады. Әсіресе Еуропадағы түркі халықтарына қатысты этнографиялық мәліметтер жинақтап, зерттеулерін толықтыра түседі.
Алпысыншы жылдардың аяғына таяу Алматыға арнайы келіп, сол сәттен бастап қазақ елімен байланысы нығая бастаған. «Қыпшақ тілі – қазақ тілі» деп сұхбат беруі де сол тереңдіктегі тебіренген ойлардың сарасы болса керек.
Ғалым түркітілдес халықтардың тарихын зерттей келе, отыздан аса тілді еркін меңгерген. Ғылыми-зерттеулері бүгінде түркі дүниесі үшін мол мұралардың қатарына қосылды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»