Театр • 21 Наурыз, 2018

Театр: Балалықтың бейкүнә бейнесі

829 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасын оқымай ер жеткен бала жоқ шығар. Бәрі оқыды! Әрқайсысының ішінде бір-бір Қожа өмір сүріп, сол аяулы бейненің күні бүгінге дейін балғын күніміздің бейкүнә белгісіндей боп көңіл түкпірінде жасырынып, жадымызда мәңгілікке жатталып қалғаны тағы ақиқат. Иә, бәріміз Қожа болдық! 

Театр: Балалықтың бейкүнә бейнесі

Қанша буын жеткіншекті із­гілік­ке тәрбиелеген сол тентек ­Қо­жаның дәл қазір де осы бір мис­сиядан титтей жырақ кет­пей, керісінше, қайырымды істер­дің «басы-қасында жүруі» қуант­ты. Біздің сөз етпегіміз – Астана қа­ласы Жастар театры сахнасында қойыл­ған «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» спектаклі жайында. Аталмыш қойылым арқылы театр ұжымы арнайы акция ұйым­дастырып, бір күндік табысын то­лығымен медициналық көмекке мұқ­таж балдырғандардың еміне аудар­ды. 

Балалардың сүйікті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесінің желісі негізінде сахналық нұсқасын жасап, көрерменге ұсынған режиссер Нұрқанат Жақыпбай бұл туындысында негізгі нысанаға носталь­гия, яғни сағыныш жанрын алыпты. Бас кейіпкер – сол баяғы өзімізге етене таныс Қожа. Қойылымның негізгі идеясы Қожаның Жанарға деген алғашқы пәк махаббаты аясынан өрбиді. Спектакль әсерлі лирикалық әуен аясында көңіл түкпіріндегі балалық шаққа, бала махаббатқа деген аяулы сезім – сағыныш сазын жыр етеді. 

Қойылымның көркемдік қуа­­тын байытып, сағыныш сезі­­мін сәулелендіріп, спектакльге сұ­лулық үстеп тұрған негізгі бей­нелеуші құрал – ән. Яғни спек­такльдің басым бөлігінде ән шыр­қалады. Бұл – режиссердің өзіндік қолтаңбасы. Ұлы ақын Абайдан бастап, 60-70 жылдардағы белгілі ха­лық композиторларының ән­­дерін қойылымның негізгі лейт­мотиві етіп алған суреткер, осы ар­қылы әр көрерменнің көңіл түк­пірінде бұғып жатқан аяулы армандары мен мөлдір мұңына ор­тақтасады, жүректеріне жол тауып, өткен күндер мен бүгінгінің арасына сағыныштан бой көтерер сезім көпірін орнатуға талпынады. Сағыныш, алғашқы махаб­батты аңсау, ностальгияға құрылған атал­­мыш қойылым көпшілік кө­рер­мен тарапынан зор ықыласқа ие болып, астаналық Жастар театры сахнасында үздіксіз қойылып келе жатқан репертуардағы сұра­ныс­қа ие спектакльдердің санатында.

 Расымен де, барлығымыз бала бол­дық, әрқайсымыздың ішімізде бұғып жатқан бір-бір Қожа бар. Қожа болып ойнадық, Қожа болып ойландық, Қожа болып өкпеледік, Қожа болып қуандық, Қожа болып ғашық болдық... Сондықтан да бұл шығарма әрбіріміз үшін ыстық. Балалық шағымыздың балғын сәттеріндей аяулы. Мұны режиссер де жақсы түсінеді және ол се­зімді барынша нәзік иірімдерге құ­рып, ностальгиялық ноталарда бе­дерлеуге тырысады. Сол себепті де сахнаға бір емес, бірнеше Қо­жа­ны шығарады. Әр Қожа – жекелей ерекшелік иесі бола тұра, бірі бастаған әңгімені екіншісі іліп әкете жүріп, Қожаның бір­тұ­тас мінез табиғатын тудырады. Дәурен Серғазин, Бекжан Керім­баев, Азамат Есқұлов, Ербол Тілеу­кенов, Мейірғат Амангелдин, Шың­ғыс Жақыпбай сынды актерлер алдыңғы планға кезек-кезек шығады және шығармадағы Қо­жаның өзімен-өзі сөйлесіп, өзі­не-өзі кейитіні сияқты, бір-бірі­мен тілдеседі. Сөйтіп жармақ ке­йіп­­­ке түскен актерлер сахнада Қо­жа­­ның сан түрлі мінезін мозайкаша құрастырып, мүсіндеп шық­­са, ендігі бір сәтте Қожа жай­­­лы қызықты әңгімені баяндап отыр­­ған әңгімешіге де ауысып жү­ре береді. 

Спектакльде Қожадан бө­­лек, есте қалатын ерекше­ бей­не­ – актер Нұрлыбек Төлеген­нің кейіп­теуіндегі Сұлтан рөлі. Сахнагердің Сұлтан бей­несін сараптаудағы мінез ерек­шеліктері, кейіпкерін коме­диялық планда көрсетудегі сәт­ті шешімдері көңілге құрмет орнықтырады. Сол секілді Жа­нар – Ғазиза Мұқан, Қаламқас Мели­сова, Жантас – Жандәулет Ба­тай мен Нұрбек Әділбек, Милат – Айнұр Рахипова, әже – Махаббат Мадғұлова, Жұмағұл – Елдос Шәйкенов, Дәулет – Дәурен Серғазин мен Айсұлтан Жәлиев, Майқанова апай – Диана Смағұлова сынды сахнагерлер ойыны да өз ерекшеліктерімен әдемі әсер сыйлады. 

Қойылымдағы оқиғаны ән­­мен­ ұтымды әрлеу және фор­ма­лық ізденудегі тосын тапқыр­лықтармен қатар, режиссер еңбегі­нің тағы бір есте қалған тұсы – сцено­графия. Мұнда ауыз толтырып айтарлық декорация жоқтың қа­сы. Режиссер арнайы сценограф маманның көмегіне жүгінуді қа­жет деп санамапты. Бірақ бұ­дан қойы­лымның көркемдік сапасы әсте төмен түскен жоқ, ке­рісінше, өзге сахналық туын­ды­­ларға ұқсамайтын өзіндік ерек­шелікті ен­шілегенін байқауға бо­лады. Сахналық безендірудегі сыр­ғымалы кішкене үйлер, ат есе­біндегі жылжымалы ұзын орын­дық – спектакльге ерекше дем бе­ріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Сырғымалы тақта мен жылжымалы парталар, сыңғырлаған қоңырау үні – барлығы да аса иланымды әрі ұтымды шыққанын атап өткіміз келеді.

Осындай ерекшеліктері ар­қылы көңіл түкпіріне берік бе­кі­ген қойылым көрерменін де бейжай қалдырмады. Әр­қай­сысы өзінің балдәурен бала­лық шағына естен кетпес саяхат жасап, ұмытылмас әсермен театрдан тарқасты. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»