Жас буынның да ойы заманға сәйкес «өзім шешемін» дегенге саяды. Алдағы өмірін, болашағын ойластырып та қойғанға ұқсайды. Заман басқаша, бәрі даяр, бәрі бар дегенге келтіреді. Иә, оның құны қаншаға түспек? Соны зерттеп, ойлаған жастар жоқ дегім келмейді... Қазіргі уақытта бесіктен белі шықпаған сәбидің қолында ұялы телефон. Балаларымыз ұялы телефон, планшетке үңіліп, ғаламторға тәуелді болғанын білмей қалды. Тек сол виртуалды кеңістіктен ғана барлығын табамын дейді. Иә, іздегенін табады. Алайда балаларымыз сөйлеуден қалды. Үнсіз, дыбысы да шықпайды. Бұл баланың сөздік қорының жоғалуына алып келеді. Мектепте оқушыны сөйлету қиын. Жауап алудың өзі машақат. Қазақ атам «Балалы үй базар» демей ме? Қазір бұрынғыдай үйде шулап, асыр салып, бір-бірімен әзілдесіп, білмегенін сұрау деген жоқ. Әр отбасына бара қалсаңыз, баланың дауысын естімейміз. Төмен қарап шұқшиып отырғаны. Мен де анамын, екі баламның болашағы алаңдатады.
Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасын білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Сондықтан заманымызда қандай тәрбие жолдары болды, қалай тәрбиеленіп шықтық дегенді жиі айтып отыру керек сияқты. Ғаламторсыз заманда да өмір сүргенімізді, білімді болашақ өткенін құлақтарына құйып отырса артық болмас.
Ата-ана балаға тәрбие беруде ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргiзiлген үлгi-өнегесiнiң мәнi зор. Сөз қадiрiн бiлетiн заманда бiр ауыз сөздiң iшкi мағынасын жете түсiнiп, содан өзiне тәлiм алған бабаларымыздың қасиетiне не жетсiн?! Иә, қазір үлкен өзгерістер болып жатыр, әлемдік жаңару кезеңі деуге болады. Алайда ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылығымызды жоғалтып алмасақ болғаны.
Манаргүл БОХАС,
Евгенев негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қостанай облысы,
Таран ауданы,
Евгенов ауылы
Бала тәрбиесі: мақтау мен жазалау
Мектептегі ата-аналар жиналысына қатыса жүріп, көптеген балалардың әке-шешесінен тәрбие барысында мадақтау және жазалау шараларын қалай қолдану керек, мұның өзінде қандай шарттарды сақтау керек деген сияқты сұрақтарды жиі естіп жүрмін.
Мадақтау мен жазалау – балаға педогогикалық тұрғыдан әсер етудің өте күрделі құралдары, оны тек шебер тәрбиеші пайдаланғанда ғана нағыз пәрменді күшке ие болады. Мақтау да, жазалау да бойындағы іштей бір толғаныс сезімін оятып, балаға өзі істеген ісі мен қылығын бағалай білуді үйретеді. Бұл – адамның жеке басының адамгершілік қасиеттерін жетілдіретін алғышарттардың бірі.
Мақтау – бала тәртібіне оңды баға берудің формасы ретінде оны қуанышқа бөлеп, масаттандыра түседі, өз күшіне сенуге жетелеп, тәртіпті болуға үйретеді. Ал жазалау болса ескерту формаларының бірі. Бұл бала бойында өзіне өзі қанағаттанбау, ыңғайсыздық, жасаған қылығына ұялу сезімдерін туғызады. Жазалаудың осы бір психологиялық жағы оны пәрменді етумен бірге, баланың теріс ісіне тосқауыл болып, жағымды әдеттерге бастауға игі ықпал жасайды. Сондықтан да мадақтау мен жазалау шараларын орынды пайдалана білген жөн.
Сәбиді ретсіз жазалау қашанда іске нұқсан келтіреді, ата-аналардың беделін түсіреді. Балалар өз тәртібін бағалауға келгенде сезінгіш болады. Жасы үлкен адамдар табысын атап көрсетіп, мақұлдап жатса, олар қуанып шаттыққа бөленеді. Баланы мадақтау арқылы біз оның тәртіпті болуына игі әсер етеміз. Мысал келтірейік, бірде 6 жасар Светаға шешесі гүлдерді суарып, арам шөбін жұлуға тапсырма берді. Сәби бұл жұмысты беріле орындады. Анасы қарап шықты да «өте жақсы, арам шөпті таза отапсың» деп қызын мақтады. Света бұған масаттанып құлшына түсті. Балалардың кез келген ынта-ықыласын қошеметтеп отыру қажет. Олар көп нәрсеге құмар келеді: сурет салып, түрлі модельдер жасайды, жан-жануарларды мәпелейді. Ата-аналар сәбилерінің өзі қалаған ісін дамыта түсуіне жағдай туғызғандары абзал. Әрине мадақтаудың да шегі болуы тиіс. Оны орынды-орынсыз пайдалана беру тәрбиелік мәніне кері әсер етеді.
Баланы жиі мақтай берсеңіз, ол соған дағдыланып кетеді де, бойын үйретіп алған соң немқұрайды қарайтын болады. Мұндай жағдайда мадақтау өзінің тәртіптілікке тәрбиелеу, ізгілікке баулу сияқты қасиеттерін жойып алады. Балаларға сыйлықтарды ерекше бір жағдайларда, соның өзінде жан-жақты ойластырып берген жөн. Оқудағы табысы, үлгісі, тәртібі үшін ақшалай немесе заттай сыйлық беруден аулақ жүрген дұрыс. Себебі жақсы оқып, тәртіпті болу әр оқушының міндеті ғой.
Ал жазалау жағы қалай болмақ? Жазалау арқылы балаға өз қатесін түсінуге, тәртібін түзетуін де баулыған жөн. Мұның өзінде оның ар-намысының жәбірленуіне жол беруге болмайды.
Ашу үстінде қолданылған жазаның көп реттерде әділ болмайтындығы байқалып жүр. Жекелеген отбасыларда кінәлі болған балаға жұмыс істетіп қою оқиғалары кездеседі. Оларды ас үйді тазалауға, көң-қоқысты жинауға, еден сүртуге күштейді. Мұндай сәттерде сәби бойында еңбекті жек көру сезімі пайда болып, «кінәлі болмасаң жұмыс жасамауға болады екен ғой» деген пікір қалыптасуы мүмкін. Кейбір отбасында баланы жазалаудың түрі осы екен деп тамақ бермей қояды. Бұлай істеу де дұрыс емес. Себебі мұндай жаза баланы отбасына қарсы қояды. Ата-аналар талап қойғанда ақылға салып ойланып, баласының да ынта-ықыласымен санасып отыруы керек. Сондай-ақ жазаның не үшін берілетінін айтып түсіндірген жөн. Қай жастағы болмасын, өзінің дұрыс жазаланып отырғанын айқын сезініп, алдағы уақытта мұндай қылықты қайталамауға іштей әзірленсе ғана тәрбиенің нәтижесі болғаны.
Баланы ұрып-соғып тәрбиелеуге болмайтынын айрықша айтқымыз келеді. Бұл адамның ар-намысын таптаумен бірдей әсер етеді, баланы моральдық күйзеліске түсіреді. Ол бара-бара қатыгез болады, ата-анасын сыйламайды. Үйден кетіп қалушылық та осындайдан шығады, бала ата-ана шуағын сезінуден қалады, бос уақытын көшеде сенделумен өткізеді. Мұның бәрі тәрбиенің әсерін әлсіретеді.
Не болса соған баланы жазалай беруге де болмайды. Бұған кейбір отбасылар мән бермейді. Әкесі болсын, шешесі болсын, ұлының немесе қызының сәл қылығын, тіпті байқаусыз қылығын кешірмейді. Мұндай тәрбие ешқашанда жақсы нәтиже беріп көрген емес. Жазықсыз жазғыра беру балаға кейде теріс әсер етеді. Ол қатесін түзетудің орнына оны ушықтыра түседі. Айтқанды тыңдамайды, қайта бәрін де керісінше жасауға ұмтылады. Кейбір жекелеген ата-аналар баласына ақырып-жекіріп отырады. «Шық», «кет», «ананы әкел», «мынаны әкел», «болмайды» деп бұйыра сөйлейді. Ал жасөспірімдер ондайды тез көңіліне алады. Сондықтан да не істеу керектігін ақырып емес, жылы лебіз арқылы жайлап түсіндіру керек. Балаға әсер ету құралдарын ойластырған кезде қателігі неден болады, кемшілігін өзі мойындай ала ма? Жасы нешеде деген сияқты көптеген жайлармен санасуға тура келеді. Яғни бала тәрбиесі – өте күрделі мәселе. Оған ат-үсті қарамай, үнемі іздену үстінде жүру керек.
Айжан САРҚҰЛОВА,
ардагер ұстаз
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы,
Ембі қаласы