Театр • 21 Наурыз, 2018

Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрының шежіресі

2032 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең алғашқы қуыршақ театры – Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрының тарихы 1935 жылдан бастау алады. 

Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрының шежіресі

Тарихы таяқ қуыршақтан басталатын өнер ордасы дами келе, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалармен қатар соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі жабдықтармен көркемделіп, кішкентай көрермендерге түрлі жанрдағы қойы­лымдар ұсынып келеді. Елімізде және шетелдерде өтетін республикалық, халық­аралық фестивальдерде топ жарып жүрген өнер ошағының репертуарлық саясатының ауқымы да кең. Бірақ осыған қарамастан, балдырғандарға өнер дейтін өзгеше өлкенің бар екенін білдіріп, теа­тр туралы түсінігінің қалыптасуына ықпалы ерекше. Қуыршақ театры туралы қазақ тілінде жазылған мамандардың зерттеу жұмысы жоққа тән.

21 наурыз – халықаралық Қуыршақ­тар театры күніне орай Алматы Қуыршақ театрында 15-19 наурыз күндері аралы­ғында «Қуыршақтар шақырады – 2018» атты театрішілік фестиваль өткі­­зіліп, соның аясында өнертану ғы­лы­мдарының кандидаты, Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбектің «Қазақ қуыршақ театры» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Бұл сүбелі еңбекте қазақтың мемлекеттік қуыршақ театрының 1935-1992 жылдар аралығындағы алпыс жылдық шығармашылық тарихы жылнамалық тәртіппен жазылған. Жинақта табиғаты бөлек қуыршақ өнерінің қазақ фольклорында қолданылуын, сахналық мақсатын, жасалу жолдарын сипаттайды және архивтік материалдар арқылы театрдың өсу-өркендеу жолы кеңінен зерттеліп, кезеңдік спектакльдер, актерлік, режиссерлік табыстары сөз болады.

Тұсаукесерде белгілі театр сыншысы Бақыт Нұрпейіс: «Тек театртанушыларға ғана байқалатын, бірақ Еркін Тілеу­құлұлының да назарынан тыс қал­маған бір мәселе, ұлттық қуыршақ болмайынша, ұлттық Қуыршақ театры деп айтудың еш шындыққа жанаспайтынын кең мәліметтермен дәлелдеуі. Ұлттық қуыршақ жай ғана жасала салмайды, ол драматургиялық пьеса арқылы жасалады. Бұл кітапта театрдың бүгінгі дамуы, бағыт-бағдары, басындағы қиыншылықтары, жетілуіне кедергі болып отырған қолбайлау, олқылықтары – бәрі де сараланған. Мемлекеттік теа­трмен бірге, облыстардағы қуыршақ театрлары да қатар сөз болып, олардың арасындағы өзара шығармашылық бәсеке жайы да автор назарынан тыс қалмаған» деп бағалады.

Фестиваль аясындағы бұл бірін­ші үлкен шара болса, екіншісі – Алма­ты Қуыршақ театрында алғаш рет ұйым­дастырылып отырған фестивальдің өзі. Оның басты мақсаты – театр ре­пер­туарындағы 2017-2018 жылдар ара­­лығындағы сахнаға жол тарт­қан қойы­­лымдарды саралай отырып, қуыр­шақ өнерінің қоғамға әсер-ық­палын арттырып, дәстүрлі ұлттық қуыр­шақ­тарды жаңғырта түсу арқылы жас ұрпақты ізгілік идеясына тәрбиелеу. Фестивальде кәсіби сарапшылар мен көрермендер назарына театр репертуарынан 8 қойылым ұсынылып, спектакль соңында талдау жасалды. Фестиваль теа­тр ішінде өтсе де, оның халықаралық сипатын аңғармау мүмкін емес. Қазылар қатарында режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Астана қалалық Қуыршақ театрының көркемдік жетек­шісі Құралай Ешмұратова, Ресей Фе­дерациясының еңбек сіңірген әртісі, ре­жиссер, Орынбор облыстық Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Вадим Смирнов (Ресей Федерациясы), белгілі театр сыншысы, Ш.Айтматов атындағы Мемлекеттік ұлттық орыс театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Элеонора Турдубекова (Қырғыз Республикасы) болды. Күн сайын екі қойылымнан тамашалаған сарапшылар алқасы «Ең үздік қойылым», «Ең үздік актер», «Ең үздік актриса», «Ең үздік қуыршақ жүргізуші», «Ең үздік қуыршақ дауысы», «Үздік дебют», «Үздік эпизод», «Үздік БАҚ өкілі» сынды аталымдар бойынша жеңімпаздарды анықтап, оларға арнайы дипломдар және 50 мың мен 100 мың теңге аралығында ақшалай ынталандыру сыйлығын табыстады.

Алматы Қуыршақ театрының директоры Талғат Есенәлиев тек қуыршақтарды ғана сөйлетіп, өздері көрінбей тасада қала беретін әртістердің еңбегін әділ бағалап, олардың шығармашылық жағы­нан шабыттанып, іздене түсуіне мүм­кіндік жасаған театр демеушілеріне, қазылар алқасына, қала әкімдігіне алғыс білдірді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ