Суретті түсірген Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»
Қазір суырып салма жырдың ең биігінде қазақтың айтыс өнері тұр деуге болады. Ұшқырлық, тапқырлық, шебер орындаушылық бәрі қабысып жатқан бұл өнер ұлттың сөз өнеріндегі өзіндік ойлау ерекшелігін де көрсетіп тұрғандай.
Осы орайда айтыс ақындарының тартымды әзіл, табан астында суырып салған тапқыр шумақтары жайлы газетімізде «Айтыскерлер айтқан екен» деген айдармен үнемі жариялап отыруды жөн деп білдік.
* * *
Жамбыл облысының тумасы, айтыскер ақын Алтынгүл Қасымбекова 35-ке келгенше тұрмысқа шықпай жүріп қалады. Сахнада сөз сайыстырған қарсыластары ақынның осы бір осал тұсын қайта-қайта айтып, тиісе беріпті. Тіпті бір жолы бір айтыстың өзінде үш ақын Алтынгүлге «күйеуге тимей не ғып жүрсің?» деген мазмұндағы сөзді айтып әбден ығырын шығарады. Сонда үшінші жұппен айтысып отырған Алтынгүл:
Біле білсең менің де қыз атым бар,
Қолдан келсе үкілеп ұзатыңдар.
Меккенің кағбасындай көңілімді,
Мектептің тақтасындай сызасыңдар, – деген екен. Сонда көрермендер ішінен бір кісі атып түрегеліп, «айтысты осы жерден тоқтатыңдар, Алтынгүл жеңді, кешелі бергі айтыста осы айтылғанға жететін шумақ болған жоқ. Мен өз атымнан ат мінгіземін» депті. Сөйтіп, осы бір шумақ өлеңімен Алтынгүл ауылына ат мініп қайтқан екен.
* * *
Арал жайлы жалғыз шумақ өлеңі бүкіл Сыр өңіріне тегіс жайылған әрі жыршы әрі айтыс ақыны Бекұзақ Тәңірбергенов қасында Сұраған Мырзаев деген ақын бар Аралдан пойызға мініп Қызылордаға айтысқа аттанады. Екеуі отырған купеде бір орыс бар екен, өгіз аяңмен келе жатқан пойызда бір жағы жол қысқарсын деп, бір жағы ақша ұтып қаламыз ба деген дәмемен орысқа «карта ойнайық» дейді. Оның да іші пысып жатса керек, келісе кетіпті.
Сөйтіп үшеуі біраз ойнағаннан кейін орыстың қолы жүре бастап, қайта-қайта ұтып тоқтатпай қойыпты. Бір қараса іссапарға аудандық мәдениет үйі бөлген өзі аз ғана тиын-тебендері онан сайын ортайып бара жатыпты. Жағдайларының қиындап бара жатқанын анық білген Бекұзақ сол сәтте орысшалап «мен айтысқа дайындала берейін, екеуің ойнай беріңдер» деп орыс отырған жақтағы үстіңгі төсекке шығып кетіпті. Сөйтіпті де домбыраны кеудеге алып, көздің қиығын орыстың қолына салып қойып көрген бүкіл картасын өлеңге қосқан екен дейді. Орыстың қолы күшті шыққан бір жолы:
Мынауың білек білей ме,
Шынымен шайқас тілей ме?
Ал сен шегін Сұраған,
Тап келдің нағыз дүлейге, – деп сақтандырса, енді бірде:
Жүректен шықты жосық жыр,
Қиықтар мұнда босып жүр.
Орыстың қолы отыз бір,
Мерлеймін десең өзің біл, – деген екен. Сөйтіп бір ауыз қазақша білмейтін орыс Бекеңнің өлеңіне елітіп отырып біраз ақшасынан айырылыпты. Бекұзақтың нұсқауымен алдыңғы кеткен еселері қайтып, қалада неше күнге аужал болардай ақша ұтып алған екеуі «айтыстың пайдасын айтысқа жетпей жатып-ақ көріп келеміз» деп мәз болысыпты.
* * *
Бекұзақ 1987 жылы Сыр өңірінің атынан Павлодарға айтысқа барады. Онда Насыр Жарымбетов деген ақынмен айтысады. Сахнада төкпелете жөнелген Бекұзақты Насыр: «тартылып қалған Аралдан келген бұл не қылған ағылып тұрған ақын?» деген мазмұнда жырға қосады. Сонда Бекұзақ домбырасын сәл бұрап, Сырдың сұлу мақамына сала отырып:
Ақ туын адалдықтың кірлеткем жоқ,
Есімнен туған елім бір кеткен жоқ,
Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ, – дегенде қазыда отырған қасқалар мен көлдей толқыған көрермен орындарынан тік тұрып бір қауым уақыт қол соғып тұрып алған екен деседі. Сол жалқы шумақ бір Бекұзақ емес «Сыр елі – жыр елі» атанған бүкіл Сыр елінің «паспортына» айналып жүре береді. Қазір де бүкіл Қызылорда, Арал өңірі, тартылған Арал теңізінің жағасында осы өлең жазулы тұр.
Дайындаған
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»