Сонымен... екеуара шүйіркелесіп отырып, әңгіме өрбісін деген ниетпен Тікеңе «мүсіншілік өнерге деген құмарлық қалай пайда болды» деймін ғой. – Мені мүсінші қылған туған ауылым Байырқұмның іргесін жанай ағып жатқан Сырдың топырағы мен саз-балшығы, – деді ағамыз.
Тілеуберді Мелдешұлы жастайынан туған жерінің табиғаты мен тарихына қанығып өскен. Қазақы жыр-дастандарды жастайынан тыңдап, аталары айтқан аңыз-әңгіме кейіпкерлерін балаң санасына ұялатып, олардың қиялдағы ғажайып бейнесін саз-балшықпен сомдап ойнапты. Басқа балалар қызық қуып, қыр асып кетсе Тікең дарияның жағасына жалғыз барып, өзі жасаған алуан мүсінді құмға тізіп қойып, ұзақ ойға шомып, терең қиялға берілетін көрінеді... Қысқасы, бозала таңда бойына дарыған кейіпкерлерін қалайда тірілтуді армандайтын.
Әрине көңілдегі үлкен арман, ұлы мақсатты ұштау үшін бір таланттың аздық етерін ол кезде Тікең білді ме, жоқ па беймәлім, бірақ ешқашан еңбек етуден жалықпапты. Ағамызды атақты мүсіншіге айналдырып отырған да осы тынымсыз еңбегі мен өнерге деген тайғақсыз құштарлығы.
Айталық, талапты жас орта мектепті бітірген соң алысқа ұзап кете қоймаған. Ауылды айналсоқтап жүрген балаға Түркістан қаласында тұратын туысқан апайы «босқа жүргенше мұнда келіп, бала қарап берші» деп өтініпті. Сөйтіп Түркістанға барған. Бала қараған. Бірақ ана бір мүсіншілікке құштарлық жанын жай таптырар емес. Бір күні қаланы аралап келе жатып, Мәншүк Мәметова атындағы мектепті көріп қалады. Ауласы кең екен, атшаптырым. «Мына алаңқайды шаңын бұрқыратып бос қойғанша, дәл ортасына батыр қыздың мүсінін орнатып, айналасын гүлмен көмкеріп қойса ғой!». Бұл жас жігіттің көкейіне түскен ойдың ұшқыны. Аздан кейін тағы бір ой ұшқыны жылт етті. «Осыны мен неге істемеймін».
Тікең үйге барып қолына қалам-қағаз алады. Мәншүктің кеуде мүсінінің жобасын жасап, алаңның айналасын көркемдеп сызып, сызбаны алып мектеп директорына барады. Көрсетеді. Бастық баланың риясыз жүзіне бажайлап ұзақ қарайды. Тікең тырп етпейді, нық отыр. Мектеп директоры: «Мен сені мұғалімдік штатқа жұмысқа қабылдайын, сен оның ақысына мына ұсынысыңды ойдағыдай атқар!». «Құп». Осымен сөз бітті, Тікең іске кірісті.
Ол заманда бәрі бар, бірақ кәсіби дүниелер тапшы. Әсіресе мүсін жасайтын әртүрлі металл бұйымдар жоқ. Қысқасы, жиырма шақты күнде Мәншүктің бейнесін жасап, оны гипстеп, бояп-жасқап директорға алып барады. Ол болса бет-аузы тотығып, жүзін шаң басып, алдында тұрған жігітке бір қарайды, көзінен от шашып, сом тұлғасы тірі жаннан айнымай қалған «Мәншүкке» бір қарайды. Аң-таң. «Расымен өзің жасадың ба?». Тікең былқ етпей, мақтанышпен басын изейді. Орнынан ауыр көтерілген бастық құшағын кең жайып жіберіп «Ойпырым-ай, бұла тарихты бауырына басып жатқан ежелгі мекеннен қалған жұрнақ Байырқұмнан да бір ұл туған екен» деп емірене құшақтапты. «Талант тас жарады» деген осы болар.
Сабақты ине сәтімен дегендей, мектеп басшылығы мүсінді орнату ісін жоғары деңгейде ұйымдастырады. Шараға сол кездегі облыстық газет тілшісі, қазір үлкен қаламгер Мархабат Байғұт келіп қатысып, жап-жақсы мақала жазады. Онда Байырқұмнан мүсінші-талант туғаны айтылады. Сөйтіп 18-19 жастағы жігіттің есімі өңірге естіледі.
* * *
Жоғарыдағы оқиғадан кейін Т.Бинашевтың бағы жүре бастайды. Бір күні Бөген ауданының (қазіргі Ордабасы) басшысы Рашид Нұғыманов хабарласады. «Мүсінші бауырым, ауданымыздың арысы Қажымұқан балуанның бейнесін жасап беруге қалай қарайсың?». «Жасаймыз». Сөз бітті. Іс басталды. Аса ауыр еңбекпен Қажымұқан балуанның сом тұлғасы жасалды. Ол аудан орталығындағы Мұңайтпасов музейінің алдына қойылды. Әкесінің «өлі» бейнесіне көз салған ұлы Айдархан «өзін көргендей болдым» деп еңіреген екен. Сол сияқты, даланың бұлшық етіндей (Қ.Мырза әлі) білеуленген мүсінді көрген академик Өмірзақ Айтбаев, мынадай керемет мүсінді жиырма жастағы жігіттің жасағаны мені еріксіз тәнті етті десе, композитор Шәмші Қалдаяқов «бұл бала да мен сияқты оқымаған нағыз самородок талант қой» деп тамсаныпты.
Осы екі арада Тікең Алматы қаласындағы қазіргі Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне түсіп үлгереді. Жас жігіттің ниеті мен табиғи талантын тап басып таныған ұстазы Хәкімжан Наурызбаев «шырағым, сен де өзім сияқты бойына даланың дархандығы дарыған жан екенсің» деп ұлт өнерінің өзегін бұзып, өңін айналдырып, бет-бейнесін бұзып бара жатқан еуропалық стильге еліктемей, жолымды қуатын жан табылды деп, ақтарыла қуаныпты.
Осылай әйгілі Наурызбаевтан дәріс алған Тілеуберді Мелдешұлы оқуын аяқтар тұста, диплом жұмысына «Клоун» дейтін тақырыпта мүсін жасауды ұйғарыпты. Онысын сюрреализм стилінде атқарып шыққан. «Мұндай тақырыпты таңдап алуыңызға не себеп?» деген сұрағымызға мүсінші: – үлкен қала Алматыға келіп, адамдардың шынайы бет-бейнесін білмей көп опық жедім. Адамдардың іс жүзінде жалған клоунға айналып кеткенін кейін білдім де, осы образды мүсіндегім келді, – деді. Мүсінді көрген емтихан комиссиясының мүшелері бірауыздан мойындап, төраға Наурызбаевқа пікір айтуын өтінгенде атақты мүсінші: «Әттең «алты» деген баға болса ғой, мынау жұмыс «бес» деген бағаның аясына сыймай тұр» деген екен.
* * *
Коллежді аяқтаған соң Тікең қазақтың бәрінің басында бар шаруа – пәтер жалдаудың қиындығын 13 жыл көрген екен. Өзі айтады: «осы бір ауыр жылдарда, «әйелім баспаналы болсақ деп армандайды, мен шеберханам болса екен деп армандаймын». Қазір мүсіншінің арманы орындалған. Үлкен баспанасы және ауласында ашып қойған «Өнер ордасы» атты музей-шеберханасы бар. Мұнда стильдік жағынан сонау ХІІІ ғасырға тән көне түркілік мұралардан бастап, мыңдаған жәдігер орналасқан. Кезінде халық мұрасының жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков марқұм осындағы мүсіндерді көріп, Тікеңді «сен нағыз дала академигі екенсің» деп бағалаған дейді.
Сөз соңында бойына ұлттық мұратты толық сіңірген талантты ағамызға «қазіргі қазақ мүсін өнері жайлы пікіріңіз қандай?» деген сұрақты қойып едік, осы сауалды күтіп отырғандай Тілеуберді Мелдешұлы күңіреніп жүре берді. – Қазіргі қазақ мүсін өнерінің соры – қалталылардың өз ата-бабасына арнап, мүсін орнатуы етек алып барады, бұл талғамды жоятын болды. Өнер адамдары ақша үшін осылай халтура жасауда.
Екіншіден, Елбасы Н.Назарбаев айтқан тарихи сананы жаңғыртып, ұлттық кодты оятуда мүсін идеясының маңызы зор. Бірақ осының құнын түсірдік. Кеңес кезінде барлық ауылда, барлық қалада Ленин ескерткіші тұратын, дәл сол сияқты барлық ауылда бір-бір батыр бар және бірінен-бірі аумайды. Әркім ойына келгенді істеп жатыр. Егерде ұлттық кодты оятқымыз келсе, қазақ фольклорындағы өлмес кейіпкерлер: Тазша бала, Қожанасыр, Алдар көсе, тағы сол сияқты ертегі кейіпкерлері – Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқтарды неге сомдамасқа, – дейді. Бұл пікір біздің де көкейге қонды. Расында, қазақтың байырғы танымы фольклор емес пе?! Оны кейіпкерлер арқылы жаңғыртудың жөні бар екені де шындық.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»