Франция ІІМ мәліметінше, супермаркетке келушілерді тұтқынға алған шабуылшы арнайы әскер қолынан қаза тапты. Оның есімі – Редуан Лакдим, 26 жастағы Марокконың тумасы. Есірткі, ұсақ заң бұзушылықтармен бұрын да көзге түскенін, алайда радикалдық көзқарастарымен әйгіленбегенін айтады. Куәгерлердің сөзінше, Лакдим «Ислам мемлекеті» ұйымының әскері екенін айтқан әрі Париждегі 2015 жылғы қарашада болған ауқымды терракт кезінде басты күдікті ретінде тұтқындалған Салах Абдесламды түрмеден босатуды талап еткен.
«Еліміз ислам террорлық шабуылына ұшырады», - деп мәлімдеді Франция Президенті Эммануэль Макрон. Сонымен бірге атыста қаза тапқан полиция офицері Бельтрамның өлімін «нағыз қаһармандық» деп атады. Арно Бельтрам қызмет еткен Од департаменті алдында көңіл айтып келушілердің қатары толастар емес.