26 Наурыз, 2018

Терроризм – бизнес пе?..

532 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, жаңа жүзжылдық есік ашқалы бері әскери күш жекелеген мемлекеттердің ұлттық мүдделерін іске асырушы негізгі құралдардың біріне айналып барады. Оның үстіне елдердің ішкі кикілжіңдеріне шетелдіктердің тікелей араласып, оны асқындырып жіберетін жағдайлар да жиірек көрініс беруде. Бұлар сол өңірдегі бұрыннан қалыптасқан қауіпсіздіктің моделін бұзуға және елдердің мемлекеттілігін қиратуға соқтырып жатады.

Терроризм – бизнес пе?..

Бүгінде Сирияда, Сомалиде, Ливияда және Йеменде дәл осындай аса қиын жағдай қалыптасып отыр. Олар өз тәуелсіздігін жоғалтып алудың, мемлекеттігінен айырылып қалудың алдында тұр. Сондай-ақ бұл елдердің аумағын терроршыл топтар, радикалдар мен есірткі саудалаушылар, қарақшылар мен адам саудасымен айналысушылар «жаулап» алған десе де болады. Бұрындары аса ірі террорлық топтар, мысалы «Ислам мемлекеті», «Талибан», «Әл-Каида» сияқты құрылымдар жекелеген өңірлерде іс-әрекет етіп келсе, енді олар жаһандық саясатқа араласуға ұмтылып келеді.

Ондаған жылдардан бері терроризм бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр. Оның шекара таңдамайтынын әлемдік қоғамдастық та мойындады. Сарапшылардың пайымдауынша, аса қауіпті бұл проблеманың әскери және гуманитарлық өлшемдерімен қатар, экономикалық өлшемдері де бар. Себебі терроризм терроршылар бақылауындағы аймақтардың экономикалық инфрақұрылымдарына едәуір нұқсан келтіреді. Елдерге шетел инвестициясының келуін тежейді. Халықаралық сауда-саттықты дамытуға, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты өрістетуге кері әсер етеді. Бұдан дамыған елдердің өздері де экономикалық шығынға ұшырап жатады.

Бұл Орталық Азия елдеріне де қатысты. Әлем және экономика институты мен Мэриленд университетінің бірлесіп дайындаған «Жаһандық терроризм рейтингі – 2016» баяндамасында көрсетілгендей, жаһандық трансформация жағдайында Орталық Азияда терроризмнен келген материалдық шығын 2004 жылғы 18 миллиард доллардан 2015 жылы 90 мил­лиард долларға дейін өскен. Бұл жерде сөз Орталық Азия өңірінде аса маңызды бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға террористік топтардың кедергі келтіргені жайында болып отыр. Өйткені соңғы жылдары халықаралық террористік ұйымдардың өздері қуатты экономикалық құрылымдарға айналғаны шындық. Нақты мысалдар да бар.

Еңбек нарығы дамыған және ірі қаражат айналымда жүрген қазіргі кезде терроризм жаһандық деңгейдегі табысты бизнес көзі болғаны рас. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, 2016 жылы «Ислам мемлекеті» экстремистік топтары заңсыз мұнай саудасынан 260 миллион доллар пайда тауыпты. Ал содан бір жыл бұрын осы топтың терроршыларының заңсыз жолмен тапқан табысы 500 миллион доллардан асқан екен. Сондай-ақ «Талибан» қозғалысының «табысы» да осыған деңгейлес. Бұл экстремистік ұйым Ауғанстандағы есірткі саудасынан жыл сайын 400 миллион долларға дейін, қымбат тастарды контрабандалық жолмен саудалаудан 200-300 миллион доллар аралығында пайда табатынын халықаралық сарапшылар дәлелдеді.

Бүгінде әлемдік экономикада тұрақсыздық байқалады. Оны тұрақтандырып, ілгерілетуге қарекет жасалып-ақ жатыр. Өкінішке қарай қор нарығында қалыптасқан тәуекелдер «көпіршігі» оған жол бермеуде. Мысалы, 2016 жылы жаһандық экономиканың өсімі 2,3 пайызға төмендеп, «рекордтық көрсеткішке» құлдыраған. Биылғы жылы ол 2,9 пайызға өседі деген болжам жасалып отыр. Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның баяндамасына қарағанда, оның себебі табыстар теңсіздігінің ұлғаюына, қоғамның полярлануына және тұрғындардың қартаюына байланысты. Оған, сондай-ақ геосаяси бақталастық пен іргелі мемлекеттер арасындағы өзара сенімнің жоқтығын қосуға болады. Міне, осындай мәселелер әлемдік экономикалық жүйенің дамуына тосқауыл болуда.

Қазіргі кезде Орталық Азия өңіріндегі мемлекеттердің саяси және экономикалық одағын құруға мүмкіндіктері бар. Біздің ойымызша, осындай ұйым қажет-ақ. Бұл күн тәртібінен түспек емес. Себебі Орталық Азияда шешімін күткен күрделі де өзекті проблемалар баршылық. Мысалы, Ауғанстандағы тұрақсыздықтың бір өзі өңірлік проблемадан асып, халықаралық деңгейге көтерілді. Бұл қауіпсіздік архитектурасын жаңаша қарастыруды, жаңаша құруды қажет етеді. Ол үшін ең алдымен Орталық Азия елдерінің арасында өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастық жүйесінің негізі қалануы тиіс. Сондықтан да «сыртқы ойыншылардың» ұсынысын күтпей-ақ өңірлік қауіпсіздікке қатысты үлгі-моделді өңір елдерінің өздері дайындағаны жөн. Бірінші кезекте бұл жеке мүддеміз үшін қажет.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»