Қазақстан • 26 Наурыз, 2018

Елбасы Үндеуі ақысыз білім алуға зор мүм­кіндік берді

75 реткөрсетілді

Елбасы Үндеуі көктемнің самал желіндей жастардың жүрегін ерекше қуанышқа бөлегені анық. Қазір білім, мамандық алуға құштар, бірақ грантқа іліне алмай, ақылы бө­лімд­ерде оқуға қаржысы болмай уақытын жоғалтатын жастар аз емес.

Енді Елбасы қолдауының ар­қасында жастарымызға өзіміздің елде ақысыз білім алуға зор мүм­кіндік туды. Әр оқу жылында бөлі­нетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөлінуі көптеген жас­тар­дың үмітін жағып, жоғары білім­ге деген қолжетімділікті арттырып отыр.

Қазіргі таңда аймақтық универ­с­итеттердің барлығы көп салалы жоғары оқу орындары. Яғни тек бір бағытта емес, экономикалық, педагогикалық, гуманитарлық, техникалық, аграрлық, құқық, жаратылыстану, тағы басқа салаларға мамандар даярлайды. Елбасының қосымша бөліп отырған білім грантын аймақтық жоғары оқу орын­дарына тапсырған талапкерлер де иелене алады. І.Жан­сүгіров атындағы Жетісу мемле­кет­тік университеті де өңірде орналасқан бірден-бір көп салалы білім ордасы болғандық­тан Алматы облысының, жалпы республикамыздың жас тұр­ғындары біздің университетке талап­кер болу арқылы бақтарын сынауға мүмкіндіктері зор. Тағы бір айта кететін жағымды жаңалық, жыл сайын Алматы облысының әкімдігі әлеуметтік көмек көрсету жолымен жүздеген жастарға жергілікті бюджет есебінен білім беру грантын тағайындайды. Мәселен, былтырғы оқу жылында 83 жас түрлі мамандықтар бо­йынша әкім грантымен білім алып жатыр. Бұл үрдіс биыл да жалға­сын табады деген сенім жоғары. Себебі Елбасының бес әлеуметтік бастамасы жарық көрген күн­нен облыс әкімі Амандық Баталов І.Жансүгіров атындағы Жеті­су мемлекеттік университе­тіне үлкен қолдау көрсетіп, ал­дағы 2018-2019 оқу жылында 100 грант бөлетінін жеткізді. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да елді цифрландыру үдерісіне байланысты техникалық мамандар дайындау керектігін айтқан болатын. Осы жолғы Үндеуінде бөлген 20 мың білім грантының 11 мыңы техникалық мамандар дайындауға жұмсалатынын еске салды. Бұл өте дұрыс шешім. Елдің экономикасын дамыту үшін өндіріс қашанда ту ұстаушы болып қала бермек. Қазір бұл саланы жаңа технологиялармен дамыту үшін цифрландыру жұмыстары басталды. Оған инженерлермен, технологтермен қатар ІТ-маман­дар өте қажет. Осы мақсатта біз ал­дағы оқу жылында техникалық, аграрлық сала бойынша жаңа ма­ман­дықтар ашуды көздеп отырмыз. Жаңа мамандықтар есебінен Елбасы бөлген қосымша грант жетісулық жастарға да бұйырады деп ойлаймын. Университеттегі құрылымдық бөлімдер жұмысын, оқу процесінің кейбір тұстарын цифрландыру мақсатында жос­парлау және цифрландыру депар­таментін құрып, нақты жұмыс­тарды қолға алдық.

Елбасы Үндеуінде айтыл­ған студенттердің жатақханадағы жағ­дайын жақсарту мәселесі өте орынды. Әрине бұған дейін де студенттерді жатақханамен қам­тамасыз ету мәселесі күн тәр­­тібі­нен түскен емес. Десек те Пре­зи­денттің «2022 жылдың соңы­на дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын», деуі түйінді мәселені тарқатқандай болды. Мұның білім ордаларының жағ­дайын жақсартуға, студент­тер­дің күнкөрісіне, сабаққа алаң­сыз қарауына ықпалы зор болары сөзсіз. І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік универ­си­те­тінде 524 орындық екі жатақ­хана бар. Онда ата-анасы жоқ студенттер тегін тұрады. Об­лыс ор­талығынан шалғайда орна­лас­қан елді мекеннен келген студент­тер, әлеуметтік жағынан аз қор­ғалған, көп балалы отбасынан шыққан, жатақханада тұруға ниет білдірген студенттердің барлығы жатақханамен қамтамасыз етілген. Барлық бөлмелер тұрмыстық техникамен, жұмсақ жиһаздармен жабдықталған. Дегенмен де Елба­сы Үндеуінен кейін студенттерге жаңа жатақхана салу мәселесі көтеріліп, облыстық әкімдікпен келісім жүргізілді. Алдағы уақытта 500 орындық жаңа жатақхана салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жер бөлініп, құжаттар дайындалып жатыр.

Әлеуметтік жағдайдың жақ­саруы – қуатты елге айналу жолын­­дағы қарекет.

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің

ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар