mangystau.gov.kz
Ақтау қаласында ұйымдастырылған өңірдің басты мерекелік іс-шарасына Маңғыстау облысына арнайы сапармен барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысып, Ұлыстың ұлы күнін жергілікті халықпен бірге қарсы алды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Маңғыстаулықтарды және барша Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтаған партия Төрағасының бірінші орынбасары халқымыз ежелден бұл күнді жаңару мен жасарудың бастауы, береке мен бірліктің арқауы деп білетінін айтты.
– Ата-бабамыз әз-Наурызды қашанда еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі ретінде атап өтіп келеді. Халқымызды ортақ мүддеге, береке-бірлікке, ынтымаққа ұйыстыратын бұл мейрам бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісінің жарқын көрінісі, – деді Мәулен Әшімбаев.
Наурыздың бастауы саналатын «Амал» мерекесі дәл осы өлкеден тамыр жаятыны баршаға белгілі. Оның үстіне әулиелі мекен Маңғыстаудың халқымыз үшін алар орны да ерекше. Өңірде Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Масат ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі сияқты жерасты мешіттері бар. Қойнауына ғасырлар сырын жасырған Кенті баба қорымы да асыл мұраларымыздың бірі. ТабиғатАнаның өзі тарту еткен тылсымға толы Саура сайы, Қарақия ойпаты, Тамшалы көлі және Шерқала мен Отпан тау да киелі мекенге көрік беріп тұрған құнды жәдігерлеріміз. Осы тұрғыдан келгенде Маңғыстау облысының ұлттық құндылықтарды насихаттауда маңызы зор.
– Ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда маңғыстаулықтардың рөлі ерекше. Елбасы айтқан ұлттық кодты сақтауда «көрісу күні» сияқты мерекелердің де маңызы зор, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Маңғыстауға сапары барысында М.Әшімбаев сондай-ақ партияның облыстық активімен кездесіп, осы өңірдегі нұротандықтармен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын кеңінен талқылады.
Жалпы Маңғыстау қашанда тың бастамаларымен ерекшеленген өңір. Биыл да Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізуде. Бұл жөнінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі әр қазақстандық отбасының баспаналы болуын көздейді. Өткен жылдың өзінде облысымызда 7 мың отбасы баспанамен қамтылды. Биыл жаңа бағдарлама арқылы бұл көрсеткіш еселене түсетіні анық. Осы мақсатта біз наурыздың алғашқы күні облысымызда «Асар – Жомарт жүрек» акциясын жарияладық. Акция барысында 25 млн теңге көлемінде қаражат жиналып, 3500 отбасына көмек көрсетілді», – деді.
Мәулен Әшімбаев пен Ералы Тоғжанов аталған акцияның шапағатын көріп, баспаналы болған көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері, ІІ топтағы мүгедек Моншақ Жолмағамбетованың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.