3 қылмыста балалар өлтірілген, 24 жағдайда ауыр және орта дәрежедегі дене жарақатын алған, 12 рет зорлауға тап болған. Тонау, ұрып-соғу және т.б. зорлық-зомбылықтың салдарынан 14 бала өзіне-өзі қол жұмсауға барған. Жалпы айтқанда, 2015-2017 жылдары еліміздегі барлық қылмыстың 8439-ы жасөспірімдерге қарсы жасалған.
Он шақты жылдан кейін қазіргі жасөспірімдер белді азаматтар болады. Адами капитал дегеніміз осы. Бірақ олардың дұрыс азаматтар болып өсуіне біз лайықты жағдай жасап отырмыз ба? Егер жасаған болсақ, оларға қарсы қылмыстардың саны неге артып отыр?
Міне, осы сұрақтарды біз үнемі өзімізге қойып, оған жауап іздеуіміз керек. Алдымен балалар мен жасөспірімдерді есірткіден, балиғатқа толмай жыныстық қатынасқа түсуден сақтауымыз керек. Бұлар адамгершілік мәселелері ғана емес, олардың денсаулықтарын сақтаудың амалы. Сондықтан бұларды мемлекеттік қауіпсіздік мәселелері деп қарастырған жөн.
Бүгінгі таңда елімізде 5 миллионнан астам бала мен жасөспірім бар. Әлемдік зерттеулер орталықтарының деректеріне қарағанда біздің балалар өздерінің білімі мен білігі бойынша 100 елдің арасында 12-ші орын алады екен. Олардың бәрі де денсаулықтары жақсы, бақытты болып өсуді қалайды. Ал бұл іске мемлекет тарапынан қамқорлық болмаса, қол жеткізу қиын.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қорғау бағытында соңғы жылдары біршама заңдар жетілдірілді. Мәселен, Қылмыстық кодекске 2015 жылдан бастап енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда жасөспірімдерді зорлағаны мен қорлағаны үшін қылмыскерді өмір бойы түрмеге қамау жазасы енгізілді. Сондай-ақ ондай қылмыскерлерге шартты жаза беру, кешіріммен келісімге келу, т.б. қолданылмайтын болды.
Алайда қылмыс санының өсуі өкілетті органдар жұмысының жеткіліксіздігін көрсетіп отыр. Сонымен бірге қазір баланың ата-ананың алдындағы, қоғам алдындағы міндеті ұмытылып, тек құқы туралы әңгімелер ғана жиі айтылатын болды. Мұның да өзіндік жетіспейтін жақтары бар.
Осы мәселелердің бәрін Мәжілістің жалпы отырысында айта отырып, біз Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадық. Онда балалар мен жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың өршуін тоқтату үшін барлық мемлекеттік органдардың, жергілікті басқару органдарының және қоғамдық институттардың іс-әрекеттерін үйлестіретін заңнамалық нормаларды жетілдіруді қарастырған заң жобасын әзірлеу керектігін ұсындық.
Сәуле Айтпаева,
Мәжіліс депутаты