Қазақстан • 27 Наурыз, 2018

Жаңа зауыт салу – өмір талабы

1160 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«...Еліміз бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр. Жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажет. Төртінші мұнай өңдеу зауыты... орны, инвестициялар көзі мен құрылыс мерзіміне қатысты мәселелерді Үкімет шешкені жөн...».

Жаңа зауыт салу – өмір талабы

Елбасымыз 2014 жылғы 17 қаң­тар­дағы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында осылай деді. Күні бүгін де өзекті проблема.

Өткен жылдың сәуірінде Әзер­байжан сапарынан келе жатып Ақтауға соққан Нұрсұлтан Әбішұлы: «Маңызды транзит торабы ретінде Маңғыстау өңірі өркендейді. Мұнай мен газ саласы дами береді, дегенмен өңдеу жағына қарай көшуіміз қажет» деген еді. Елбасы бұл жерде «өңдеу жағына қарай көшуіміз қажет» сөзін тегін айтпағаны түсінікті. Ол төртінші мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) идеясының алғаш осы өңірден шық­қанын және құрылысының да осы өңірде басталғанын, өзінің кезінде сол жұ­мыс­тардың басы-қасында жүргенін жиын­ға қатысқандарға меңзегенін маң­ғыстаулықтар айна-қатесіз түсінген еді.

Ал Энергетика министрі Қ.Бозым­баев жанар-жағармай дауы өзіне тиіп, Ел­ба­сынан сөгіс алған кезде ғана төртінші зауыт салу керектігін әңгі­мелей бас­­тады. Жақында өткен Үкі­меттің кеңей­­тілген отырысында Ел­басы осы мәсе­­леге кедергі келтіріп жүр­ген­дердің аттарын атамаса да, сын тезіне алып кет­ті. Министр енді бел шешіп кіріскен тәріз­ді. Іске сәт!

Демек өмірдің өзі жаңа МӨЗ-дің ауа­­дай қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Ыңыршағы көрініп тұрған арық мәс­­тектей үш МӨЗ қанша жаңғыртсаңыз да қазақша айтқанда «мал болмайтыны» нақты дәлелденді. Өйткені оларға кеткен шығынға баяғыда заманауи үлгідегі жаңа зауыт тұрғызып алуға әбден болатынын сарапшылар айтып та жүр, оны халық та ұғынып болды.

Бір айта кетер нәрсе, бұдан 34 жыл бұрын, яғни, 1984 жылы Бозашы түбе­гіне Елбасымыз (ол кезде Министрлер Кеңесінің Төрағасы) ішінде КСРО Жос­парлау комитетінің төрағасы Н.Бай­ба­ков бар бір топ одақтық және рес­пуб­ли­калық министрлерді бастап келді де, Бозашы мұнайын игерудің болаша­ғын талқылады. Міне, осы жиын­да қа­зақ­стандықтар тарапынан гео­логия­лық қоры миллиард тоннаға пара-пар Боза­шы түбегінде ванадий металы бар мұнайды өңдейтін дербес зауыт тұр­­ғы­зыла қалғанда Маңғыстаудың өзге кен орын­­дарындағы өндірілген мұнайды басқа жаққа тасып шығынданбай, өз жерін­де өңдеудің тиімділігі де айтылған бола­тын.

Елбасымыз еліміздің экономикасын өркендетіп, одан әрі нығайта түсуге өл­шеусіз үлес қосатын бұл бастаманы тәуелсіздігіміздің елең-алаңы кезінде-ақ жүзеге асырмақ болып, Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының құрылысын бастатқаны белгілі.

1991 жылдың 14 ақпанында Қазақ КСР Министрлер кабинеті мен КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі аталмыш зауыт жөнінде бірлескен №101 қаулы қабылдады. Құжат қабылданбай тұ­рып Бозашы мұнайын тиімді пай­даланудың және өңдеудің, сөйтіп елі­мізді сапалы мұнай өнімдерімен қам­та­масыз етудің әртүрлі жолдары терең зерделенген-ді. Жоба бойынша Бозашы мұнайын терең өңдейтін зауыттың қуаты жылына 6 миллион тонна өнім болды. Өнімінің құрамына өте жоғары сапалы бензин, реактивті және дизель отыны, жол және құрылыс битумдары, сонымен бірге өте бағалы компоненттер – ванадий мен никель кірді.

Зауыттың жылына 3 мил­лион тонна мұнай өнімдерін шығара алатын бірінші кезегін 1995 жылы пайдалануға беру жоспарланды. Министрлер кабине­тінің 1991 жылғы 14 қазандағы №605 қаулысымен зауыт құрылысына қосым­ша шаралар бел­гі­ленді. Экспортқа шыға­ру квотасы жасал­ды. Жыл сайын Боза­шы­ның 1 миллион тон­на мұнайынан түс­кен қаржыны зауыт құрылысына мақ­сатты жұмсау үшін Әлем­банктен мұнай сатудан түсетін қаржыны жинайтын арнайы валюталық есепшот ашылды.

Зауыт құрылысына тапсырыс беруші де, бас мердігер де, бас жобалаушы да бел­гі­лі бол­ды. Зауыт құрылысын салу кон­кур­сына АҚШ-тан да, Германия­дан да, Жапониядан да әлем­нің белгілі фирмалары мен кон­сор­циумдары қатысты. Конкурс­та жапо­ниялық «Мицуи-Ми­цу­биси-Тойо» фирмасы жеңім­паз атанып, қысқа мер­зімде зауыттың техникалық-эко­номикалық негіздемесін (ТЭН) жасақтап берді. Жапониялық жобада Бозашы мұнайын ғы­лым мен техниканың озық жетіс­тіктерін қолдана отырып, әлем­дік стандартқа сай және әлемдік нарықта сұранысқа ие 92,5% те­рең өңдеу, сонымен бірге сирек металдар ванадий мен никельді бөлектеу көзделген еді...

Зауыттың орнын белгілеу де оңай бол­ған жоқ. Мұқият зерт­теліп, Ақ­тау қаласынан 43 км жерден орын таң­дал­ды. 1992 жылы эко­логиялық қыз­мет ор­­ган­дарымен бірге қорша­ған ортаға тигі­зе­тін әсері анық­тал­ды, мақұлданды және бе­кі­тілді.

Сөйтіп 1992 жылдың 12 ма­мы­рында өңір та­ри­хында есте қа­лар оқиға болды. Зауыт­­тың ал­ғашқы қадасы қағылып, алып экс­ка­ватор ожауымен бола­шақ зауыттың орны­ның топы­ра­ғы қопарылды. 1992-1994 жыл­­дары жұмыс біршама қарқын­ды жүрді. Зауытқа ондаған ки­лометрлік асфальт жол, теңіз суын әкелетін 20 км технология­лық құ­быр (диаметрі 1220 мм), 15 км ауыз су құбы­ры, Тамақ те­мір жол стансасынан 47 км те­мір жол төселді, ВЛ-6 кв элек­тр желісі тар­тылды. 1994 жыл­дың мамырынан бастап жұмыс қар­жы жоқтықтан баяулай бас­тады да, кейінгі жылдары тоқтады.

1994-1997 жылдар жас тәуел­сіз Қазақ­стан үшін шындығында аса қиын жылдар бол­ды. Аса үлкен бағдарламаларды қаржы­лан­дыруды республика бюджеті көтере бер­мейтінін, сондықтан да жапониялық инвесторға Үкімет өз тарапынан кепілдік бере алмағанын мұнайшылар түсінді.

Содан бері де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. «Жоба ескіріп қалған жоқ па?» деген сауалдың алдан шығары сөз­сіз. Аймақтағы осы істің маман­дарының пікірінше ол жоба әлі ескірген жоқ, ескірмейді де. Онда әлем­дік мұ­най өңдеу өнер­кәсібіне қатысты мол тәжі­рибе­нің таңдаулы жиынтығы бар екен. Зауыт жобасының оң сарап­тамалық қорытындысын Ан­глия­ның атақты тәуелсіз фир­­ма­­лары (Ален энд Овери, Кем Сис­темз, Барклайз Банк) жа­са­ған.

Қазақстан инвесторлар үшін ең сенімді әрі ең тиімді аймақ болып табылады. Бұдан жиырма жыл бұрын мұнай өңдеу зауы­тын салуда Маңғыстау өлкесі­нің таңдалуы тегін емес еді. Мұ­найды өндіру мен өңдеудің бір өңірде болу тиімділігі еске­ріл­ген-ді.

ММӨЗ құрылысын қайта жаң­ғыртудың тиімділігі ерен. Бозашы мұнайының жоғары тұт­қырлығы әлемдік нарықта шикі­лей сатқанда төмен бағала­нады, бұл да Үкімет тара­пынан еске­рілген. Өлкенің табиғи бай­лы­ғын өз жерінде өңдеп сату­дың тиімділігі өте жоғары бол­мақ. Кен орындарындағы («Қа­лам­қас», «Қаражанбас», «Солтүстік Бо­за­шы», «Жалғызтөбе», «Қа­ламқас-теңіз», «Қара­жанбас-теңіз», «Өзен», «Жетібай», өзге де теңіздегі кен орындары ) мұ­найдың үл­кен қоры ММӨЗ-дің қуатын арттырып, ұзақ мерзімге пайдалануға қол жеткізеді. Ши­кі мұнайды тасымалдағаннан гөрі, тұ­тыну­шыларға дайын мұнай өнімдерін тасы­мал­даған өте тиімді екенін түсіндірудің қа­жеті жоқ. Мұнай әлемдік стандартқа және әлем­дік нарықта сұранысқа ие боларлықтай 92,5% терең өң­деледі, сонымен бірге сирек ме­талдар ванадий мен никель алынады.

«Алтын шыққан жерді бел­ден қаз» дейді қазақ. Зауыт­ты Маңғыстаудан салу жөнін­дегі өңірдің бір топ мұнай арда­гер­лерінің, облыс­тан сайланған Пар­ламент депутаттарының Үкі­­метке жолдаған ұсыныстары сонау 2014 жыл­дан бері жатыр, оған тиісті орындар түсі­ніс­тік­пен қараса дейміз.

Дүниежүзілік маңызға ие, ши­кізат өң­дей­тін алып кәсіп­орынды маңында мұнай кен орын­дары жоқ, тасымалдауға мол шы­ғын кететін (техноло­гиялық базасы жоқ) сұр далаға апа­рып қондыра салуға болмайды. Павлодар мен Шымкент мұ­най өңдеу зауыттары солай, яғни алыстан тасымалдана­тын Батыс Сібірдегі Ресейдің мұ­найына не­гізделіп салынған. Сон­дықтан өзгеге тәуелді. «Кісі­де­гінің кілті аспанда». Оның бел­гілі дәрежедегі өзіндік қиын­дық­тарын қолмен ұстап, көзбен кө­ріп жүргендер ғана біледі. Қа­зақ­стандық мұнай өңдеу зауыт­тарының бәрін шикізаты алыс кен орындарынан тасымалдауға негізделген нұсқаға байлап қоюға болмайды. Қазір бізге өң­делген мұнай өнімдерінің 35%-ы Ресейден келеді.

Өз шикізатымен жұмыс іс­теп, мұнайды 92,5% терең өң­дей­тін, сөйтіп «Еуро-4», «Еуро-5» маркалы жоғары сапалы бен­зин шығара алатын, сирек кен болып табылатын ванадий мен никельді де өңдей алатын, сөй­тіп сыртқа экономикалық және стратегиялық тұрғыдан тәуел­сіз­дігімізді қамтамасыз ететін мұ­най өңдеу зауытының құры­лысын өз орнында қайта жаң­ғыр­туды сұрауға маңғыстау­лық­тардың моральдық құқы бар деп білеміз.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»,

Айтуар ӨТЕГЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі

Маңғыстау облысы