Театр • 27 Наурыз, 2018

Эссе. «Сағынсаңдар мені, театрға барарсыңдар!..»

830 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қаралы жұрт жас қабірден кері ысырылып, тарқай бастады. Бірауық қимастықпен ошарылып тұрып қалған ет жақындары да амалсыздан ілби басып ыдырады. Бейіт басында шоқиып жалғыз Әнуар қалды.

Эссе. «Сағынсаңдар мені, театрға барарсыңдар!..»

«Талақ еттің мені, опасыз тағдыр!– деп үнсіз егілген Әнуар деміне шашалды.Тынысы тарылып, буынғандай ауа қармады. Оның үстіне осыдан төрт жыл бұрын тізеден жоғары кесі­ліп тасталған сол аяғы кәдімгідей жан бардай сыздап, көзі қарауытып кет­кендей. Сыздағаны қара саны бо­лар, әрине. Әйтпесе протезге жан біт­пеген болар. Амалсыздан оң жақ жамбасына лықсып, протез аяғын кең көсілмек болып еді, оған әл-дәрмені жетпеді. Манағы әзірде есі кіресілі-шығасылы бір шақта, қошқармүйіз таяғы анадай жерге ұшып түскен екен. Соны қалай қолыма алсам екен деп, көз қиығын салды. Бауырын көктесінге төсей жиырыла жазылып, кәдімгі мың қатпарлы жемдік құрттай бунақ-бунақ сақиналарын созып, пошымы ұзарып, қолы жетті таяғына. Ілгекті тұтқасынан сығымдап алды. Енді таяғын тіреп, оңтайлы тіктеліп, протез аяғының сырқырауын басты.– Уһ! Апам-ай! Мені кімге тастап кеттің! Құдай-ау, енді менің кімім қалды?! Кімім қалды?! Кімім қалды, қу тағдыр?! Не жауабың бар? Апа, сен не айтар едің? Қалай жұбатарсың мені? Жұбатшы, жұбатшы! Советай ағамнан айрылғанда, көзіңнің жасын көл қылып басу айтқан өзің едің ғой. Осы қайғыдан араға бір жыл түскенде тұңғышым – Ілиясым опат болып, жүрегім үзіліп, есім ауғанда жан шақыртып едің маған. Жан Апа, енді кімге жалынам? Кім менің күйреуік тағдырыма араша түседі. Өзің кеттің. Өзіңмен мені ала кетсеңші. Несіне қалам артыңда? Ала кетші, ерте кетші, тас­тамашы, Апа-а-а-а!»

* * *

...Алматыға оқуға бір топ сы­нып­тас­тарымен аттанған шағы ше? Бәрі де есте. «Боранбайдың баласы әке жолын қуып, ауыл шаруашылығы саласының білдей маманы болуды армандапты», деген үмітті сөзбен қатарласып: «Аудан әртісі атанған Әнуар соның оқуына түспегенде қайтеді?» деген кесімді пікір де ел ішін аралап кеткен. Қос пікірдің де жаны бардай. Ендігісін өмір көрсетер... Осы тұжырымдардың қай­сысының жалынан ұстарын анық біл­меген Әнуар алыс жолға аттанатын кө­лікке келіп мінген... «Әртіс бол, атағың дүйім елге жайылған актер бол. Сонда-а-а...», – деп жанарына жас іркіп қалған бір бейненің қоштасарда нені мезгеп тұрғанын да түсінетін... «Елге шаруашылық директоры болып кел», деген анасының аманатын қайтпек?!.. Екіұдай сезіммен, дүбара күймен үлкен жолға түскен...

* * *

«Ол ініңнің сабағы сұйықтау», деп қалды бірде доцент жолдасы Әнуардың ағасы Сайлауға. «Ол інің «сопраматты» оқудың орнына театрға қатысты әдебиеттерге үйірсек екен», деді екіншісі. Осылайша бәрін сезіп жүрген. Әнуардың өзімен де оңаша сөйлескен. «Оқимын, оқимын ғой», деп құтылатын. Бір жолы студияның кешкі, актер шеберлігі мектебіне барып жүргенін естіп, қатты қысып сөй­лескен. «Аңсарым ауған соң ар­тық болмас деп, жай үйреніп жүрг­е­нім ғой», деп сытылып кеткен аға қыспағынан. Сайлау сұрайды. Әнуар інісі алдайды. Бәріне қанық. Өзі оқитын ауыл шаруашылығы инсти­ту­тын тастағысы кеп жүр екен... Міне, мұн­дай жалтарма ойынның енді жал­ғаса беруін уақыт та шектейтін кез келгендей еді.

– Иә, Абай атамның өлеңдеріне құмармын, аға! Көрерсіз, күні ертең сахнадан Абайдың өлеңдерімен қоса қара сөздерін де тамылжытып, там­сантып, әр жүрекке ой тастап, тұл­пар­дайын ойқастап, әр сөзін нәшіне кел­ті­ре айтып тұрғанымды көрерсіз, аға! Ант етемін алдыңда, ағатайым! Бата бе­ріңіз, актер болайын, асыл аға!– деп Әнуар кәнігі әртістей көсіліп, әсер­леніп, аруақтанып сөйлеп кетсін. Шабыт қысқан өзін.

– Бауырым-ау, дайын әртіссің ғой,– деп Сайлау ағасы қос қолын еркінен тыс жая берді...

* * *

Оқу бітті. Диплом қалтада. Өзге құр­быларындай қызмет іздеп, са­бы­­лып жатпады Әнуар. Сол бұ­рын­ғы қазақ өнерінің қара шаңы­ра­ғы – «әкемтеатрда» онан сайын мыз­ғы­м­астай орнығып қалды. Шы­ғар­ма­шылық ізденіс жалғаса берді. Ты­ным­сыз тірлік. Бір биік алынса, екін­шісіне ашқарақтанып ұмтылады. Өре­сі барын сезгендіктен бе екен, әй­­теу­ір өрге өрлегісі келеді. Бұл кезде талай жаңа рөлдерді шеберлікпен сом­­дап үлгерген еді. Енді дипломды ак­тердің шабысын өзге қырынан аң­дат­паққа бекінген. Иә, сәтін салып А.Афиногеновтің «Ана жүрегіндегі» Ильяны, В.Шек­с­пирдің «Асауға тұсауындағы» Лю­ченционы, Қ.Мұқашевтің «Дала дас­та­нындағы» – Ілиясты келістіріп бей­нелеп, кәнігі шеберлердің сеніміне то­лық кіре бас-
тады.

...Әлгі өзі сомдаған отыз рөл Ән­уардың әйелінен ажырасу қайғы­сын бір­те-бірте көмескілендіріп, ұмыт­тыруға көмектесті...

...Содан соңғы үш жылда жеті рөл­дің жүгін арқалапты. Ойынан со­лар­ды моншақтай тізіп өткізер бол­­са, мынадай маржан тұлғалар менмұндалап шыға келер алдынан: Е.Шварцтың «Күл қыз – Күн қызындағы» Орманшы, М.Әуезовтің «Абай­ындағы» Әбдірахман, Ш.Айт­ма­товтың «Ақ кемесіндегі» Момын шал, Ә.Әбішевтің «Кәусарындағы»  Жанай­дар Абзалов, С.Санбаевтың «Бір құты мұнайындағы» Эм, Офи­цер, С.Сматаевтың «Жұл­ды­зым менің жо­ғарыдағы»  Рақмет, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» Се­ме­нов Тянь-Шанский. Осыларды сах­на­ға «сүйрелеп» жүріп, күйзелістен ес жиды. Өмір мәнін бұрынғыдан да тереңірек ұқты. Ыңыршағын әбден айналдырып барып сенімді сүрлеуіне салды. Өнері өрлеп, ілгеріледі.

...Сәтімен жалғасқан екен осының бәрі. Әнуар 1985 жылдың наурызында атақты актер Камал Қармысовтың қызы Ақбөпеге үйленіп, той жасады. Өмірлік сүйікті жарын тапты. Тәрбие көр­ген, аса ибалы келін түсіргеніне ағайын-туғандары қуанды. Әнуардың әйел­ден бағы ашыларын сезгендей бә­рі. Енді Ілиястың күтіміне қам же­мейтінін ойлап шаттанысты.

.­..Кешкіпей өмірге іңгәлап, Әсел есімді сәби келді.

...Әнуар мен Ақбөпе шаңырағының түтіні түзу ұшып, бақыт құсы олардың төбесінен кетпей, айналсоқтап ұшып жүрді. Қимайтын бір қызық шақтар екен-ау!

* * *

Күтпеген кесел Әнуарды шындап айналдырайын деді. Сол аяғының башпайына түймедей боп жабысқан қара ноқат жанды пәле боп шықты. Неден болды өзі? Тап басып анығына көзі жете қоймайды. Ана жолы киноға түсу машақатымен таудың сар­қыр­а­масын көлікпен кешіп өте бер­ген­де моторы сөніп қап, тура өтке­лек­те қонжиған. Итермесе машина өз күшімен ышқынып шыға алмай­тын болды. Жүргізуші шарасызданып, қа­сындағы жолсерігіне қипақтап қа­рай­ды. Әнуар өзі де амалсыз отыр­ған. Кабинадан лып етіп, суға қарғып түс­ті. Тастай екен, лезде миын қа­ры­ды. Бе­лу­арына дейін малтығып, маши­на­ның артқы қорабына иығын төсей сала қос аяғын қайраң тастарға тіреп, ал кеп бар күшімен ышқынып, барынша берген газ ырғағымен итеңдеп біраз тұрып алды.

* * *

Міне, ілби басып ұлы Мұхтар атасының еңселі ескерткішінің дәп қасына келіп тоқтады Тілектес екеуі. Әнуар алып монументтің мрамор қабырғасын алақанымен сәл сипалап тұрды да, содан күш алғандай немесе теңдессіз суреткерге мұңын шаққандай болып еңсесін тіктеп, ішкі шеріне ие бола алмай қалды: «Мен бейбағыңа пана бола көрші, ұлы ұстазым! Жебей көрші, жеңілдік берші, ардағым. Мен Сіздің ұлы жүрегіңізден туған үлкенді-кішілі кейіпкерлеріңіздің бейнесін сомдаған қарапайым актермін ғой. Демек, Сіздің ең жақын рухани туыстарыңыздың бірімін. Соған мақтанамын. Есіңізге салайыншы, Сіздің пьесаларыңыздағы Маман мен Арыстанды, Сапа мен Сырымды, Әбдірахман мен Дәулет­кел­діні, Бірсімбай мен прокурорды ой­нап, халқыңыздың көңіл таразысы­на безбендегенмін. Шүкір, жаман қа­был­дамаған сыңайлы. Жоғары ба­ғаланғандары қаншама? Демек, мен Сіздің ұлы жүрегіңіздің бір бөлшегімін деп масаттануға хақым бар актермін, жан аға! Бұрын осы қасыңыздан ойнақтаған лақтай секіріп өтіп жүруші едім-ау! Кейде ойланбай өттім білем, тағзым етпей кеттім білем! Кешіре көріңізші! Енді от бас­ып, бір аяқсыз қалбиып қалған жайым бар. Тәубеме түскенде ғана Сіз­ді ойлаппын. Кешіре көріңіз! Ұлы ұс­тазым, театрыңыздың панасына алы­ңыз мен сорлыны! Жүре тұ­рай­ын саяңда, мұрсат бер! Демім үзіл­ген­ше бір кәдесіне жарар болсам дей­мін. Соған дәнекер бола көрші, заңғарым!» деп Әнуар ұзақ толғап, досы Тілектес Мейрамовтың да жанарына мұң ұялатып, театр бабасына көңіл зарын төккен күйі жерге желімдей жабысып, тұрып алды.

Міне, қасиетті сахнаның өзінде тұр! Әнуар алғашында тынысы тарылып, демін реттегенше, бір орнынан тап­жылмады. Сахнаны жаңа көрген жас сәбидей жан-жағына алақ-жұлақ қарайды. Таңғала, тамсана қарайды. Осында өзінің жиырма үш жылдай сайраны өткеніне сенбейтіндей. Әрине мұншама жылдардың ішінде үшінші курстан басталған тәй-тәй сахналық қадамы да кірігіп кеткенін іші сезеді. 1969-1992 жылдардың арасы ғой... Алшаң басқан бақытты шақ­тан қос балдаққа сүйенгенге дейінгі жыл­дар жатыр жадында. Өре­лі де өр­кенді кезең бұл аралық. Таны­л­май келіп, көрермендерін табынтып тас­таған табысты шақ еді ғой ол. Ерке лақтай секіріп, бақытқа лық ата ке­кі­ріп, алаңсыз өткерген күндер-ай де­сеңізші.

«Енді сахнаның нендей кәдесіне жарар екенмін?», дегендей, Әнуар басы қорғасын құйғандай зілденіп, қатты абыржып тұр еді. Қысымы көтеріле бастағанын сезді ме, сезбеді ме, бір кезде сыңар аяғымен жүрелей отыра кетіп, одан оң бүйіріне қиясая жығылып, бүкіл денесімен еден үстінде аунай жөнелді. Бір, екі, үш... рет аударылып түсті. Одан әріге дәрмені жетпеді. Дымы құрығандай сәл дамылдап жатты. Жай жатпады, күңірене сөйлеп жатты: «Енді қайтіп көтерілем бе саған, сахнам! Білмеймін. Мүгедекті кім сахнаға шығарады? Сахнаны мазақ қылуға бола ма? Болмайды. Болмайды. Әлде, осы қоштасуым соңғы көрісуім бе екен сахнаммен? Кім білген? Бір Алла тағалаға белгілі жайт қой. Үмітімді үзбеші! Үзе көрмеші! Сахна, сені сүйемін! Сенсіз менің өмірім қараң! Өмірім қараң!».

* * *

Шойнаңдап жүріп кезекті рөл­дер ойнала бастады. Олар – Ә.Тәжіб­а­евтың «Мә-әқабат? Махаббат!» спек­такліндегі Жомарт, келесісі М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» Дәу­лет­келді бейнесі еді. Неге Сырым емес? Беу, Сырым! Бауыр басқан Сы­рым! Се­ні тағы қапысыз бейнелеу үшін сах­нада жорғадай төселіп, жай­қалып жүр­мегесін не өнбек? Сы­рымды ен­ді Әнуарға қияр ма? Қи­май­ты­нын біледі. Қия қалса да, ғайыптан қолқаласа да көрермендер алдындағы жауапкершілік мұны ондай қадамға бастыра қоймас. Баспас еді Әнуар. Себебі түсінікті. Баяғы балдай базарлы Сырымды, Қарагөзі жынданып у ұрттаған қайғылы Сырымды енді сол кейпінде мүсіндей алмайтынын біледі. Біледі де тартынады.

...Ілиясы қайтқалы да біраз рөлдің бе­тін қайырыпты ғой. Қайғымен алы­сып жүріп, бір сүрініп, бір тұрып 5-6 рөлді сәтті сомдай біліпті. Иран-Ғай­ып-
тың «Шыңғыс ханындағы» Же­бе­нің өзі неге тұрады? Өзіне ұнады. Өзі­­не ұнағасын көрермендерге де ұнай­тынын біледі. А.Сүлейменовтің «Қыздай жесір – штат қысқартуы» ше? Бұл да олқы дүние емес. Ондағы Аханов рөлі оңайлықпен бұғалық салдырмайды. Әнуардың тәжірибесі мен таланаты екі жақтап алып шығуға көмектесті. Одан әрі тізбелей берсе рөлдері де шоқтықтана түседі. Мәселен, А.Бекбосыновтың «Соңғы сезім», Қ.Ысқақтың «Жан қимақ», А.Тасымбековтің «Кебенек киген ару­лар» спектакльдеріндегі рөлдерде өзін­дік, тек Әнуарға ғана тән, қол­таң­ба­сын қалдырды. Осылайша, рөлдерін ба­лалатып жатып көзі ұйқыға кеткенін сезбей қалыпты...

Өзінің 50 жас мерейтойы мен Қазақ­станның халық әртісі атағын алар қарсаңында маңдай терін сығып жа­ңа рөлдер әзірлеген Әнуардың қор­жынында көрерменін тәнті етерлік бі­раз бейнелер жасалғаны қандай жақ­сы, жарасымды болды. Жан-жүрегі қай­ғының жалынында қақталған ак­тер­ден енді мардымды жаңалық кү­тіп болмас деген сасық пиғылдың бу­ынына балта шабылғандай еді. Ол Е.Замятиннің «Еділ патшасында» Маруллды, М.Әуезовтің «Қилы заманында» Прокурорды, Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында» Тұрсынбайды және В.Смеховтың «Мың бір түнінде» Мұс­тафаны шабытпен ойнап, көрер­мен­дерін тәнті еткен.

* * *

1999 жылдың 13 желтоқсаны. Аурухана. Сәбит Байзақов ағасы палатадан шығып бара жатып, Әнуардың келісті жүзіне қайырылып тағы бір рет қимай қарады... Сонда Әнуар қыбыр ете түскендей болды. Елес пе? Ернінен бір уіл безілдегендей ме? «Маңғыстаудың ұзақ сапарынан шаршап келдім ғой, аға! Дамылдайыншы енді. Үш жүз алпыс екі әулиелі киелі елдің алдында өнер есебін сәтті жа­са­дым-ау деп ойлаймын. Бекет ата пірім де разы болар. Қолымнан бар келгені осы болды бұл өмірде. Соның түйіні түйілді ме? Елім өнеріме сүйінді ме? Бағасын елім берер. Мені іздесеңдер Кеңсайға емес, театрыма барыңдаршы. Театрыма! Тағдырыммен алыстырып-жұл­қыстырған, өмірде өксіп жүр­сем де сахнамда бақытыммен жолық­ты­рған, кемшінімді келістіріп толық­тыр­­ған Тәңірімдей театрыма барып тұ­рыңдаршы мені сағынғанда! Са­ғы­­­н­ыш екен бұл өмір. Қош, қош, қи­­масым, Ағам! Қош!.. Соңғы рет маңдайымнан сипаған, Ағам! Қош!.. Жет­кізе гөр сәлемімді...»

...Кеудесінен ұшып кетуді қия алмай жатқан Жанның соңғы деммен ыш­қынған аманаты екен-ау, бұл!

...Кешкісін азалы хабар жетті.

* * *

...Әнуардың жаназасы қасиетті, мү­барак Рамазан айында шығарылды. Бұл айда жұмақтың есігі ашық болады деседі...

...Кеңсайда томпайған жас қабірге Айтбай досы Әнуардың анасының басынан түйіп әкелген бір уыс топы­рақ­ты салды. «Қабіріңнің бір уыс топы­ра­ғы маған бұйырсыншы!» деп осыдан үш жыл бұрын анасы Біжікенді жоғал­тып тұрып зар еңіреп, Тәңіріден жалба­рынып сұрағаны орындалды.

...Жаңа жылдың сыйлықтарын пойыз үстінде достарына ерте үлестірген Әнуар, жыл ауысар мезгілді көре ал­май­­тынын күні бұрын сезіпті-ау, жа­рық­­тық!

...Жаңа жылдарға сахналық бей­не­лерін де мәңгілікке табыстап кеткен­дей ме?

* * *

...Елі елгезек екен. Екі-үш жылдың айналасында туған жеріндегі орта мектепке Әнуардың атын беріп, оның алдына ескерткішін қойды. Кейінірек Арқалық қаласынан тұлғалы актердің кинотеатры ашылды. Театр мен кино, радио мен телеарна, барша бұқаралық ақпарат құралдары жиі-жиі Әнуар жайлы тамсанып айтып тұрады...

...Тіршілігінде тағдыр тәлкегінен тайын­бай, тілеулестерін терең талға­мы­мен табындырған театр Тұлғасы уақыт төрелігімен төрдегі туын әман­да тік ұстап қалары анық!

...Беу, дүние, дөңгелене берерсің. Театр­ға жұрт асығып бара жатыр!.. Себе­бі онда өмір бар, қызық пен қай­ғы қатар өрілген. Себебі онда адал­дық пен арман бар, қапысыз қа­тар кө­мілген. Себебі онда Сырым бар, Қа­рагөзінің қабіріне табынып, қа­быр­ғасы сөгілген...

Қуанышым, жан серігім, Қарагөзім,

Сүйенішім – оны да алдың жаныма ерген...

Бейуақта түн жамылып тілейтінім, –

Өлейін, орын берші қара жерден!

Бұл – Қарагөзін жоғалтқан Сырым­ның құсқан ащы запыраны еді... Әнуар­дың ащы запыраны еді!..

...Жұрт театрға неге асығады екен? Мүмкін сейілмейтін мұң торлаған актер әлеміне, актер тағдырына бойлап енуді мұрат тұтқандықтан болар, бәлкім. Актердің мұңы сейіліп көріп пе? Әсіресе тумысынан талант сыбағасын еншілеген сахнагердің маңдайының бес елі соры бар, болар-болмас бағы бар, мәңгілік сейілмейтін мұңы бар...

Не туса да мұңнан туады. Шыншыл ғұмыр мұңнан сүзгіленіп, екшеп- еленіп жаратылатын секілді...

Қайсар ӘЛІМ

АСТАНА