Фото: Талғат ТӘНІБАЕВ
Сал-серілердің серкесі
Ұлыстың ұлы күніне орай Қызылжардың қасиетті жерінде Мұхамедқанапия Баhрамұлы Шақшақовтың (Сегіз сері) 200 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тәлімі мол алқалы басқосуды бабамыздың өшпес мұраларын кеңінен зерттеп, халық қазынасына айналдыруға үлкен үлес қосып жүрген ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп отырды. Жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, Қазақстан композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек, белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаев, филология ғылымдарының докторлары Күләш Ахмет, Серік Негимов, халықаралық манасшылар байқауының жеңімпазы Баянғали Әлімжанов, танымал әнші Серік Оспанов және тағы басқа шешендер сал-серілердің серкесіне қатысты бұлтартпас деректер мен тың мәліметтерді алға тарта отырып, сан қырлы талант иесінің өмірі мен шығармашылығын, Арқада аты шыққан дүлдүл өнерпаздар ішінде алар орнының айшықтығын жан-жақты саралап берді. Бұған дейін еш негізсіз айтылып келген жаңсақ пікірлерге соңғы нүкте қойылды. Мерейтойға орай республикалық деңгейде нақты іс-шаралардың қолға алынуының өзі мойындалғаны емес пе десті.
Сырбаз қаламгер Ғабит Мүсірепов қойын дәптеріне «Сері, ақын, балуан... «Гауhартас», «Ғайни», «Әйкен-ай», «Қарғаш», «Мақпал» әндерін шығарған» деген жазба қалдырған. «Ол атақты сері, ақын, асқан әнші, өрнекпен сұлу дүние жасаған зергер. Мерген, аңқұмар кісі болған, оның үстіне атбегі, құсбегі еді» (Ә. Марғұлан). «Сегіз серінің бай мұрасының уақытында жиналып, зерттелмеуінде кездескен қиыншылықтар оның орыстардың отарлау саясатына қарсы шығып, Батыс Сібір губернаторы П.Горчаковтың қаhарына ілігіп, патша өкіметіне саяси қауіпті адам ретінде оның соңынан аңду қойған» (Е. Рахмадиев). «Тумысы бөлек, тұла бойы тұнған дарын иесінің құдіретті өнеріне бас иген халық оны «Сегіз сері» атандырып жіберген» (Ж.Кәрменов). Бұл пікірлерден бөлек қаншама ғылыми негіздегі еңбектерді былай қояйық, дарынды драматург, жазушы Рахымжан Отарбаевтың Сегіздің артында қалған мол мұрасына, түрлі шежіреге, көгентүп көнелерден қалған сахи сөздерге үңілсек, Исатай-Махамбет көтерілісінің шешуші кезеңіне қатысқан болып шығады деген байламдары кейінгі зерттеушілерге жөн сілтеп, жол көрсетіп тұрғаны анық.
Конференцияда Дәулеткерей Кәпұлы «Сегіз сері байып батқан күндей шапағы әлі күнге ел-жұртының жүрегіне нұрын құйып тұрғаны айдай әлемге айқын. Әрине Сегіз серіні аспандатып жібереміз деп жербауырлатып алған кейбір авторларымыз да болды. Ендігі кезекте атын ұлықтаймыз деп тыртық қыла жаздағанымызды ескеріп, бір адамның бойына шақ өнерін, тамаша қолтаңбалы әндерін ғана насихаттап, барымен базарлай білейік», деп ағынан жарылса, Баянғали Әлімжанов Сегіз сері мұрасы деп жүрген дүниелердің арасында қоспалары аз емесіне нақты мысалдар келтіріп, ондай күштеп таңудан арылу қажеттігін ескертті. Онсыз да өшпес мұралары жеткілікті. Асылды ешқашан тот баспайды деді.
– Бабамыз «Бозқараған» деген өлеңінде «Мен тудым Қожаберген ауылында, Ну орман «Толыбай жалы» бауырында. Жазықсыз қуғындалып, қашқын болдық, Жолығып замананың дауылына» деп жырлаған. Туған жері – әйгілі «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жырау Толыбай сыншының баласының ауылы. Керейдің ішінде Ашамайлы, Көшебеден тарайды. Сегіз серінің ұлы Мұстафадан менің әкем Беген туған. Ғибратты ғұмыры көп жылдар бойы көмескі тартып, көлеңкеде қалып келді. 30-ға жуық ән, 4 дастан, 5-6 күй шығарған. Біразы халық шығармаларына телініп кеткен. Ұрпақтары қазір Жамбыл ауданында тұрады,– деген шөбересі Амантай Бегенов тағылымды конференцияны ұйымдастырушыларға алғысын арнады.
Басқа да сөйлеушілер өз пайымдарымен бөлісіп, мазмұнды баяндамалар жасады.
С.Оспанов сал-серілер серкесінің «Гауhартас», «Ғайни» әндерін әуелете шырқап, жиналғандардың көңілін бір көтеріп тастады.
Жүрсіннің жүйріктері
Әз-Наурыз мейрамы және бабамыздың құрметіне республикалық аламан айтыс өтеді дегелі межелі күнді қызылжарлықтар асыға тосты. Өйткені мерекеге орай түзілген мәдени шаралар ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын от ауызды, орақ тілді жыр сүлейлері қатысатын доданың орны ерекше екені бірден аңғарылған. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын көрермен қауым Жастар сарайының ат шаптырым залын лық толтырып, қара өлеңнің жілігін шағып, майын ішіп, алқалы топтарда олжа салып жүрген небір мықтылардың сөз сайысын қыбыр етпестен тыңдады. Жыр додасын Республикалық жыршы-термешілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық дәстүрлі мұрамыздың жанашыры Жүрсін Ерманның жүргізуі айтыс шырайын аша түсті. «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай төрағалық еткен қазылар алқасы айтыскерлердің өнерін бағалады.
– Өткен ғасырдың 80-ші жылдары аймақаралық ақындар айтысына солтүстікқазақстандықтарды Кеңес Тынымбаев ағамыз үнемі бастап келетіні есімде қалыпты. Қазір залға қарап толқып тұрмын. Дәл осынша көрермен жиналады деу үш ұйықтасам түсіме енбеген шығар. Биыл аламан бәйгені теріскейде өткізейік деп шештік. Желдің өтінде, шекараның шетінде отырған өңірдің намысты азаматтары көбейе бергей,– деді ол кіріспе сөзінде.
Айтыс шымылдығын бірінші болып алматылық Қазырет Бердіхан мен шымкенттік Қалижан Білдәш ашты. Екеуі де ә дегеннен алымды да шалымды ақындар екенін танытып, оралымды жыр шумақтарын төгілдірді. Сахнаға Ринат Зайытов пен Біржан Байтуов көтерілгенде зал ішін ду қол шапалақ көміп кетті. Қос саңлақ сөз жарысында қоғамда орын алған небір түйткілдер мен келеңсіз жайттарды аяусыз түйреуімен, ұтымды уәж айтуларымен ерекшеленді. Семейлік Серік Қуанғанмен жұп құраған петропавлдық Мұхаммед Қоңқаев өз бабында екенін танытып, көрермендерді бір серпілтіп тастады.
Қарағандылық Мақсат Ақанов пен семейлік Әсем Ережеқызы арасындағы тартыс құда бала мен құдашаның қалжыңы ретінде өрбісе де «Көшенің өзгермей тұр есімі де, Сегіз бен Мағжанның туған бесігінде» сықылды салмақты ойлар аз болмады. Ал оралдық Жансая Мусина мен солтүстікқазақстандық Жарқын Жұпархан қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көрсетті. Жансаяның «Сахнаға өлең алып келгенменен, Ұйқасын үйге тастап кетіпсің ғой» деген сұрағына Жарқын іркілмей жауап берді.
Не керек, еліміздің әр түкпірінен жиналған 16 ақынның қай-қайсысы болсын аламан бәйгеге ықтиятты әзірліктерімен келгендерін көрсетіп бақты. Қазылар алқасының шешімімен 6 ақынға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Қазырет Бердіхан, Әсем Ережеқызы, Болатбек Оразбаевқа (3-орын) – 300 мың, Жансая Мусина, Жарқын Жұпархан (2-орын) – 500 мың, Мақсат Ақанов (1-орын) 1 миллион теңгені иеленді. Бас бәйгеге тігілген шетелдік жеңіл көлікті Ринат Зайытов ұтып алды. Т.Кәкішев, М.Жұмабаев, Е.Асқаров атындағы арнайы сыйлықтарын айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев, Мұхаммед Қоңқаев, Қалижан Білдәш еншіледі.
Сөз арасында аламан бәйгенің жоғары дәрежеде өтуіне жекелеген кәсіпкерлер мен облыстық әкімдіктің жан-жақты қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.
Солтүстік Қазақстан облысы