Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараны өткізу арқылы мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн арттыру, аруларымыздың бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіру және қазақтың әдет-ғұрыптарын насихаттауды көздеген. Байқауға қатысушылар бар өнерлерiн барынша ашып көрсетуге тырысты. Жиналған қауымды олардың бірі өлең жолдарын мәнерлеп оқуымен тамсандырса, ал екіншілері мың бұралған биімен таңғалдырып жатты. Соның нәтижесінде бірінші жүлделі орынға Ж.Мусин атындағы қазақ педагогика колледжiнің студенті Фариза Еншілес ие болды. Одан кейінгі орын Азаматтық қорғаныс көп салалы колледжінің студенті Аяулым Камидоллина мен Көкшетау жоғары медициналық колледжінен келген Диана Алпысбаеваға бұйырды. Үшінші жүлделі орынды Ақан сері атындағы мәдениет колледжінен келген Гүлғайша Жагслаг пен №18 «Мирас» балабақшасынан Гүлзада Далдиева алды. Қатысушылар сонымен қатар «Парасатты», «Көрермен көзайымы», «Дарынды» және «Білімді» аталымдары бойынша марапатталды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы