Аталған шара облыстық білім басқармасы, өнерпаз және дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы, «Ақмола облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып отыр.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық салт-дәстүрлерімізді, тіліміз бен музыкамызды, әдебиетімізді, жоралғыларымызды, ең бастысы ұлттық рухымызды асқақтату керектігі атап көрсетілген. Байқаудың мақсаты да қазақтың өнерін өскелең ұрпаққа жеткізу, оны өнер- сүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау. Аталған байқауға Ақкөл, Бұланды, Біржан сал, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Целиноград, Шортанды аудандарынан және Степногор мен Көкшетау қалаларынан қырыққа жуық домбырашы қатысты. Оған «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Біржанов, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония әртісі, домбырашы Құрмет Сейітов және Біржан сал атындағы музыкалық колледж директоры Саян Мұхамедияр қазылық жасады.
Қазылар алқасы жеңімпаздарды «Үздік күйші», «Үздік дәстүрлі әнші» және «Үздік термеші» аталымдары бойынша анықтады. Соның нәтижесінде «Үздік күйші» аталымының жеңімпазы болып Есіл ауданынан Әрсен Аманжолов танылды. Әрсеннің жетекшісі Нағима Хасенова екендігін айта кеткен орынды. Ал «Үздік дәстүрлі әнші» аталымы бойынша Біржан сал ауданынан Әнәс Иманғазы алға озды. Оның жетекшісі Жеңіс Алжанов. Сонымен қатар «Үздік термеші» аталымында Ақкөл ауданынан Әлішер Назиев үздік деп танылды, жетекшісі Ақгүл Бөженқызы. Қатысушылардың барлығына Ақмола облысы білім басқармасының және Ақмола облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің дипломдары мен естелік сыйлықтары тапсырылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы