Аймақтар • 27 Наурыз, 2018

ШҚО-да төтенше жағдай салдарын жою үшін 278 млн теңге бөлінді

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов журналистерге өткізген брифингінде белгілі болды. 

ШҚО-да төтенше жағдай салдарын жою үшін 278 млн теңге бөлінді

Айта кету керек, алдағы үш күнде Аягөз қаласында қарғын судан зардап шеккен 19 отбасы баспаналы болмақ. Бұған қоса, аймақ басшысының айтуынша, 109 үйді жөндеу үшін қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген.  

Бұл аралықта Глубокое ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай сақталуда. Күн райының күрт жылынуы мен еріген қар суының салдарынан 175 үйге су кірді. Жергілікті атқарушы органдар, коммуналдық қызмет түрлерінің қызметкерлері және құтқарушылар Прогресс, Глубокое, Предгорное және Белоусовка ауылдарындағы суды тарту, ағысын бұру турасында жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі жағдай бойынша аймақта 236 үйден әлі су қайтқан жоқ.   

– Бұл біріншіден, Глубокое ауданындағы 175 үй, Шемонаихадағы 42 үй. Таңертең Өскемен бойынша 15 үйде әлі су тұрған. Бірақ, маған мәлім еткендей, дәл қазіргі уақытта ол үйлер судан толық тазаланды. Мен және ғана Глубокое ауданындағы Прогресс ауылы тұрғындарымен кездестім. Су кіру себебі – қарапайым. 30 жылдан астам уақыт, әрине, ол жерлерде мұндай көлемде су болған жоқ. Қатып қалған жердің тоңы өте терең. Әлі жібімеді, сондықтан су жердің үстімен кетті. Барлық үйлер ойыста орналасқан, бұған тау етегінен келген су қосылды. Оның үстіне арықтар да тазаланбаған, – деді Даниал Ахметов.

Кеше табиғи сипаттағы төтенше жағдай, тағы Шемонаиха ауданында да жарияланды. 58 үйдің тұрғындары жергілікті мектепке эвакуацияланып, үш уақыт тамақпен және барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытқа мұздың кептелісі қаладан 42 шақырым қашықтыққа дейін алшақтады. Бүгін Уба өзенінде соңғы мұзды жару жұмыстары жүргізілді. Аймақ басшысы, «Шемонаиха қаласына ешқандай қауіп жоқ» деп, сендірді.

– Кеше Глубокое ауданынан кейін Шемонаихаға бардым. Ол жақта таңғы сағат 6.30-дан 9.30-ға дейінгі аралықта су баса бастады. Барлық еріген, жауын-шашын суы Уба өзенінің үстімен кетті. Өзеннің деңгейі мөлшерінен 1,5-2 метрге дейін көтеріліп кетті. Бірқатар үйлерді су алып қалды. Осы аптада мұзды жару жұмыстары дер кезінде жүргізілгендіктен, сең жүрді. Бір сағаттың ішінде негізгі су кетті. Айта кету керек, су алған үйлердің барлығы өзеннің аңғарында орналасқан, - деп, атап өтті ШҚО әкімі.  

Өскемен мен Семей қалалары, Жарма, Ұлан, Күршім, Зырян, Катон-Қарағай аудандарындағы су тасу жағдайын ушықтырмау және алдын алу мақсатында барлық қызмет түрлері жоғары дайындық режиміне көшірілген.