Әдебиет • 28 Наурыз, 2018

Оқырман жүрегіне жол таба білген ақын Рафаэль Ниязбек

1663 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бірден айту керек, Алаштың ақтаңгер ақыны Рафаэль Ниязбек біздің жар­намаға зәру қаламгер емес. Ол – азу­ын айға біле­ген арқалы ақын­да­рымыздың бірі. Өзге­ше есімді ақын­ның атақ-даңқы да же­тер­лік. Чешен Республикасының ең жо­ғары «Къоман сий» (Ұлт намысы) орде­ні­нің иегері, Чешенстан Мем­ле­кеттік және Қазақстан Жазу­шы­лар одағының І.Жансүгіров атын­да­ғы сыйлықтарының лауреаты, ел мой­ындаған көрнекті ақын.

Оқырман жүрегіне жол таба білген ақын Рафаэль Ниязбек

Баспасөз бетінде жиі жарияланып жүр­ген өлеңдері мен жарық көрген соңғы он бес, жиырма жылдың бедеріндегі жыр жи­нақ­тары арқылы Рафаэль Ниязбек өз оқыр­ма­нының жүрегіне жол таба білген ақын. 

Ең алдымен ол дәуір талабының ауқым­ын­да бола біліп, өзінің ақындық жіті көзі­мен, жылы сезімімен Отаны, елі, хал­қы тарихындағы күрделі оқиғаларға өз көз­қа­­расын білдіріп отырды, өз заман­дас­тарының сырларын жырлады. Осындай өмірмен берік байланыс ақын үнін есейтіп, оны заман мен адам жайлы ойларын бар дауыспен айтар белсенді күйге көтерді.

Боз көйлекті өмірім жырымдалып,
Қай жау мені басынсын қырына алып.
Ауызында оқталған мылтықтардың
Тұрған жоқ па жүрегім тығындалып.

Уақыттың көзімде оты өріліп,
Болашаққа келемін төте жүріп.
Рухым асқақ болмасын неге менің,
Рухым көкке тұрғанда көтеріліп, – деп басталатын Рафаэль Ниязбектің жаңа жыр жинағы оқырманын салған беттен баурап ала жөнеледі. Сырлы сөздің сиқыры, тұлпар таланттың тегеуріні деген де осы болар, сірә!

Жаңа кiтабында ақын лирикалық кей­iпкерi арқылы өзi және уақыт туралы бүк­песiз сыр шертеді. Поэзияның махаб­бат, та­биғат, өмiр атты мәңгiлiк та­қы­рып­та­ры­мен бүгiнгi күннiң ар-намыс, экология, болашақ алдындағы жауапкершiлiк сия­қты көкейкестi мәселелерi астасады. Екі бөлiмнен тұратын жыр кiтабы адам мен заман, жаһан мен жаһаннам туралы ой-тол­ғаныстарға, қайсар мiнездi қайрат-жiгер поэ­зиясына толы.

Өмiрiн өлеңмен өрнектеген ақынның осынау кітабы оның жүрекжарды жыры, сұлу сөзбен төгілген жан сыры деп те айту­ға болады.
Ақынның қыран қанатынан кем емес қиял қанаты бар. Сол қиял қанатын қомдана қағып-қағып жібереді де, ақын бірде атамекені Таласқа, бірде гүл кешкен жас дәуренінің, мұң кешкен ағалық кезеңінің куәгері Алматыға, енді бірде күрескер ел – Қап тауындағы Ичкерия еліне сапарға шы­ға­ды.

Көкірегі – шер, кеудесі – ыза, өзегі – өрт.
Неден менің көңілім үркектеді,
Бәлкім, нұрлы, шуақты жыр жетпеді.
Бұлт кетпесе басынан Қаратаудың,
Ауылымның көзінен мұң кетпеді...

Жақсылардың жолында кім тұрмады,
Ай тұтылып, көгінде күн тулады.
Ауылымның жатыры тозды білем,
Ұлтқа тұтқа болатын ұл тумады.

Қуанышқа жүргесін өлең бөлеп,
Бақытымды айта алман төменде деп.
Ауылымды тегінде ойладым ба,
Жыртық шекпен ішінен көрем бе деп, – егіледі-ай кеп көшесінде құм суырып жү­гір­ген туған ауылын, әкесінің көзін көрген қарт­тардың бәрінің құлпытасқа айналып үл­гергенін көріп.

Құдай-ау, ақын Алатау аспанында самғап ұшып, құтхана-құжырасына келсе, «жаман қарға секілді жаман неме» хал­қы­ның айбары болған, барша қазақ биігінен шыр­қаған асқар тауға тіл тигізеді! Керенау ба­сып, кекірігі азып, шекесінен қарайды. 
Бұған ақын жүрек қалай шыдап тұра алар? Құдай қолдап, аруақ алқап, жыр жолда­рымен «жиі күлген жылымның» тәубесін келтіреді.

Дауыл боп та кей-кейде бұрқана алмай,
Бәрін бағып құзыңда тұр қарағай.
Көз жанарым нұрлана түсер деме,
Алатаудың басына бір қарамай.

Сұм тағдырдың шекеңе тасы тимей,
Тілектеспін,
кімнен де басым жүргей.
Алатаудай азамат болам деме,
Алатауға табынып басыңды имей.

Ақын – халықтың елшісі. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білмеген, халық­тың табанына кірген шөгір маңдай­ына қадалғандай болмаған ақынның өзі – құнсыз, сөзі – пұлсыз! Дәлдүріш ақын­дар­дың өті жарылып кетсе де осы сөзімнен тан­басым хақ! 
Ал халықтың мұңын Рафаэль аға қалай жырлайды? Мына өлең жолдарына көз салып көріңіздер:

Дүниенің тұрғанда сәні кірмей,
Адамдардың томсарған жаны күлмей.
Ұлтқа тұтқа болатын азамат па,
Ат үстінде жүргеннің бәрі бірдей.

Зұлымдықтың көзіне сан атылған,
Ақиқаттан жан бар ма жаратылған.
Бәрі бірдей ақ жүрек азамат па,
Сөйлегеннің бәрі де Ар атынан.

Елдің неге тірлікте бағы төмен,
Тізгін ұстар жоқ па әлі жалынды өрен. 
– Халқым! – деп сөйлегеннің бәрі бірдей,
Азамат па халықтың қамын жеген...
Рафаэль Ниязбек – поэзияның мәңгілік тақырыптарын (өмір, махаббат, табиғат) молынан қамти алатын өнімді ақын. Оған осы кітапқа енген «Болашақтың төрінен көрем сені» поэмасы мен «Ақтаудан бір бұлт көрсең, мен деп ойла», «Махаббаттың аттандым жорығына», «Дүрия-жыр, дүние-сыр» деп аталатын өлеңдер топтамаларын мысал ретінде келтіруге болады. 

Лириканы барлық поэзияның өмірі мен жанына теңеп, поэзияның поэзиясына балаған Белинский: «... ақын – рухтың қасиетті шөлмегі, жаратылыстың таңдаулы сүйіктісі, табиғат сырын сақтаушы, сезім күйшісі, әлемдік өмірдің алтын домбырасы. Ол сәби шағынан-ақ өзін басқалардан гөрі әлеммен туыс, қандас көреді; балауса жігіт шағында-ақ сол әлемнің тілсіз сөздерін, құпия сырларын ұғымды тілге аудара бастайды», деп тұжырымдаса, өлең­нен өрнек, сөзден сурет салу ауырдың ауы­ры екені ақиқат. Міне, осы ауыр жолдан әрдайым абыроймен өткен Рафаэль Ниязбекті елдің лирик әрі эпик ақын (Елбасы туралы «Айбозым менің» өлең-рома­ны мен күрескер тау халқының трагедиясы туралы «шешендер» поэмасын айтсақ та жеткілікті) деп білуі де дау-дабырасыз шындық. Ол қай тақырыпқа қалам тербесе де, өзінше көрінуді, өзінше бай­лам жасап, тыңнан теңеу табуды, ой қорытындылауды ақындық мұрат деп білген.

Ақын өлеңдерінен қазіргі уақыттың, өмірдің тынысын, жүрек дүрсілін, аршынды қадамы мен үдемелі екпінін нақты сезінесің, көз алдыңа елестете аласың, сол ақынның өзімен бірге бастан кешіресің.

Туған жерді қорғау жолында ата жауларымен арпалысып өткен батырларға («Хан Кененің басы», «Саңырық батыр»), Бөлтірік шешен сияқты аузы дуалы билердің, Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Заманбек Нұрқаділов сияқты атақ­ты мемлекет қайраткерлерінің рухына ар­нал­ған туындылардың барлығы да жас ұрпақ­ты Отанды сүюге, халықтың ардақты азаматтарын бағалай білуге үндейді. 

Ақынның әр жинақ сайын өзіне-өзі қойған талабы қатаңданып, биіктеп келеді. Рафаэль ойшыл, бірақ оның жақсы қасиеті ойлылығын пайдаланып, ақыл айта бастамайды. Ойды жалаңаш дірдектеген күйінде тақпақтап айта да салмайды. Оның лирикалық кейіпкері мақсатсыз емес. Ақын айналасынан әдемі өмір іздейді, тәтті сыр тартады. Ойға сезім сұлулығы косылады, ардың тазалығындай таза бояу араласады. Соның жемісінде парасатты поэзия пайда болады. 

Мәселен, ақынның «Тағдырмен жаға­ла­сып күн кешкенде» топтамасын алай­ық. Осы жыр шоғырын оқығанда аңға­ра­тынымыз, ақын тынымсыз. Бос қол қусырып отырыс жоқ. Бірдеңені түртініп, іздеп отырады. Заман мен адам деген екі сөздің маңайында, кім мынандай сезіммен ой дүниесін дірілдеткен, мөлдіреген өлең жаза салады. Музыка мен лириканың мүм­кіндігін пайдаланып, жырдағы сезім ло­ги­касының аңғарында адасып қалмай, өз мақсатын мүлтіксіз орындап шыққан. Ақын аз нәрседен көп мән, ұсақ нәрседен ірі қасиет іздеп табады. Ол суреткерлік кредосы. Әрбір өлеңі нақтылығымен, дәлдігімен, шыншылдығымен құнды.

Р.Ниязбек – өлеңдерін әр қырынан жарқыратып көрсете алатын ақын. Соған қа­рағанда, әрбір суреткер ғасырмен, зыр­лаған уақытпен қатар отыруды мақсат ететін болуы керек. Тіпті озып та кеткісі ке­лер. Бірақ соның бәріне талант сезімі арқылы қазылық етеді. «Отыз жетінші жыл» деген өлеңінде ақын ойлы философ болып көрінеді: 

Жұлымырдай жау санаған жақынын,
Неге жұртқа жамандайсың ақынын?
Қарақшы Отыз жетінші жыл сенбісің,
Абақтыға жапқан елдің ақылын?!

Көрмеген ем аңға шығып, құс та атып,
Жүрегімді қарыдың-ау мұздатып.
Отыз жеті қайта айналып келсе егер,
Жіберетін сыңайың бар ұстатып.

Өлім сеуіп байтақ өлке, қалаға,
Зұлымдықты көп сіңірген санаға
Улы Сталин –
Пайда болған шығарсың –
Көз алартып түшкіргенде далаға.
Осы тамаша шумақтармен ақын оқырман жүрегіне көпті көрген философ ретінде үстемдік жүргізеді. Өлеңде сергек, ойлы ағыс бар. Ішкі сезім драмасы бар. Ал драманың өзі лирикаға қосымша дауыс қосады, қасиет береді.

Адам жанының құдіреттілігі тылсым дүниенің құпиясын құныға зерттеп, бетке соқ­қан бөгеттерден қаймықпай өтіп, жасы­ма­ған жігермен тіршілік ошағын жалындата жарқын да жасампаз ғұмыр кешуінде емес пе? Осы ойды ақын былай өрнектейді:

Күмістен құйған тай тұяқтанып,
Найзағай оттарынан
Жүрек-аккумулятор зарядталып
Шабыттанса
Әп-сәтте үлгереді,
Жырдан телегей дария ақтарып...
Қандай құштарлық! Сізді де еліттіріп алады. Ақын қолына қылқалам ұстап, үлкен полотноның алдында тұрған өзінің адасы – Рафаэль Санти сияқты бір мезет өзін-өзі ұмытқан. Өлеңнің аты «Шабыт». Жырда шабыт шақырған шамырқаныс қана емес, сонымен бірге тың теңеу, бедерлі метафора арқылы салынған жанды сурет те бар.

Көзімді менің шел басты –
Қилы-қилы жойқынмен қарыққанда.
Көкірегімді шер басты –
Ел күйзеліп ашығып, тарыққанда.

Бүтінделіп сом тұяқ кетілгенде,
Жетілмей ме тірлікте жетім пенде.
Көзімдегі шелді
Сылып тастайды пісіп жетілгенде.

Мұнарадай морыған қыр басында,
Елім азып жоғалтқан тұлғасын да.
Көкіректегі шерімді кім жазады?
Дию, пері, жын-ойнақ бұл ғасырда.
Біз «Шер мен шелді» оқып, өмір, уақыт, дәуір толғауын сезгендей болдық. Адамд­ар толғауын, өткен мен бүгін, бола­шақ, бақыт, бейбітшілік, тыныштық тол­ғауын тыңдадық. Жыр жүрегімізге жет­ті, көкейімізге ой салды. Егер Байрон «Поэ­зия дегеніміз – өткенді түйсіну, бола­шақты сезіну» десе, Р.Ниязбек соны сезе білген секілді.

Азаматтық пафоста жазылған, өз мін­­детін баршаға әдемі жеткізіп, жан са­рай­ы­ңызды теріс ойлардан тазартуға көмек­те­сетін осы бір шабытты, таза өлеңге ыстық ықыласымызды білдірмеуге болмайды. Көкірегіңіз жаңбырдан соңғы ауаны жұтып тазарғандай әсерде қаласыз. Жырда динамикалык қозғалыс бар. Әрбір сөз өз міндетін атқарып тұр. Бос тұрғаны жоқ, сына қаға алмайсыз.

Қай ақынның болмасын әлеуметтік күшін, идеялық өсу дәрежесін танытатын лириканың бір саласы – азаматтық немесе саяси лирика болып табылады. Ақынның көптеген өлеңдерінен Отанға, елге, жерге деген ыстық махаббаты, келешекке артар үміті, халқын қадірлеуі, зұлымдық атау­лы­ға қарсы күреске әзірлігі анық аңға­ры­­лады. Мәселен, «Болашаққа үңілем» деген өлеңнен оның ақындық қуатын бірден тануға болады: 

Қанатымды жайғанда өрге керіп,
Туған елім жайғасқан төрге келіп.
Ұшып бара жатады болашаққа
Жанарымда дүние дөңгеленіп.

Найзағайлар ойнаса төбемде көп,
Қажығанда жүгінем өлеңге кеп.
Болашақтың көзіне үңілемін
Туған елді төрінен көрем бе деп.
Иә, нағыз ақынның қызығы да, қымбаты да – жыры. Нағыз ақынның бақыты да, уақыты да – жыры. Нағыз ақынның аңсары да, мансабы да – жыры. Нағыз ақынның мінген аты да, махаббаты да – жыры. Нағыз ақынның көрігі де, көлігі де – жыры. Нағыз ақынның анасы да, баласы да – жыры. Ақын жырды өлімге ғана қимайды.

Шұбатылып соңында шаңы қалған,
Жүйріктер көп десек те бағы жанған.
Құлагердің құлыны – өлең еді,
Тағдырымның құрсағын жарып алған.

Көңілімнің көліне тұнған арай,
Көктем болып еседі қырға қарай.
Құлагердің құлыны өсе келе
Айналмасын құлагер жырға қалай.
Бұл – ақынның шығармашылық бағдарламасы тәрізді сөз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, бұған дейін отыз шақты кітабы жарық көрген Р.Ниязбектің «Құлагердің құлыны» деп аталатын жаңа жыр жинағы оның кезекті шығармашылық бір жетістігі деп бағалауға лайық, оқырман қауымның көзайымы боларлық шырайлы шығарма болып шыққан. 

Дүниені бар жанымен сүйетін, сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрседен секем алатын Рафаэль ақын туралы көп айтуға болады, көсіліп айтуға болады. Оның өлең, поэмалары қазіргі дәуірдегі қазақ поэзиясының өзіндік орны бар бөлігі. Ақынның бұл саладағы табыстары дау тудырмайды. Оның ақындық жолы әлі де мол жеміс әкелетіні күмәнсіз. 

Сәбит БЕКСЕЙІТ,
ақын