«Жас Отанның» жаңа белесі
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың қараша айында өткен партияның Саяси кеңесінің отырысында ұйымның қызметін жаңғырту жөнінде нақты тапсырма бергені белгілі. Бұл тапсырмалардың «Жас Отан» жастар қанатына да тікелей қатысы бар екені анық. Бұл бағытта жас белсенділер бірінші кезекте өздерінің Орталық кеңсесін түбегейлі өзгертіп, «open spase» форматына көшті.
Кезекті съездің ашылуында әдеттегідей баяндамалар оқылмай, сұрақ-жауап тәсілі қолданылды.
– Осыдан 17 жыл бұрын кішігірім үйірмеден басталған ұйым бүгінде ауқымды қозғалыс дәрежесіне жетіп, үлкен саяси күшке айналды. Еліміздің жалынды жастарының дені жасотандықтардың қатарында. Біз Елбасының тапсырмасына сай кез келген жаңашылдықтан тайсалмай, қоғамдық өзгерістерге дайын болуымыз керек. Осы орайда жастардың қазіргі инновациялық жаңалықтарын қолдап, әлемдегі өзгерістерден кенде қалмай, алдыңғы қатарға шығуға міндеттіміз, – деді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев.
Съездер аралығындағы кезең бойынша есеп берген төраға жастар ұйымының өткеніне шолу жасап өтті.
Биылғы жылдың басында «Жас Отанның» тарихында алғаш рет Орталық кеңеске сайлау онлайн тәсілімен өткен. Бұл ашық бәсекеде еліміздің әр түкпірінен 363 үміткер өз кандидатурасын ұсынып, олардың 16-сы Орталық кеңес мүшелігіне енген. Жеңіске жеткендердің қатарында жас кәсіпкерлер, еріктілер қозғалысының белсенділері мен өнер саласының өкілдері бар.
Д.Сүндетбаевтың айтуынша, жасотандықтар жүзеге асырған «NURINTECH», «Сәтті қадам», «Жастар – Отанға» жобаларына жастар белсене қатысқан және жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Мәселен соңғы екі жылдың өзінде жастар ұйымының мұрындық болуымен 10 мыңдай жас маман тұрақты жұмысқа орналасқан. Инновациялық жобалар байқауына да екі мыңға жуық өтініш түсіп, олардың үздіктері мемлекет деңгейінде аталып өтті. Оның ішінде жас өнертапқыш Мәулен Бектұрғановтың бионикалық протез жасау тәсілі сапасы мен қолжетімділігіне байланысты әлемдегі озық үлгілерден де тиімді саналып отыр.
Өткен жылы Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің жастары, атап айтқанда Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мен Әзербайжанның өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылған тарихи, рухани және саяси лагерьде тыныққан. Бұл жоба қатысушылардың көңілінен шығып, оны алдағы уақытта аталған елдердің бірінде өткізу туралы ұсыныс берілген.
Съезд барысында ауыз толтырып айтарлық жағымды мәліметтер мен жетістіктерді Жастар қанатының бақылау-ревизиялық комиссиясының төрағасы Евгений Кочетов баяндады. Ресми мәліметтерге қарағанда, бүгінде «Жас Отан» мүшелерінің саны 164 мыңнан асқан. Қазақстан бойынша ауқымды шараларға тартылған 1,5 млн адам – еліміздегі жастардың үштен бірін құрайды. Бұл әрбір қала, аудан мен ауылдағы, өндіріс және оқу орындарындағы жастардың белсенділігін көрсетеді.
Рухани жаңғырудың басым бағыты
Съездің ресми ашылуына арналған жиыннан кейін қатысушы делегаттар бірнеше топқа бөлініп, түрлі тақырыптарда пікір алмасты. Атап айтқанда, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Саламатты ұлт» тақырыптарында өткен сессиялар аясында жасотандықтар ұлттық жаңғырту процесін идеялық кеңістікте жүргізу, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру сынды ауқымды тақырыптар төңірегінде ашық алаң құрды.
Ұлттық музейде өткен «Рухани жаңғыру» сессиясының жұмысына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттер аясында атқарылған ауқымды жұмыстарға назар аударды. Оның айтуынша, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер» және өзге де бағыттар бойынша нақты қадамдар жасалып, нәтижелерге қол жеткізілген.
– Рухани жаңғырудың басты мақсаты – бабадан мирас болған асыл мұраларымызды дәріптеу, ұлттық кодымыз бен құндылықтарымызды сақтау және халықты ортақ мүддеге ұйыстыру. Бұл арнайы заң немесе қаулымен шешілетін жұмыс емес. Ол үшін ұлтымыздың бар қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, сол жолда аянбай еңбек етуіміз керек. Бұл ретте «Жас Отанға» сана ашықтығының аясын кеңейту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, прагматизм, еңбекқорлық сияқты міндеттер жүктеледі. Әр жасотандық жаңғыру аясында әлемнің озық тәжірибелерін еркін меңгере отырып, өзінің ұлттық коды мен рухани, мәдени бірегейлігін сақтауы тиіс, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев. Сондай-ақ ол қабылданып жатқан қазақ тілінің графикасындағы жаңа әліпби өркениет тұтастығы үшін жасалған үлкен қадам екенін айта келіп, жастарды Елбасы мақаласының өзекті бағыттарын жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырды.
Аталған сессияға Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш спикер ретінде қатысып, бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру төңірегінде сөз қозғаған Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов кәсіптік стандарттарды еңбек нарығының талаптарына сай жаңарту тұрғысында баяндады.
«Рухани жаңғыру талаптары дәстүрден алшақтау емес, керісінше, ұлттық кодымызды, тарихымызды сақтай отырып сана ашықтығы арқасында біліктілік пен бәсекеге қабілетті бола білуді көздейді. Елбасы қойған міндеттер негізінде қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық бойынша өзге тілдерден 17 кітап аударылды. 2018 жылы саясаттану, информатика, әлеуметтану саласындағы тағы 30 кітапты аудару жоспарда бар. Олар алдағы қыркүйек айынан бастап елдегі жоғары оқу орындарында оқытыла бастайды», деді Асхат Аймағамбетов. Вице-министрдің айтуынша, еліміздің 16 өңірі бойынша өлкетану оқулықтары әзірленген. Жуырда барлық мектептерде 7-сыныптан бастап Өлкетану оқулығы оқу процесіне енгізіліп, түрлі туристік жұмыстар жүргізілмек.
«Қаржы сауаттылығы мен кәсіпкерлік құзыреттілігін дамыту бойынша 10-11-сынып оқушыларына арнайы сабақ өтетін болады. Бұл өте маңызды қадамдардың бірі. Сонымен бірге кәсіптік колледждерде нарық ыңғайына қарай жастарға қаржы сауаттылығы үйретіледі. Олар оқуды бітірген соң жұмыс іздеуші маман емес, жұмыс берушіге айналады. Мұндай жоба осыған дейін Қарағандыда іске асырылды, бүгінде алғашқы нәтижесін де көрсетті», дейді вице-министр.
Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш жаңа тұрпатты жаңғырудың негізгі міндеттерін атап, латын әліпбиіне көшудің терең қисыны бар екенін әрі ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты іске асырылып отырған ілкімді бастама екенін атады.
«Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласындағы міндеттер қойылған бір жыл ішінде елеулі жұмыс атқарылды. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз. Жаңа технологиялар арқылы қазақ тілінің халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуіне тиімді мүмкіндік туып отыр. Осыған орай ұлттық комиссия құрылып, оның жанынан ашылған төрт жұмыс тобы орфография, терминология, әдістеме және ақпараттық технологияларға икемдеу ісіне байланысты тиянақты іс жүргізіп жатыр. 2025 жылға дейін атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, әр жылдың алгоритмі көрсетілді. Мұның барлығы ел болашағы үшін, қазақ тілінің әлемдік деңгейдегі өз орнын табу, ғылым мен мәдениетке жол ашу үшін жасалып отырған дүние. Аталған бір жыл ішінде мәдениет саласы бойынша 800-ден астам іс-шара өтті. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар облыстарында 7 музей, 3 кітапхана ашылды», деді Қуат Бораш.
Цифрлы Қазақстан – маңызды қадам
Съезд аясында жастардың бір легі Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын Тұяқовтың, «Қазпошта» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі төрағасының орынбасары Павел Коктышевтің «Цифрлы Қазақстан» тақырыбы бойынша дәрістерін тыңдады.
Атап айтқанда, вице-министр өңірлерден жиналған жастарға «Цифрлы Қазақстан» жобасының міндеттері мен мақсаттары туралы баяндап берді. Оның сөзіне қарағанда, 5 бағыты, 17 бастамасы, 120 іс-шарасы бекітілген жоба таяу жылдардың өзінде Қазақстанның әлемнің цифрлы картасындағы орнын айшықтап беруі тиіс. Елбасының тапсырмаларына сәйкес, 2025 жылға дейін еліміздің экономикасының айтарлықтай өсімін қамтамасыз ету мен тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту міндеті басымдықтардың алғы легінде тұр. Оның ішінде экономиканың салаларын цифрландыру, цифрлы мемлекетке көшу, цифрлы Жібек жолын жүзеге асыру, адам капиталын дамыту, инновациялық экожүйені қалыптастыру бағыттары бүгінде кешенді түрде жүзеге асырылып жатыр.
– Бүгінде технологияның өсу, даму қарқыны жоғары. Адам құндылықтарының өзі технологияларға ауысты. Біздің алдымыздағы міндет – Қазақстанды алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына шығару. Бұл мақсатта жоспарымыз айқын, жолымыз ашық. Алдағы 3-5 жылдың ішінде елімізді цифрландыру жүйесіне толық енгіземіз, – деді вице-министр.
Өзге спикерлер де өз салалары бойынша жетістіктерін жастарға байыппен жеткізді. Мәселен еліміздің пошта жүйесінде соңғы жылдары тың жаңалықтар жүзеге асырылды. «Қазпоштаның» басқарма төрағасы әңгімесіне әзіл араластыра отырып, жасотандықтарға толыққанды мәлімет берді. Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, еліміздің пошта саласында бүгінде 23 мыңдай адам жұмыс істейді. Елде пошта саласының беделі артып, тек өткен жылдың өзінде ғана халыққа 90 млн қызмет көрсетілген. Бөлімшелерінің 70 пайызы ауылдық жерлерде болғандықтан, жаңашылдықтарды алдымен шалғай мекендерде қолдану уақыт пен қаржының үйлесімді үнемділігін туғызған. Тіпті таулы өңірлердегі 30 ауылға хат-хабар дрон арқылы тасымалдана бастапты.
Жастарға ғылым мен техниканың озық жетістіктері тұрмысымызға үздіксіз еніп жатқандығы және уақыт үдерісіне ілесудің маңыздылығы туралы да айтылды. Мысалы қазір «Қазпоштаның» цифрлы кеңсесінде тұтынушыларға робот қызмет көрсетеді. Бұл күні кеше қиял-ғажайыпқа теңдес жаңалық болатын.
Жиын барысында жастар да өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойып, тиісінше тұшымды жауаптарын алды.
Айта кетейік, съезд жұмысы бүгін де жалғасады.
Нұрғали ЖОЛДАСҚАЛИЕВ,
«Жас Отан» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы:
– Съезге біздің өңірден 45 адам келді. Олардың ішінде студенттер, өнерлі жастар, спортшылар мен жұмыссыз жүрген жастардың өкілдері бар. Осындай ауқымды шараларда бізге әрбір жастың пікірі маңызды. Өткенге көз жүгіртіп қарасақ, Елбасының тапсырмасына сәйкес аймақтарда құрылған ресурстық орталықтар қазір тиімді жұмыс жасап жатыр.
Бұл жолғы съезде де жастардың көңілінен шығатын тың бастамалар, жаңалықтар естиміз деген үміттеміз. Біздер «Нұр Отан» партиясының жастар қанатының өкілдері болғандықтан елдегі әрбір өзгеріске құлшына араласып, оларды жүзеге асыруда алда тұруымыз керектігін түсінеміз.
Жомарт РЯТОВ,
«Жас Отан» Жастар қанаты Семей қалалық бөлімшесінің жетекшісі:
– «Жас Отан» Жастар қанатының аясында жүргеніме төрт жылдың жүзі болды. Бірақ үлкен съезге бірінші рет қатысып отырмын. Бұл жиынның жастардың бағыт-бағдарын айқындап беретініне сенімдімін. Осы жерде айтылған жаңалықтарды елге барған соң жастар арасында түсіндіру, насихаттау істеріне кірісеміз. Өз елін сүюге, туған жерін құрметтеуге мұндай алқалы басқосудың әсері көп болады.
Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған бес әлеуметтік бастаманы естіген семейлік жастар дүр сілкінді. Өйткені студенттері көп біздің өңірге гранттардың көбейтілуі, жаңадан жатақханалардың салынуы тың серпіліс беретіндігіне күмән жоқ.
Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ,
«Жас Отан» Жастар қанаты Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы:
– Бұл жолғы съезден күтеріміз көп. Атап айтқанда, жастар үшін маңызды шешімдер қабылданатындығына сенімдімін. Әдетте, өңірлерде қордаланған мәселелердің де түйінін тарқатып, күрмеуін шешіп аламыз.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында мектеп бітірген түлектердің ресейлік оқу орындарына таңдау жасап, шекара асып жатқандары қынжылтады. Осы мәселені ашық кездесулерде талқыға салмақ ойымыз бар. Өйткені еліміздің солтүстік өңірлерінде жастар саны азайып барады. Елбасының бес әлеуметтік бастамасынан жастарға кедергі проблемаларды шешу жолдарын ұғындық. Біздің ендігі міндет – жаңа бастамаларды замандастарымызға терең түсіндіру.
Айніл ӘБУӘЛІ,
Жамбыл облыстық халық шығармашылығы үйінің қызметкері:
– Жамбыл облысында 227 мыңдай жас бар. Олардың үздіктері, белсенділері Астанаға жиналып, ортақ мәселелерді талқылап жатырмыз. «Жас Отанның» съезінен болашаққа бағдар, серпіліс аламын деген үмітім бар.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Бұл үрдістің соңғы кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы арқылы қайта жаңғырғанына бәріміз куәміз. Осынау бастамалар бүгінгі съезде қызу талқыланды. Менің ойымша, жастар осы алқалы жиыннан өздеріне бағыт-бағдар алады. Бұл өз кезегінде біздің қоғам өміріне белсене араласуымызға жол ашатыны сөзсіз.
Серік ӘБДІБЕК,
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»