Жазда өтетін Ресейдегі чемпионаттың басты фавориттерінің бірі – Бельгия Сауд Арабия құрамасын 4:0 есебімен ойсырата ұтты. Ал жарысты қабылдайтын Ресей тағы бір мықты – Франция құрамасына өз алаңында 1:3 есебімен жеңілді. Ең қызығы Леонель Мессидің Аргентинасы Испаниядан оңбай ұтылды. Есеп 6:1.
Осыдан бір апта бұрын Леонель Месси испан газеттеріне сұхбат берген-ді. «2018 жылғы әлем чемпионаты – мен үшін соңғы мүмкіндік. Одан кейін құрамада ойнауым екіталай. Қазір өзімнің бабымда жүрмін, мундиальда жеңіске жетуіміз Аргентина құрамасының өзге де футболшылары қазір жарқырап жүр» деп ағынан жарылған еді. Иә, расымен де «Манчестер Сити» сапындағы Серхио Агуэро да, «ПСЖ» сапындағы Ди Мария да нағыз бабында. «Ювентустегі» Гонсало Игуаин мен «Интердегі» Икардидің өзі неге тұрады?! Олар әр тур сайын гол соғып, көзге түсіп жүр. Футбол мамандары да Аргентина Ресейдегі чемпионатта жеңіске жетуі мүмкін деп топшылаған. Алайда...
Алайда, Аргентина құрамасындағы ойыншылардың барлығы да керемет емес екен. Қорғаныстың әлсіздігі, орталық жартылай қорғаушылардың сылбырлығы «албиселесте» құрамасының осал жерлерін көрсетті. Оған біз күні кеше өткен Испания – Аргентина матчында көз жеткіздік. Бас бапкер Хорхе Сампаоли Леодан басқа атақты футболшыларын тегіс алаңға шығарды. Мессидің санындағы жарақат ушығып кетпесін деп, бапкерлер оны ойынға қатыстырмады. төрт дүркін «Алтын доптың» иегері ойынды «Сантьяго Бернабеудің» трибунасында отырып тамашалады. Негізінен Испанияның ойынын тамашалады десек артық емес. Себебі Аргентина бұл матчта қақпасынан доп алумен болды. Матчтың небәрі 12-минутында Испания іске кірісіп, Диего Коста ойынның есебін ашты. Коста бастаған істі әрі қарай Иско іліп әкетті. «Реал» жартылай қорғаушысы бұл матчта хет-трик жасады. Арасында Алькантара бір мәрте, тіпті құрамаға енді алынып жүрген Диего Аспастың өзі гол салды. Жалпы алғанда ерінбегеннің бәрі Аргентинаға гол соқты. 74-минутта Иско таблодағы көрсеткішті 6:1 жасағанда Леонель Месси қолын бір сілтеп, трибунадан тайып тұрды. Оған дейін де Мессидің көңіл-күйін аңдып отырған фототілшілер атақты аргентиналықтың күңіренген түр-әлпетін таспаға түсіре беріпті. Сол фотолардың басым көпшілігі испан газеттерінің алғашқы бетінде жарияланды.
Иә, расымен де Аргентинаны мұншама осал ойнайды деп ешкім күткен жоқ. Жарты әлем Лео бастаған құраманы Әлем чемпионатының фавориті санап еді. Енді қалай болар екен? Біріншілік басталуға бірнеше ай қалғанда Аргентина өзінің тарихындағы ең ауыр жеңілістердің бірін қайталап отыр. «Албиселесте» 1968 жылы Чехословакиядан, 2009 жылы Боливиядан 6:1 есебімен жеңілген.
Айтпақшы, Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы Нидерланды ұжымына өз алаңында 0:3 есебімен есе жіберді.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»