Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

Бұл да тарих (сурет сыры)

743 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

– Кешегі келмеске кеткен кеңестік кезең­де бә­рі де керемет болды деп айта ал­май­ты­ны­мыз анық. Дегенмен, ол тұс­та да жан жадыра­тар жақ­сылықтар бол­ды ғой, – дейді белгілі фото­су­рет­ші Қалиғұмар аға Қабдешов.

Бұл да тарих (сурет сыры)

– Мәселен, ғылым да­мыды, өнер өсті, мәдениет, әдебиет өркен жайды. Бұған білім беруді де қосуға болар. Бұл менің жеке пікірім. Тәуелсіз Қазақстанның бү­гін­гі жетістіктеріне еш­т­еңе жетпейді, әрине! Да­му­дың даңғыл жолына түскен елі­міздің абыройы асқақ қазір!

Біздіңше, Қалекең дұрыс айтады. Жалпы, өткеніміздің барлығы да тарих. Ал тарихтың қасіретті кезеңі де, жарқын беттері де кездеседі. «Өткеніңе топырақ шаш­саң, болашақ саған тас атады» деген де тәмсіл бар. Кеңес өкіметі билік құрғанда да халыққа адал қызмет еткен адамдар аз болған жоқ.

Қалиғұмар ағамыз көп жыл шет­ел­дермен ынты­мақты қарым-қаты­нас ор­натқан қазақстандық «Дос­тық» қо­ға­мын­да қыз­мет істеген, респуб­ли­­калық ҚазТАГ, одақ­тық АПН ақпараттық агенттіктерінің штаттан тыс фототілшісі болған, бүгінде 78 жаста.

Ол кісі түсірген мына суретте Бело­руссия Компар­тиясының бірінші хатшы­сы, Кеңес Одағының батыры (соғыс ке­зінде партизан отрядын басқарған), Со­циалистік Еңбек Ері Петр Миронович Машеровтің (оң жақ­та) Қазақ КСР-нің 60 жылдығында атақ­ты Алматы тұрғын үй-құрылыс ком­бинатының ұжымына Минск қала­сын­да РСДРП-ның (Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы) І съезі өткен үйдің макетін сыйға тартып тұр­ған сәті бейнеленген. 1980 жыл, тамыз.

Бір өкініштісі, бұл кісі сол жылы қа­зан айында көлік апатынан қаза тап­қан...

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

Алматы облысы,

Қарасай ауданы