12 Ақпан, 2010

“ЗАМАНҒА САЙ САЗ КЕРЕК”

1226 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазір мәдениет саласын дамытуға мемлекеттік қатысуды оңтайландыратын, яғни біздің таланттарымыздың өз шығармашылық еңбегі есебінен өмір сүру деңгейіне жетуіне мүм­кіндік беретін жағдайлар жасайтын кезеңдер туды” деген тұжырымы мәдениет пен өнерді мемлекет тарапынан қолдауға, шығармашы­лық адамдарын ынталандыру мен марапаттау жүйесін қалыптас­тыруға, қоғамдық сектордың рөлін нығайтып, мәдениет пен өнер саласын жаңғыртуға негіз болуда. Осы мақсатта Мәдениет және ақпарат министрлігі тұңғыш рет “Тәуелсіздік толғауы” конкурсы­ның жеңімпаздарын марапаттап, үздіктерге үлкен құрмет көрсетті. Бұрындары қалтарыста қалып қоя беретін опера мен балет сынды класси­калық жанрлар соңғы жыл­дары жаңа сипатқа ие болып, тың туындылар дүниеге келе бастады. Әсіресе, ұлттық опера мен балет қойылымдарына ерекше назар тігілуде. Үздік авторлар, компози­тор­лар мен либреттошылар тәуелсіз мемлекетіміздің саяси-рухани келбетін айшықты өрнектейтін жаңа туындыларымен сахналық репертуарды байытып, отандық туындыларды әлемдегі айтулы өнер ошақтарында насихаттауға мүм­кіндіктер тууда. Республика­дағы драмалық және опералық театрлар­дың көкжиегін кеңейтіп, авторлар­ды молынан тартуда үлкен рөл атқаратын, несиелі сыйақы көлемі 24 миллион 200 мың теңгені құрай­тын, музыка мен драматургияның алты саласын қамтитын “Тәуелсіз­дік толғауы” конкурсын өткізуге мұрындық болған Мәдениет және ақпарат министрлігі ең үздік драмалық пьесалар, ең үздік опера­лық шығармалар, ең үздік балеттік шығармалар, ең үздік камералық музыка, ең үздік қазіргі заманғы әндер, ең үздік балалар әндері бойынша түскен шығармаларды іріктеп, марапаттау рәсімін кон­церттік бағдарламамен өткізді. Мерекелік кеште Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жеңімпаздарды жүлде­лері­мен құттықтай келе кон­курстың мақсаты мен ерекшелі­гіне тоқталып өтті. “Тәуелсіздік баба­ларымыз ғасырлар бойы арман­дап, біздің ұр­пақ жүзеге асырған, барлық қазақ­стандықтар үшін ең қасиетті құнды­­лық” деген Елбасы­мыздың сөзі “Тәуелсіздік толғауы” атты бірінші рет өткізіліп отырған халықаралық конкурстың басты байламы деуге болады. Шынды­ғын­да, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлем таны­ған мемле­­кетке айналды. Қазақ­стан­ның беделін Еуропа мен Азия түгел мойындады десек, артық айт­қан­дық болмайды. Елбасының басшы­лығымен Қазақ­стан Еуропа­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төраға­лығын бас­та­ды. Міне, осындай кезде Мұхтар Әуезов айтқандай, “заманға сай саз керек”. Сондықтан Елбасы­мыз тәуелсіздік мұраттарына сай осы заманғы көрермен шын ниетімен қабыл­дай­тын, тәуелсіздік жылдары туылған ұрпақтың жүрегінен орын алатын жаңа музыкалық шығарма­лар жазу және оны сахналау жөнін­де тапсырма берген болатын. Осы конкурс сол тапсырманы орындау мақсатында жарияланды. Кейде жұрт тапсырмамен жа­зыл­ған дүние жүректен шықпайды деп айтып жатады. Бірақ та әлемдік керемет туындылардың біразы тапсырыспен жазылғаны, оларды ұлы композиторлардың жазғаны белгілі. Және сол шығармалар әлі күнге дейін әлем сахналары репертуарынан берік орын алып келе жатыр. Сондықтан да төрт номинация бойынша өткен бұл конкурстың мәні ерекше. Оған АҚШ, Германия, Канадада қызмет етіп жатқан композиторлар да қатысты. Екінші бір ерекшелігі – жеңімпаз атанған шығармалар биылғы жылдың өзінде Қазақ­станның жетекші театрлары репертуарларынан орын алатын болады” деп өнер додасының мұнан кейін де жалғаса беретінін айтты. Халықаралық “Тәуелсіздік толғауы” конкурсының “Ең үздік балеттік шығармалар” номина­циясы бойынша байқауға жолдан­ған төрт шығарманың ішінен бірінші жүлдеге композитор Әділ Бестібаевтың “Жерұйық” ба­леті лайық деп танылып, жеңім­пазға жүлдені Қазақстанның халық әртісі Рамазан Бапов табыс етті. Екінші орын композитор Балнұр Қыдыр­бектің (либреттосы Тұрсын­бек Нұрқалиевтікі) “Адамзатқа аманат” балетіне тиді. “Ең үздік балалар әндері” номинациясынан “Егемен­ді елім-ай” әні бірінші орынды жеңіп алған композитор Марат Ілиясовқа жүлдені белгілі композитор Марат Омаров табыс етті. Ал екінші орын композитор Серік Еркінбековтің “Свет дальней звезды” әніне, үшінші жүлде композитор Шолпан Қорған­бекова­ның “Бала бақыты” әніне берілді. Балаларға арналған шығар­маларға соңғы кездері ерекше назар аударыла бастауы жаңа есімдердің қалыптасып, әлемдік сахналарда танылуына көп септігін тигізуде. Бұл ретте Қазақ ұлттық музыка академиясы жанынан құрылған өнер ұжымдары мен жекелеген өнер иелерінің жетістіктерін айта кетуге болады. Биыл конкурсқа 44 шығарманың жолдануы балалар әндеріне деген сұраныстың алдағы уақытта да кемімейтінін, бұл бағытта әлі көп тер төгуге тура келетінін, ірі өнер додаларына танымал композитор­лар­ды ғана емес, дарынды бала­лардың шығар­маларын да тарта түссе, нұр үстіне нұр екенін ұқтыр­ғандай. “Ең үздік камералық музыка” номинациясы бойынша байқауға 19 шығарма түссе, бірінші жүлде Арман Жайымовтың “Көроғлы” триосына берілді. Жүлдені Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев тапсырды, екінші жүлде композитор Артық Тоқсанбаевтың “Дала нақыстары” поэмасына, үшінші орын композитор Әліби Мәмбетовтің трио-элегиясына бұйырды. “Ең үздік бүгінгі заман әндері” номинациясы бойынша 42 шығарма талқыға салынған. Соның арасынан Рыспанбет Байдалының “Туған елім, дарқан жерім” әні бірінші орынды иеленіп, жеңім­пазға жүлдені атақты әншіміз Бибігүл Төлегенова табыс­тады. Айсұлу Тәниеваның “Астана” әні (сөзі Сәруар Қамаева­нікі) екінші, ал композитор Естай Әлікеевтің “Алға, Қазақстан!” әні үшінші жүлдені жеңіп алып, оларды Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов марапаттады. Тағы бір айта кететін нәрсе, кон­курсқа биыл республиканың әр аймағынан халықтың рухын көтере­­тін, жастардың бойына отаншылдық нәрін себетін әндер көптеп түскені байқалды. Бірақ “Жүзден ­– жүйрік, мыңнан – тұлпар” демекші, шығармашылық бәсе­келестіктің ұлғая түсуі келешекте әннің сапасын арттыруға сеп болады деген үміт бар. “Ең үздік драмалық пьесалар” номина­ция­сына түскен 42 шығарма сарап­қа салына келе, драматург Дулат Исабековтің “Жаужүрек” пьесасы бірінші орынға лайық деп табылып, жүлдені белгілі сыншы Әшірбек Сығай тапсырса, екінші орынды иеленген жазушылар Нұрғали Ораз бен (“Адасқан жұлдыз” пьесасы) Жолтай Әлмашұлына (“Жапон аруының арманы” пьесасы), сон­дай-ақ үшінші жүлдені еншілеген Иранбек Оразбаев пен (“Портмо­не” пьесасы) жазушы Тұрсынбай Жандәулетовке (“Жұбай саудасы” пьесасы) жүлдені белгілі режиссер Есмұхан Обаев табыс етті. Министрліктің сонау 2001 жылдан бастау алатын тағы бір маңызды шараларының бірі – VІ республикалық “Елім менің” патриоттық әндер конкурсының “Атамекен” номинациясы бойын­ша бірінші жүлде композитор Талғат Нағашыбаевтың “Қызыл­орда” (өлеңі Дүйсенбек Аяшұлы­нікі), “Аманат” номинациясынан бірінші жүлде композитор Арыс­тан­бек Кәкиевтің “Ақанға арнау” (өлеңі Серік Ғабдуллиндікі), ал “Елдің ері – Бауыржан” номина­ция­сының бірінші жүлдесі Дулат Әбілдиновтің “Елдің ері – Бауыр­жан” әніне тиді. Жүлдені Парла­мент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл тапсырды. “Ең үздік опералық шығар­малар” номинациясы бойынша төрт шығарманың арасынан композитор Алмас Серкебаевтың “Байтерек” операсы жеңіп шығып, жүлдені Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі табыстады. Министр “Тәуел­сіздік толғауы” конкурсын қоры­тын­дылап, бәсекеге қабілетті бір сала болса, ол мәдениет саласы екенін айтты. “Біз өткен жылы Еуропаның бірталай елдерінде өнер көрсеттік. Қазір Ла Скала театрын­да тоғыз балет әртісі тәжірибелерін байытуда. Театрдың әртістері Сүндет Байғожин, Бауыржан Әмір­жанов, Салтанат Ахметова Италия­да өнерлерін ұштап жүрсе, баритон дауысты жас дарын Азамат Жыл­тыркөзов жақында Венаға аттанбақ. Ең бастысы, бұл конкурс театр репертуарларын байытуға мүмкін­дік туғызады” деген министр бүгін­де Америка жұртшы­лығын өнері­мен тәнті етіп жүрген ком­позитор Алмас Серкебаев туралы қысқаша айтып өтті. Ал конкурс жеңімпазы: “Қазақстан музыкасы бүкіл әлемге кеңінен тараса деп армандаймын” деп өнер сайы­сының нәтижесінде жаңа спектакльдер туа беретініне сенім артты. Мерекелік кешке К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының әртістері, халықаралық конкурстардың лауреаттары Элдар Сәрсенбаев, Әсем Құсайынова, астаналық “Бәйтерек” тобы, белгілі әнші Алтынай Жорабаева, Бақыт­жан Мұсақожаева дирижерлік ететін камералық оркестр және басқа да өнер шеберлері қатысып, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Әбіш Кекілбайұлының “Абылай хан” драмасынан монолог оқып берді. Өнерпаздардың құрметіне Мәде­ниет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атынан ықылас гүлі тарту етілді. “ХАНША – ДАРИЯ ХИКАЯСЫ” Әдебиеттің әйгілі тарланы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың шығармасы негізінде инсцениров­касын Ж.Құлманбетов жазып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат” орденінің иегері, режиссер Н.Жақыпбаев сахналаған Жастар театрының тың қойылымы жақында Бейбітшілік және келісім сарайында көрерменге ұсынылып, сахна сахарасына жол тартты. “Ханша – дария хикаясы” қойы­лымы туралы көрерменге түсі­нікті болуы үшін таратылған бүк­темеде: “Болашақтағы ұлы жеңіс­тер үшін! деп ұрандатқан жарты әлем­нің әміршісі Шыңғыс­ханның жау­лап алған таңғыт тай­па­сынан таң­даған аруы Гүрбелжін сұлу әмірші­нің өмірі­не түскен өзек құрт екенін, пен­деліктің ақырғы демін осы ару­дың үзерін кім біл­ген. Осы қар­балаң өмірде қаты­гездік пен әділ­дікті біте қайнас­тыра білген жан­дардың да, Жаратушы өзі бер­ген тән ғұмырын тоқтату сәтін әлсіз жан­­дар арқылы себепкер етсе амал қанша? Осы бір тылсым дүниені сахна тілімен сөйлете, жеткізе білген қойылым режиссерінің шешімі, қас қағымда ойыңызды алай-дүлейге толтырып, өмір-өзеннің арнаға сыймай аққан толқынында жете­лейді” деп түйінделе баян­далады. Әлемді дүр сілкіндірген әміршінің соңғы демін жұтар сәттегі күйзеліс-қайғысы, ақырет­ке аттанар алдын­дағы сезім-күйі осыған дейін құпия­лы құрсау болып келсе, тарихи тұлғаның бей­несіндегі бедерлер әлі де талай жылдар түрлі қисындарды туды­рып, аңыз бен ақиқатты астас­тыра алуан пайымды шығармашы­лық парағы қалыңдай түсері күмән тудырмайды. Сахна сахарасына бұрын салынбаған өзгеше өрнек­­пен, шертілмеген бөлек әуенмен, театр соқпағында кезікпеген соны ізбен дүниеге келген кезекті туын­дыны да сондай шығармалар сана­тына жатқызар едік. Қойы­лымды тамаша­лаған соң, ой-байламын ортаға салған қалам­гердің пайым­дауынша, экспери­ментальді театр­да дүниеге келген сахналық қойы­лымды көру авторға қашанда оңай соға қоймасы анық. Осы­дан қы­рық үш жыл бұрын жарық көрген жазу­шы по­весіндегі көп тұстар өзгертілген, театр тіліне аудары­лып жаңаша жаса­лын­ған. Көп ойды ре­жиссер кейіпкер­лердің арқанмен арпалысы сынды плас­ти­калық әре­кет­­тер арқылы баян­­­­­дайды. Сол себеп­ті де қаламгер мұны өз шығарма­сының желісінде қойылған туынды деп есептемейді. Шыңғысханның қалай, қашан өлгені жайында әлі күнге дейін нақ­ты деректің табыл­мауынан әдеби, сахналық көркем туын­ды­лар желісіне түрлі аңыз-әпсаналар негіз болып, шырғалаң­нан шын­дыққа шығар жол іздес­тірілгелі қашан десек те, бұл тақы­рыпты қаузаған шығарма­шылық адамдарының байлам-бағытының бір-біріне ұқса­май, бір-бірін қайта­ла­май, әр­қай­сысы өз ақи­қаты­мен өмір сү­руі­­не құқы­лы екені белгілі. Қойылым тура­лы өз ойын қоры­тын­­дылай келе қаламгер­дің “Хан­­­­ша-дария оқиға­сы” спектаклін Шың­ғыс­хан өмірінің соңғы сәтінен бір үзік сыр деуге болады. Ол осы күйінде тұрып та, өзін­дік ойлары­мен, ба­ғыт-байламымен кө­рер­мен қошаметіне бөленуге қақысы бар екенін айтып өтуі сон­дықтан. Барлық уа­қытта сахна­лық қо­йы­лым шығар­ма же­лісі­мен үндесіп, ал­ғаш­­қысы кейінгісі­нің ай­на-қатесіз қайта­лауы, көшірмесі бо­лып шы­ға бермейтіні рас. Бірақ та туынды мен қойылымның бір-бірі­не жуықтай­тын тұс­тары, үндесетін үлгі­лері жиі ұшырасады. Туынды мен қойы­лым­ды Шың­ғыс­ханның қаза­сына байланысты оқиғаны таң­дау жағы жақындас­тыруы мүмкін. Мұн­да әміршінің өліміне себепкер болған – таңғыт тайпасының аруы Гүр­бел­жін сұлу екені баяндалады. Қаһарлы хан­ның ғашықтық сезім­нен жарала­нып, халықтың қанын суша төк­кен зұлымдықтың ең соңында махаббат табанында тап­талуы бір жағынан Жаратқан­ның құдіреті­мен жасалған жаза сияқты болса, екінші жағынан осы шешім дүние­дегі ең қымбат құндылыққа деген ілтипат сезімі секілді көрінеді. Сахна тілінің әуен, пласти­ка­лық әрекет-қимыл арқылы өріліп, мүлде бөлек арнада өрнектеліп жатуы заңдылық. Режиссер Нұр­қанат Жақыпбаев қойылымының ерекше­лігі – сахналық идеяның жүзеге асырылуына үш таған қатар тұрып қызмет атқарады. Бұлар – сөз, би және әуен тілі. Осы үш таған бірі­гіп, қойылымның қо­ным­ды өрілуіне себепші болған. Спек­такльден театр өнеріндегі заманауи қолтаңбалар көрініс табады. Акробатикалық, хореогра­фиялық қимылдар әртіс­тердің шынайы ойнауымен өзіне баурай түсер еді. Режиссурадағы тың шешімдер мен соны әдістер спек­такльдің сәтті түстары болып қалары анық. Биге лайық музы­каның табылуы, көңіл-күй бояу­ларын түрлі дыбыстармен, жаң­ғырықпен өрнек­теу қойылымды көрерменнің бір деммен көріп шы­ғуына мүмкіндік береді. Спек­такль­дегі негізгі кейіпкерлерге келсек, Шыңғысхан (Әділ Ах­метов), Көріп­кел ( Мәдина Ма­тамова), Қаһар (Аза­мат Есқұлов), Шыдұрғы (Дәу­рен Серғазин), Гүрбелжін (Айнұр Рахипова), Тұтқын (Бақыт Қажы­баев) рөлдерін сомдаған әртіс­тердің қай-қайсысының өнері­нен болсын өздеріне жүктелген мін­детті мінсіз атқарып шығуға тыры­сып баққаны байқалды. Сахна декора­ция­сына арқанның таңдалуы оқиға арқауын жетілдіріп, астарлы ойға жетелейді. Астан-кестең айқас та, алаңдаған көңіл мен ажалды тағдыр да арқан арқылы түйінделеді, ғашықтық жыры осымен шертіледі. Әрине, спектакльдің көкейге сәл де болса сауал тастататын жақтары жоқ емес. Сахна төріндегі перделер артынан қып-қызыл ай бейнесі көзге оттай басылар еді. Ол сол дәуірдің үнін, Шыңғысханның қанды шап­қын­шы­лығы мен тып-типылы шық­қан таңғыт тайпасы­ның көз жасын бейнелейтін бедер сынды елестер. Бірақ спектакльдің бастан-аяқ осы ай аясынан, қараңғылық құрсауы­нан шық­пауы, жарықтың көмескі тартуы ойлант­пай тағы қоймайды. Сон­дықтан спектакль алдағы уа­қыт­та әлі де өзінің артық-кем тұс­тарын түзетіп, толыға түседі деп сенгіміз келеді. Қысқаша айтқанда, Жастар театры­ның тың тынысты, әлеу­метті қуан­тар тағы бір туын­дымен байи түс­кеніне жұрт куә.