«Бақсақ бақа екен» демекші, бұған дейін үнемі бастарын қауіп-қатерге тігіп, от пен судың ортасында жүретін құтқарушы қауымының түйткілдеріне жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбегені білінді. Бір байқағанымыз, техника, өзге де құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі тек Шығыс Қазақстанның басындағы кеп емес. Мұны өңірімізге екі күндік жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин журналистерге арнап өткізген брифингте айтты. «Республика бойынша 140 өрт сөндіру бөлімі қажет, техникалардың жетіспеушілігі 45 пайызды құрайды. Ал егер мотопомпа мен өзге де құрал-жабдықтарға келсек, оның жабдықталуы 35 пен 70 пайыз аралығын қамтиды. Қазір осы мәселе бойынша еліміздің Премьер-Министрінің тапсырмасымен Үкіметке хат әзірлеп жатырмыз», деді вице-министр.
30 жылдан астам уақыт пайдаланылып жүрген көліктер де бар
Еліміздегі жағдай осындай. Ал енді шығыстағы төтенше жағдай қызметкерлерінің шекесі шылқып жүрмегенін 27 наурызда Астанада өткен Үкімет отырысында облыс әкімі Даниал Ахметов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа жайып салғаны белгілі. Аймақ басшысы өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің техникалық жабдықталуының өте төмендігін тілге тиек етіп, департаментте норматив бойынша болуға тиіс 249 көшпелі мотопомпаның тек 55-і, 69 қайықтың 14-і, 1 мың гидрокомбинезонның 86-сы ғана бар екенін, 55 жол талғамайтын көліктің бірде біреуі жоқтығын алға тартқан еді.
Мәселенің анық-қанығын білейік деп Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне арнайы барып, мекеме директоры Нұрлан Мадияровпен сөйлестік. Сонымен облыстың төтенше жағдай саласы қызметкерлеріне не жетіспейді? Қандай түйткілдер бар? Бүгінде аталған департаментте 63 бөлім бар болса, тасқын кезінде аса қажет көшпелі мотопомпа әр бөлімде кемінде үш-төрттен болуы керек екен. Яғни қазірдің өзінде 194 көшпелі мотопомпа керек. Ал тіркемелі мотопомпаның саны норматив бойынша 112 болуы тиіс, қазіргі бары – 2. Демек 110 тіркемелі мотопомпа қажет. Төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылатын арнайы көліктердің саны норматив бойынша 232 болуы шарт болса, біздің өңірдегі саны, бар болғаны – 35. Апатты жағдай орын алғанда мотопомпа мен қайықты тиеп апаратын «УАЗик» көліктерінің саны 489 болуы керек болса, қазір 131-і ғана бар. Оның жартысынан көбі ескірген екен.
Төтенше жағдайлар департаменті көктемгі тасқынмен ғана емес, өрт сөндірумен де шұғылданатыны белгілі. Қазіргі уақытта гарнизонның өрт сөндіру техникаларымен қамтамасыз етілуі небары 37 пайызы құрайды. Ал бұл техникалардың 79 пайызы ескірген көрінеді. Тіпті 30 жылдан астам уақыт тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан техникалар да бар. Оның саны – 332. Мәселен, 283 техника – 20, 49 техника – 13, 46 техника – 8, 38 техника 3 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келе жатса, тек 2 техниканың жұмыс істегеніне 3 жылға жетпепті. Облыстағы өрт сөндіру машиналарының саны норматив бойынша 418 болу керек екен. Қазір бары – 232. Противогаз 2359 дана болу керек болса, бүгінде бары – 7. Алайда жақында облыстық әкімдіктен бөлінетін қаржыға 1 мың дана противогаз сатып алынатын болыпты.
Д.Ахметов Үкімет отырысында Премьер-Министрге төтенше жағдайлар департаментін тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жыл басында 300 миллион теңге қаржы бөлінгенін мәлімдеген еді. Департамент директоры Н.Мадияровтың айтуынша, бұл қаржыға өрт сөндіру кезінде қолданылатын 2 автобаспалдақ, 4 апаттық-құтқару құрылғылары мен жеке қорғаныс құралдары сатып алынбақ. «Жалпы алғанда, департаментті құрал-жабдықтармен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін 30 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Әрине мұндай қаржыны бірден бөлу мүмкін еместігін жақсы түсінеміз. Дегенмен де осындай алапат тасқын жағдайында бірінші кезекте қажет құрылғыларға қаржы дер кезінде бөлінсе дейміз. Осы ретте біз облыстық әкімдікке 50 көшпелі мотопомпа, 4 тіркемелі мотопомпа, құрамында 1 мотопомпа мен 1 қайығы бар 10 апаттық-құтқару көліктері, 100 дана су өтпейтін комбинезон, 100 дана құтқару желеттері, 500 дана резеңке гидрокомбинезон сатып алу үшін 219 миллион теңгеге өтінім бердік», дейді департамент директоры.
Негізінде норматив бойынша апаттық-құтқару көліктерінің саны 35 (қазір бары – 9), су өтпейтін комбинезондар 100 (облыста мүлде жоқ), құтқару желеттері 100 (қазір бары – 43), резеңке гидрокомбинезон 2000 (қазір бары – 86) болуы керек.
Тасқын суды да табысқа айналдыруға болады
Ойды ой түртеді. Тасқын демекші, көктемгі тасқын суды кәдеге жарату жайында кейінгі кезде аз айтылып жүрген жоқ. Былтыр Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетіне Астананы және өзге де өңірлерді су деңгейінің көтерілуі мен су тасқынынан қауіпсіз етуге мүмкіндік беретін жобаларды іске асыру қажеттігін тапсырғаны есімізде. «Судың көптігі су деңгейінің көтерілу қаупін тудырады. Бір жағынан оны ұтымды, әсіресе ауыл шаруашылығында пайдалануға болады. Осыған орай әр елді мекенде шағын су қоймаларын салуды қамтамасыз ету қажет», деген еді Елбасы. Президенттің бұл тапсырмасы барлық жерде сәтімен жүзеге асырылып жатыр дей алмаймыз. Қазір өкінішке қарай, мемлекеттің қаншама қаржысы тасқынның алдын алуға емес, тасқынмен күреске, тасқын зардаптарын жоюға жұмсалып жатқаны жасырын емес. Егер Мемлекет басшысы айтқандай, әр елді мекенде шағын су қоймалары болғанда, тасқын суды кәдеге жаратуға байланысты кешенді бағдарлама әзірленгенде Аягөздегі, Глубокоедағы, Шемонаихадағы немесе Өскемендегі жағдай орын алмас па еді. Қаншама мемлекет қаржысы желге ұшпас па еді. Әрине «мұндай қар, мұндай жауын-шашын, мұндай тоң облыста өмірі болған жоқ, табиғатқа қалай қарсы тұра аламыз?» деп жауапкершілікті өзімізден ысырып тастап отыра беруге де болатын шығар. Алайда жекелеген лауазымды тұлғалардың жауапсыздығы, өз жұмысына салғырт қарағандығы да тілсіз жаумен күресте дәрменсіздік танытуымызға әсер еткенін жоққа шығаруға болмас. Мәселен, жақында Өскемен көшелері көлкіген суға толғанда облыс әкімі Д.Ахметов қала әкімдігін қатты сынға алып, былтыр күзде тазалануға тиіс арықтардың дер кезінде тазаланбағанын беттеріне басқан еді. Содан кейін ғана барып қаладағы арықтар тазаланып, техникалар саны арта түсті. Сонда әкім айтпаса, әкім көзге шұқып көрсетпесе арықтар қар мен мұзға, қоқысқа толып тұра беруі керек пе еді? Дегенмен Елбасы міндеттеген маңызды мәселе – тасқынның алдын алуға ерте қамданып, су тасқынынан қауіпсіз етуге мүмкіндік беретін жобаларды іске асырып жатқан аудандар да жоқ емес өңірде. Мәселен, Тарбағатай ауданы қазір Кеңес Одағы кезінде қолданылған «лиманное орашение», яғни жайып суару технологиясын қайта жаңғыртуды қолға алып жатыр. Кезінде Тарбағатай ауданында 20 мың гектардан астам шабындық жер жайып суару әдісімен суарылған екен. Ауданда 220 шақырымнан астам каналдар болыпты. Қазіргі уақытта сол каналдардың барлығы топыраққа толып, бітеліп қалған. «Біз биыл тасқын суды ауылдарға жеткізбей, жол-жөнекей шабындықтарға қарай бұрып жібердік. Осылайша 5 мың гектардай жерді жайып суардық. Әлі де суарып жатырмыз. Біле-білсек, тасқын суының пайдасы мол. Құрамында қаншама минералды заттар бар. Біріншіден, тасқын суы топырақтың құнарлығын арттырады. Екіншіден, жерді ылғалдандырады. Үшіншіден, шабындықтың өнімділігін еселейді. Осыдан отыз жыл бұрын шабындықта 30 түрлі шөп болса, қазір 15 түрі ғана қалған. Яғни топырақтың құнарлығы жылдан-жылға төмендеп барады. Мемлекет қаржысын жыл сайын су тасқынымен күресуге жұмсағанша, бұрынғы пайдаланылған арналарды қалпына келтіруге, жайып суару технологиясын дамытуға неге жұмсамасқа? Бұлай болғанда су тасқынының алдын алып қана қоймай, шаруаларға да қолайлы жағдай жасаймыз. Сондықтан бұл мәселе Үкімет деңгейінде, республика көлемінде қаралып, кешенді бағдарлама қабылданса дейміз. Жайып суаруды қайта қолға алу бойынша аудан халқының атынан Су ресурстары комитетіне өз ұсынысымызды жібердік», дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.
Көп жылдар су шаруашылығы саласында еңбек еткен, мамандығы агроном аудан басшысы Президент ерекше атап өткен шағын су қоймаларын салу, әсіресе қарапайым ауыл тұрғындарына пайдалы екендігін айтады. «Мәселен, көрші Қытай мемлекеті әрбір ауылында су қоймасын салып тастаған. Ол жақтың әкімдері бір-бірімен кездескенде «қанша су жинадың?» деп сұрайды екен. Яғни олар судың байлық екенін біледі. Меніңше, суға тосқауыл қоямыз деп қаншама миллиардтаған қаржыға дамбы салғаннан гөрі, 2-5 миллион текше метрлік шағын су қоймаларын тұрғызған тиімді. Бұған көп қаржы да жұмсалмайды. Әр ауылда бір-бірден су қоймасы болса, халықтың мал өсіріп, ет өндіруіне де қолайлы болар еді, қаншама адам жұмыспен қамтылар еді», дейді ол.
Түйін
Жоғарыда өңірде тасқынның орын алуына себеп болған жағдайларға аз-кем шолу жасағандай болдық. Қыс бойы қардың болмағанын, содан жер астына қалың тоң қатқанын, көктем туа қар мен жауынның астында қалғанымызды айттық. Техникалардың тапшылығын, кейбір лауазымды тұлғалардың жауапсыздығын сөз қылдық. Дегенмен мына бір жағдайды да назардан тыс қалдырмау керек секілді. Көбіне әкімдікті, төтенше жағдай қызметкерлерін сынап-мінеуге әзір тұратын кейбір тұрғындардың ауласындағы қарды дер кезінде тазаламауы, арықтарды аршымауы да белгілі бір деңгейде жағдайды ушықтыра түскені анық. Тіпті құтқарушыларды ауласындағы суды соруға шақырып алып, суағарын көрсете алмаған тұрғындар да бар. Қазір бірнеше үйді су басып жатқан Глубокое ауданының Прогресс ауылында Ұлттық ұланның сарбаздары қыс бойы тазаланбаған, қоқысқа толы арықтарды қоқыр-соқырдан арылтып жатыр.
Айтпақшы Өскеменде журналистерге брифинг өткізген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин елімізде өзен жағасына заңсыз салынған үйлердің аз еместігін, мұндай үйлер Аягөзде де бар екендігін айтып қалды. «Шығыс су қоймалары» коммуналдық мекемесінің директоры Александр Лукин өңірдегі гидротехникалық нысандардың көпшілігінің ескіріп тұрғанын да сөз еткені бар. Ендеше алдағы уақытта аймақтағы су жағасындағы үйлер, гидротехникалардың нысандары толық тексеруден өткізіліп, қауіпсіздігі назарға алынуы керек секілді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы