Әдебиет • 30 Наурыз, 2018

Әбіш Кекілбайұлы. Әзелгі мұратынан айнымақ емес (үзінді)

500 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

...Бәрінен де қауіптісі – қай істі де екіұштылық билеп-төстеуде. Бір жағынан, қоғам жекелеген индивидумдарға ыдырап, атомдана түссе, екін­ші жағынан, сана өт­кін­ші ағымдар мен өтпе­лі ұс­танымдарға, сән қуа­лау­шылық пен беделде табы­ну­шылыққа беріліп, стандарттана, тіпті тоталитарлана, жаппай қасаңдана түсуде. 

Әбіш Кекілбайұлы. Әзелгі мұратынан айнымақ емес (үзінді)

Бұрынғы ұзақ мерзімді догма енді уақытша үстемдік құратын өтпелі догмалармен орын алмасуда. Қысқасы, азаматтық сана қалыптасқан қағидалар үстемдігінен арыла алмай отыр. Адам біткен банктерде өз есептерін ашып, бизнеске өз акциясын салып, өз қалтасына ешкімге қол сұқтыртпай өзі ие болуға тырысса да, өмірде болып жатқандарға байланысты өз көзқарасын түйіп, өз пікірін қалыптастыруға соншалықты ынталы емес. Көбіне көп бас­қалардың ығында кетуге бейім. Экономикалық эман­сипация өзіне сәйкес әлеу­меттік-моральдық, рухани-көз­қарастық эмансипацияға ұласа алмай келеді.

Біздің ғасырдағы электро­никалык, қайта қарулану адам тіршілігін қайтадан то­бырландырып бара жат­қан­дай. Үйінде оңаша отырып та, иін тірескен көшедегі көп­­шіліктің арасында жүр­­гендей, басқалардың ықпа­­лы­нан құтыла алмайсың. Кез келген телефон шыл­ды­ры сені үйіңе өрт тиген­дей, есі­гіңді ұры қағып тұр­ған­дай әбігерлендіре алады. Кім кө­рінген жеке өмі­­­ріңе қол сұғып, көңіл күйің­ді күйзелтіп, арың­ды сау­даға салып, көз­қа­расы­ңа­ қы­сым, адамдық күш-жі­ге­рі­ңе зорлық-зомбылық жасай алады. Сырт қарағанда де­мократияшыл көрінген ұсы­ныстардың ар жағында да: «Бізді қолда. Олай етпе, былай ет!» – деген әлеу­меттік озбырлық қылаң бе­реді. Құдды бір төменнен не қапталдан бопсалау жо­ға­рыдан бопсалағандай емес, әлеуметтік қысымға жатпайтындай. Қайткен күнде де, біздің замандасымыздың өзімен өзі қалып, өз жағдайын өзі ойланып, не істеп, не қылатынын, ешкімнің араласуынсыз, өзі анықтап алуына жағдайы қалмай, уақыты жетпей барады. Сондықтан көбі не керектің бәрін иемденіп отырып, мұқтаждықтан, кім керектің бәрін тауып отырып, жалғыздықтан арыла алар емес.

Жұрттың ортасында жү­ріп жұрттың бәрі жалғыз­дық­тан жапа шегуде. Парадокс. Бірақ шыны солай. Сырла­сар­ға дос, ақылдасарға аға­й­ын жоқ. Оның есесіне то­бы­рына ілестіріп әкеткісі ке­­летін топ көп. Сондықтан да дәстүрлі коллективизмнен гөрі шынайы плюрализм көбірек керегіп тұр. Өйткені топшылдық адамның жеке пікірі мен жеке басының мүддесін баса-көктейді. Ал плю­рализм алуан пікір ие­лерінің арасынан өзіңе ұқсас пікірлес іздетеді. Жеке басыңның қадірі мен пікірін ешкім езіп-жаншымайды. Ендеше осындай қалтқысыз сұхбаттас, қаяусыз пікірлестің орнын тек кітап қана толтыра алады. Оны оқып отырып, тек өз замандастарың мен отандастарың ғана емес, жалпы адамзаттың бүгінгі және бұрынғы ұрпақтарының өмір тәжірибелері мен көз­қа­растарымен танысып, өз ойларың мен сезімдеріңді өз­ге­лермен салыстырып, өз жан дүниеңді өзің елеп-екшелей аласың.
Адам жады мен абырой-на­мысын көздің қарашы­ғын­дай сақтап, ар-ұжданы мен сезімін аялай сыйлап, ақылы мен тәжірибесін үздіксіз байы­­тып, әдебиет әуел бас­тан­ бергі әмбеге ортақ жана­шыр, әмбеге ортақ ұстаз маңызын одан әрмен нығайта бермек. Сол арқылы әзелден бергі киелі мерейіне қылау тү­сір­мей, мүлтіксіз сақтап қала алмақ.

Олай болатыны түсінікті. ...Адамзат ізгілік пен жақсы­лыққа, адамгершілік пен гуманизмге үзбей тырысу арқылы ғана жер бетінде өзін-өзі сақтап қала алып отыр. Әдебиет те тек солай еткен жағдайда ғана адамдар ықыласын ақтай алады.
Әзелден әдебиеттің пеше­несіне жазылғаны сол.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ