Аймақтар • 30 Наурыз, 2018

Биыл батысқазақстандықтар екі айда банктерден 34,3 млрд теңге несие алған

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында банк филиалдары 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында тұрғындарға 34,3 млрд. теңге несие берген. бұл 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36,1%-ға көп. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы директоры М.Құлбарақов хабарлады.

Биыл батысқазақстандықтар екі айда банктерден 34,3 млрд теңге несие алған

Өңірдегі қаржы ахуалы, экономиканың нақты секторының мониторингі туралы баяндаған Қозыбақ Құлбарақов облыс аумағында екінші деңгейдегі банктердің 14 филиалы бар екенін, филиалда есептік тіркеуден өткен 8 микроқаржылық ұйым жұмыс істейтінін айтты.

Жоғарыда аталған несие қаржының негізгі бөлігі, яғни 34,0 млрд. теңгесі отандық валютамен берілген екен. Ал несие алушы жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың арасалмағы бір-біріне қарайлас. Жеке тұлғалар – 16,9 млрд. теңге несие алса, заңды тұлғаларға - 17,4 млрд. теңге берілген.

Бұдан бөлек, есепті мерзімде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 5,5 млрд. теңге несие берілген. «Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 36,6%-ға көбейді» дейді банк филиалы төрағасы.

Сараптап қарасақ, несие алушылардың көбі қаржыны тұтыну мақсатына және үй салуға немесе баспана сатып алу үшін рәсімдеген. Мәселен, тұрғынүйге жұмсалған несие қаржы былтырғы көлемінен 36,5%-ға ұлғайып, жалпы несиенің 7 пайыздайын құрапты. Салалар кесіндісінде берілген несиенің едәуір үлесі сауда саласына (жалпы көлемнен 29,0%), өнеркәсіпке (13,0%) тиесілі екен.

«Қарыз күліп келеді, жылап қайтады» деген мақал бар ғой. Қозыбақ Құлбарақовтың айтуынша, Батыс Қазақстан облысында несие қарызын қайтаруға құлықсыздар азаяр емес. 2018 жылдың 1 наурызындағы мәліметке сәйкес облыста берешектер сомасы 222,0 млрд. теңгені құрапты. Бұл көрсеткіш те 2017 жылғы 1 наурызбен салыстырғанда 15,2%-ға көбейген. Оның ішінде жеке тұлғалардың несиесі бойынша берешек көлемі 128,1 млрд. болса, заңды тұлғалар бойынша берешек көлемі 93,9 млрд. теңгені құраған.

Сарапшылардың пікірінше, несие беруші банктерге шағын кәсіпкерлік нысандары – 53,4 млрд., тұрғын үй саламын немесе сатып аламын деп қарыз алған адамдар – 39,4 млрд., тұтыну мақсатына берілген несие алушылар – 74,8 млрд. теңге берешек болып, қарызын уақытылы қайтара алмай отыр екен.

Депозит нарығында да өзгеріс көп. 2018 жылдың 1 наурызындағы деректер бойынша, банк филиалдарындағы салымдар қалдығы 210,2 млрд. теңгені құрап, 2017 жылғы 1 наурызбен салыстырғанда 10,2%-ға өскен. Жеке тұлғалардың депозиттері 17,5%-ға ұлғайса, заңды тұлғалардың депозиті керісінше 25,2%-ға төмендепті.

Жалпы Батыс Қазақстан облысындағы депозит сомасының 88,4%-ы (185,9 млрд. теңге) – жеке тұлғаларға, 11,6%-ы (24,3 млрд. теңге) – заңды тұлғаларға тиесілі.

Батысқазақстандықтар жыл өткен сайын арнайы төлем карталарын жиі пайдалана бастағаны байқалады. Биылғы наурыз айының басында облыста 623,4 мың дана төлем картасы тіркелді. Бұл былтырғыдан 20 пайыздай көп. Оларға қызмет көрсету үшін өңірде 366 банкомат, 4236 POS-терминал, 51 банктік киоск халыққа қалтқысыз істеп тұр. 

Әрине, өңірдегі қаржы қозғалысы, даму мен құлдырау үдерістері банк жүйесінің көз алдында өтіп жатады. Сондықтан Ұлттық банкінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы директоры М.Құлбарақов экономиканың нақты секторының мониторингіне кеңінен тоқталды. 2018 жылғы алғашқы екі айда Батыс Қазақстан облысында экономиканың нақты секторының мониторингіне 157 кәсіпорын қатысқан екен. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінен – 38, сауда саласынан – 32, құрылыстан – 27, көлік саласынан – 17, ауыл шаруашылығы саласынан – 9 кәсіпорын бар.

Айта кетер жаңалық, 2018 жылғы 27 наурызында Ұлттық Банк жаңа технологиялық өнім – Invest Online жүйесін іске қосты. Арнайы әзірленген мобильдік қосымшаны пайдалана отырып, қазақстандықтар енді онлайн режимде ҚР Ұлттық Банкі ноттарына, оның ішінде аздаған сомаға қаражат инвестициялай алады. Жүйе тәулік бойы, комиссияларсыз, салық төлемей, барлық операция ашық және тегін жұмыс істейді.

- Invest Online жүйесінің жұмысы негізінде үш инновациялық шешім қолданылған. Біріншіден, алғаш рет мемлекеттік деңгейде «блокчейн» технологиясы қолданылды. Яғни, әрбір транзакция бөлінген тізілім түріндегі ажырамайтын блоктар тізбегіне жазылады, бұл ақпараттың сақталуын және өзгермеуін қамтамасыз етеді. Екіншіден, Қазақстан Ұлттық Банкі алғаш рет бағалы қағаздармен операциялар бойынша есеп айырысу үшін қолданылатын электрондық ақшаны шығарды. Үшіншіден, барлық операциялар электрондық құрылғыларда онлайн түрінде қолжетімді, - дейді Қозыбақ Құлбарақов.

Invest Online арнайы мобильдік қосымшасын жақын арада Play Market, App Store арқылы ұялы телефонға жүктеп алуға болады. Мобильдік қосымшаны жүктеген соң жүйеге тіркеліп, қысқа мерзімді ноттарды сатып алу рәсімін бастай аласыз. Бұл жүйеге ХҚО арқылы ЭЦҚ-ты пайдалана отырып немесе «БЖЗҚ» АҚ жеке кабинеті арқылы тіркелуге де болады екен. Сондай-ақ, егер шот болса, Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде тіркеледі. Бұл жағдайда, шоттың нөмірін енгізген жеткілікті болады. Invest Online қосымшасының жұмысы туралы мәліметті тәулік бойы жұмыс жасайтын 8 800 080 86 68 телефоны немесе investonline@csd.kz почтасынан алуға болады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан