2017 жылы Атырау облысында 36 тұрғын үй, 1977 пәтер пайдалануға берілді. 2018 жылы 3892 пәтерлік 44 көп қабатты тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы жасалды. Жеке салушылар "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысын жүргізуге белсенді қызығушылық танытуда, бұл жобаланған тұрғын үй санының артуына ықпал етіп отыр.
Гүлзия Омарова осы бағдарламаны пайдаланушылардың бірі. Тұрғын үй құнының қажет 30% жинаған ол бастапқы төлемді жасап, Нұрсая ықшамауданынан бір бөлмелі пәтерге қоныстанды.
-"Нұрлы жер" бағдарламасы туралы хабарландыруды әлеуметтік желіден көрдім. Талаптары көңілімнен шықты, ай сайын үй құнының он пайызын ғана төлеймін, қалғанын мемлекет төлейді, -дейді Гүлзия. -Банкке комиссия төлемдері де жоқ, құжаттар оңай, тез ресімделді. Бұрын пәтерге қол жеткізу алыс арман секілді көрінетін, қазір қолжетімді екенін білдім.
"Нұрлы жер" ипотекалық несиелеу бағдарламасынан бөлек өңірде мемлекет басшысы ұсынған "7-20-25" бағдарламасы бойынша пәтер беріле бастайды. Жергілікті атқарушы билік аймақтың инвестициялық климатын жақсарту жолында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл сайын Атырау облысында бизнес жүргізуге ниетті компаниялар көбейіп келеді.
Аймақта коммуналдық және жалға берілетін тұрғын үйлер де салынып жатыр, олар мемлекеттен пәтер алуға құқылы азаматтардың 13 санаты бойынша беріледі.
Клара Жұмашева әлеуметтік аз қамтылған отбасы ретінде мемлекеттен пәтер алу кезегіне тұрған. Кезегі келген соң ол үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп, Наурыз мейрамын өз үйінде қарсылады.
-Жылдар бойы үй жалдап, қиналып жүрдік. Ақша үнемі жетпейтін. Өткен жылы қараша айында кезегіміз жақындағанын, пәтер кілті берілетінін хабарлады, - дейді Клара Жұмашева. – Биыл Наурызды өз үйімізде қарсы алдық, қонақ шақырдық, барлық ағайын-туыс бір дастархан басына жиналды.