«Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек» деген еді Елбасы.
Еліміздің сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік саясатының басымдықтары Қазақстанға әлемнің кез келген мемлекетімен терезесі тең жағдайда келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді. Әсіресе қазақтың ұлан байтақ жерінде қалыптасқан бейбітшілік пен ымырашылдық Қазақстанның жаһандық саяси картадағы маңызын арттыра түсті. Ел Президенті ұстанған көпвекторлы, үйлестірілген және прагматикалық сыртқы саясатымыз отандастарымыздың әлемнің кез келген нүктесіне еркін жүріп-тұруына, қозғалысына да оң әсерін тигізбей қойған жоқ.
Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарының аясында визасыз режім енгізу екі ел арасындағы қарым-қатынастарға оң әсер ететініне назар аударып өтті. Ал бұған дейінгіні АҚШ-қа ресми сапары барысында Елбасы америкалықтарға Қазақстанға визасыз келу тәртібі енгізілгендігін мәлімдеген болатын. АҚШ тарапы қарымта жауап ретінде қазақстандықтар үшін виза беру шарттарының жеңілдетілетіндігін хабарлады. Атап айтқанда, бұған дейін де ол виза отандастарымызға бұрынғыдай 5 жылға емес, екі есе ұзартылып, 10 жылға беріле бастады. Демек, бұл келісім әлемнің ең алпауыт мемлекеті үшін Қазақстанның Қытай, Үндістан немесе Мексика тәрізді стратегиялық маңызы бар елдердің қатарына қосылғандығын айғақтайды. Енді екі ел арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, туристік және тағы басқа салалардағы ынтымақтастық байланыстардың жаңаша қарқын алатындығы талас тудырмайды.
Мұндай келісімдердің сыртында жылдарға созылған келіссөздер, айлармен айшықталған дипломатиялық арпалыс, күндерге созылған күйбелең тірлік жатыр. Бұл жерде де Қазақстанның шынайы мүмкіндіктерімен қатар Елбасы Н.Назарбаевтың әлемдік аренадағы абырой-беделінің асқақтап тұрғандығы асығымыздың алшысынан түсуіне себепкер болатындығы құпия емес.
Халықаралық «Henley & Partners» компаниясының дәстүрлі рейтингіне қарағанда, 2018 жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша қазақстандықтар 73 елге визасыз немесе жеңілдетілген тәртіп бойынша бара алады. Бұл – өзара сенім, ықпалдастық пен жоғары байланыстың да көрсеткіші болса керек. Қазақстанның мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді – азаматтарымыз бұл рейтинг жарияланған ақпан айынан бері Біріккен Араб Әмірліктеріне де визасыз бару мүмкіндігіне ие болғандығын атап өттік. Беларусь, Әзербайжан және Өзбекстан сияқты ТМД мемлекеттерінің бұл тізімде Қазақстаннан кейін тұрғанын айта кеткен жөн.
Компанияның жаңартылған рейтингінде Сингапур мен Жапония көш бастап келеді. Аталған мемлекеттің азаматтары әлемнің 180 еліне еркін кіріп-шығу құқығына ие. Ал бұған дейін топ басындағы Германия төлқұжаты екінші орынға сырғып, Азияның арыстандарына жол берді. Үшінші сатыға Дания, Италия, Испания, Финляндия, Франция, Швеция, Оңтүстік Корея орналасты. Ал тізімнің соңында – Ауғанстан.
Жылына сан мәрте жаңартылып, әр елдің визалық тәртібі мен өзгерістерді жіті қадағалап отыратын ұйымның басты назарынан халықаралық қатынастар мен мемлекеттердің мәртебесі де тыс қалмайды.
Дегенмен шетелге шығатын әрбір азамат алдымен өзге мүмкіндіктерін айтпағанда, қолданыстағы тәртіп пен заңдарды бір шолып шықса артық емес. Қазір кез келген ақпарат ашық және қолжетімді.
Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері аумағына 30 тәулікке дейінгі мерзімге баратын қазақстандықтарға виза қажет болмағанымен, Сыртқы істер министрлігі БАӘ аумағына кіру кезінде төлқұжаттың жарамдылық мерзімінің аяқталуына кемінде жарты жыл болуы, балалардың әрбірінің өз жеке паспорты болуы шарт екенін, қазақстандықтар БАӘ заңдары мен ережелерін сақтауы тиіс екенін ескерткен.
Сондай-ақ Жапонияға жолға шыққандардан бұрын туристік компаниялар тарапынан талап етіліп келген жүріп-тұру бағдарламасы, кепілдік хаттарды қазір сұратпайды. Бірақ жол шығынын төлейтін мүмкіндігіңнің бар екендігін дәлелдейтін құжатың болуы шарт. Жалпы, бұндай талаптар мен өзгерістер бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінгенімен, алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігі, қаржылық шығынға ұшырамауыңыз бен денсаулығыңыз үшін пайдалы болмақ.
– Әлемнің кез келген мемлекеті туристерді көптеп тартуға мүдделі. Сырттан келушілер есебінен бюджетінің басым бөлігін толықтырып отырған елдер жетерлік. Қазақстанға келетін әрбір турист орташа есеппен тәулігіне 300-350 АҚШ долларын жұмсайды. Қонақүй қызметіне, мейрамхана мен көлік құралдарына жұмсаған қаржысының ішінде мемлекеттің пайдасы бар.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылғалы бері Қазақстанға да келушілер саны арта түсті. Орталық Азия елдері, Кавказ республикалары, Еуразиялық экономикалық одақ, Таяу Шығыс елдері, Батыс Қытай аумағы, Моңғолия мен Еуропа елдеріне арналған аталмыш қаржылық хабтың туристердің көптеп келуіне ықпалы зор болады. Әсіресе, инвестиция тарту, шетелдік компаниялармен байланыс іскерлік туризмнің қарыштап дамуына жол ашты, – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің ілгерілету және жарнама департаментінің басшысы Жалғас Балғожин.
Сала маманының айтуынша, елімізде іскерлік туризмнің бәсі жоғары. Атап айтқанда, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар, конференциялар мен іскерлік келіссөздерге келушілердің саны туризмнің негізін құрайды. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінен, Ресей Федерациясынан медициналық туризм жолымен, нақтырақ айтқанда ем-дом іздеп келушілер санында ілгерілеу бар. Оның үстіне Назарбаев Университеті бастаған іргелі оқу орындарынан білім іздеп келген көршілеріміздің саны да артуы мүмкін деген жорамалдар жасалған.
Елімізде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ұйымдастырылған тұста Қытай Халық Республикасы азаматтарына 72 сағаттық визасыз режім енгізіліп, айтулы шараға аталған елден келушілердің көп болғандығы белгілі. Енді мүдделі мемлекеттік органдар Үндістан азаматтарына қатысты осындай құжат әзірлеп жатыр. Яғни, Қазақстанның әуе компаниялары арқылы үшінші мемлекеттерге сапарға шыққан үндістандықтар Қазақстанға аялдап, Алматы және Астана қалаларында 72 сағат бойы еркін жүріп-тұра алады.
Қазір еліміздің туристік саланы дамыту мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасы талқыланып, жұмыс тобына Парламент депутаттары, туристік қауымдастықтар сарапшылар мен мүдделі тараптардың барлығы кіргізілген.
Министрлік өкілі Қазақстанға визасыз келу мүмкіндігі алдымен экономикалық бақуатты мемлекеттердің азаматтарына берілетіндігін нақтылап өтті. Шынында, әлеуеті орташа мемлекеттерден бұрын әлдеқайда дамыған Германия, Франция мен Жапония азаматтарына басымдық берілуі де қисынға келеді. «Күлшелі баланың сүймекке жақсы екендігі» бесенеден белгілі.
– Қазақстан әлем елдерімен тең дәрежелі келіссөздер жүргізу арқылы өз азаматтарының мүддесіне сай келетін батыл қадамдар жасады. Қазақстандықтарға визасыз және жеңілдетілген шарттары бар визалар ұсынған мемлекеттер жыл санап артып келеді. Мұндай тәртіптің артықшылықтары өлшеусіз. Алдымен қандастарымыз уақыттан ұтады. Виза рәсімдеу үшін елшіліктерді жағаламай, тұрғылықты мекенінен қалаған уақыттарында ұшып шығуға мүмкіндіктері бар. Екіншіден, шетелге шығу туралы аяқ астынан шешім қабылдап жатса, визасыз мемлекеттер дайын тұр. Бұрынғыша демалысын айлап-жылдап жоспарлаудың қажеті жоқ. Үшіншіден, виза алған уақыттағыдай бала-шағасына анықтама жинап сабылмайды. Бұл – уақыт пен қаржыға тәуелділіктен құтылып, еркіндікке аяқ басудың жолы, – дейді туристік агенттік басшысы Сара Бекетаева.
Қазақстандықтардың алдындағы айқара жол ЭКСПО көрмесінің сәтті өтуінен кейін ашыла түскен. Мәселен, Еуропа елдері Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді жеңілдетпек. Еуропа комиссиясының ішкі істер және көші-қон директоратының басшысы Марта Сиган аталған шешімге Еуропа елдері қатысқан Астанадағы ЭКСПО көрмесінің оң әсерін тигізгенін жеткізді. Енді Еуропа елдері визалық режімді жеңілдету бағытында тікелей келіссөздер бойынша мандат қалыптастыруға кірісіп, бірінші кезекте Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын алуға қажетті құжаттар санын қысқартып, өтініштерді кері қайтару көрсеткішін төмендетпек. Консулдық алымның көлемін азайту мәселесі де қаралуда.
Расында, жаһандану дәуірінде визалық тәртіпті тиімді жолға қоюдың маңызы жоғары екені анық. Бұл тәртіп алыс-берісті, барыс-келістің санағын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибеде виза мәселесінің әрбір мемлекеттің әлемдік қауымдастық алдындағы мәртебесі һәм беделіне байланысты екендігі сипатталады. Ал Қазақстанның бүгінге дейінгі жетістіктерімен әлемдік көштің бел ортасынан орын алуы бұл бағыттағы мәселелерге оң ықпалын тигізуде.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»