Аймақтар • 03 Сәуір, 2018

Қостанайда шалғай аудандардағы көлік қатынасының нашарлығы талқыланды

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысының шалғай аудандары көлік қатынастарынан оқшау қалып отыр. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровпен кездесуде Арқалық қаласы мен Жангелдин ауданының тұрғындары теміржолдың жоқтығы туралы айтты.

Қостанайда шалғай аудандардағы көлік қатынасының нашарлығы талқыланды

Жанкелдин ауданындағы Торғай ауылында жергілікті жұртшылықпен кездесуде аймақта толыққанды көлік коммуникацияларын қалыптастыру қажеттігі туралы әңгіме болды. Облыс орталығынан ең шалғай аудан Қостанайдан 500 шақырым шамасындағы алысқа орналасқан, ол еліміздің басқа қалаларымен теміржол қатынасы жоқ. Осыған байланысты Арқалық-Торғай-Ырғыз теміржол құрылысын салу мәселесі қойылып отыр. Одан басқа, ауданда кәдімгі жанар-жағар май құю бекеттері де жетіспейді.

Жергілікті тұрғындар Жангелдин ауданының аумағы ресейлік ғарыш зымырандарының қалдық бөліктері құлайтын аумақ ретінде бөлінгеніне алаңдаушылық білдіріп отыр. Кездесуге қатысушылар бұл шешімнің жағымсыз экологиялық зардаптары болу мүмкіндіктері туралы айтты. Одагн басқа, ауыл тұрғындары жердің «Алтын дала» табиғи қорығына берілуіне байланысты мал жаюға арналған жердің жоқтығына шағымдарын жеткізді.

Арқалық тұрғындары өз кезегінде Арқалық-Шұбаркөл теміржолы бойынша жолаушылар тасымалын жолға қоюды, сондай-ақ Арқалықтан еліміздің көптеген аймақтарының көлік қатынастарын оңтайландыруға мүмкіндік беретінін тармақты оңтүстік бағытқа ұзарту туралы өтініш айтты.

Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров Мемлекет басшысының барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бес әлеуметтік бастамалары туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді. Ұстаздар қауымының мәртебесі мен беделін көтеруге ерекше назар аударылды. Мұғалімдер мен ата-аналар білім министрлігін білім беру жүйесіндегі үздіксіз реформаларды ойластырып барып қолға алуға шақырды. Жергілікті мешіттің имамы мектептерде келешекте дінтану пәнін енгізу туралы ойларын ортаға салды.

Б. Бекназаров Арқалық қаласындағы ардагерлермен қоғамдағы рухани ахуал жайын да талқылады. Атап айтқанда, ол қоғамдық сананы жаңғыртуға және қазақ халқының дәстүрлері мен мәдени мұраларын сақтауға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Сенат Төрағасының орынбасары аймақтағы сот, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлерімен әңгіме барысында өткен жылы қылмыстық және әкімшілік заңнамалық актілерді жетілдіруге байланысты қабылданған құқықтық реформаны іске асыру барысы туралы әңгімеледі.  Сондай-ақ сот өкілеттігіндегі өзгерістерге, құқық қорғау органдарын реформалауға, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға қатысты мәселелер де қаралды.

Шараға Сенат депутаттары Серік Бектұрғанов және Жеңіс Нұрғалиев, жергілікті өкілді және атқарушы билік органдарының басшылары қатысты.