Аймақтар • 03 Сәуір, 2018

Сенаторлар Қарағандыда Президенттің бес әлеуметтік бастамасын түсіндірді

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті мүшелерінің Қарағанды облысына сапары одан әрі жалғасуда.

Сенаторлар Қарағандыда Президенттің бес әлеуметтік бастамасын түсіндірді

Сенаторлар Рысқали Әбдікеров пен Марат Тағымов Шет ауданындағы Ақжал ауылында «Шұғыла» мәдениет үйінде ауыл активімен және тұрғындарымен кездесті.

Жүздесуде Мемлекет басшысы ның әлеуметтік саясатының негізгі бағыттары туралы ашық әңгіме болды. Парламент депутаттары халық өмірінің деңгейін көтеруге және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті. Ауыл еңбеккерлерін, шағын және орта бизнес өкілдерін мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктері және жаңа несие саясатын пайдалану мәселелері егжей-тегжейлі  талқыланды.

Сенаторлар Рысқали Әбдікеров пен Марат Тағымовтың «Nova-Цинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесуінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы жан-жақты түсіндірілді. Президенттің ұсыныстары кәсіпорын жұмысшылары тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Сондай-ақ өндіріс қуатын жаңғырту және жаңа технологияларды қолдану мәселелері де талқыланды.

Сенатор Рашид Түсіпбеков Қарағанды облыстық прокуратурасының басшылығымен және қызметкерлерімен кездесті. Депутат шара барысында «Президенттің бастамалары еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және идеологиялық жаңарулардың заңды жалғасы екені ақиқат. 2017 жылғы конституциялық реформа оның негізін құраған болатын, Мемлекет басшысының Жолдауы негізгі бағыттарды белгіледі, ал бес бастама бет алған бағытты іске асырудағы нақты шаралар болып табылады. Президенттің бес бастамасы біздің қоғамымыздың әлеуметтік бірлігін нығайта түсуге арналып отыр», - деді.

Сенатор Р. Түсіпбековтің сөзінде Президент бастамаларын іске асыруды қамтамасыз етудегі прокуратура органдарының рөліне айрықша назар аударылды. «Елбасының барша қазақстандықтар үшін аса маңызды тапсырмаларын прокуратура органдары мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге міндетті», деді ол.

Депутаттар Сәуле Айтпаева мен Дулат Құсдәулетов облыстық әділет департаментінде болды. Мекеменің басшылығымен және қызметкерлерімен әңгіме барысында сот шешімдерінің орындау жөніндегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы, сондай-ақ заңнамалық актілерді жергілікті деңгейде іске асыру мәселелері талқыланды.

Сенат депутаты Владимир Волков сол күні Олмипиада резервінің балалар және жасөспірімдер ұйымының жеңіл атлетика манежінде жаттықтырушылармен және спортшыларымен кездесті.