Аймақтар • 03 Сәуір, 2018

Оңтүстікте ойсылқараның сүтіне сұраныс артады

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта Оңтүстікте түйе өсiретiн аудандар мен көрші Қызылорда, Жамбыл облыстары бақташыларының өнім өткізуіне мол мүмкiндiк жасалмақ.

Оңтүстікте ойсылқараның сүтіне сұраныс артады

Үш облыстағы түйе саны шашамен 70 мыңнан асатынын ескерген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев тығыз байланыс орнатып, тиісті басқарма басшыларына өңіріміздегі түйе шаруашылығын дамыту мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді.

Өйткенi өңірде салынып жатқан зауыт түйе сүтiмен толық қамтамасыз етiлуi тиiс. Бұл орайда аудан, қалаларда түйе сүтiн жинайтын пункттер ашу да маңызды. Екі жыл бұрын елімізде тіркелген Golden Camel Group LTD компаниясы қуаттылығы тәулігіне 100 тонна сүт өңдейтін өндірістің құрылысын бастаған еді. Құны 7,5 млрд. теңге болатын зауыттың жылына 2500 тонна құрғақ сүт өндіретіні жоспарланғаны және инвестициялық жоба іске қосылғанда 150-ден астам азамат жұмыспен қамтылатыны айтылған-ды. Зауытта әзірленген дайын өнімдердің республика нарығынан бөлек, Қытай, Сауд Арабия, Гонконг елдеріне экспортталатынан да жұрт хабардар.

Өңірлік инвестициялық кеңестің отырысында облыс әкіміне зауыттың құрылысы жөнінде мәлімет берген «Golden Camel Group Ltd» компаниясының басшысы Ли Хуэй жақын арада 30-ға жуық жергілікті тұрғындарды   жұмысқа қабылдайтынын жеткізді. Ал Жансейіт Қансейітұлы құрғақ шұбат өндіретін кәсіпорынға қажетті түйе сүтінің көлеміне алаңдаушылық білдірді. Бұл орайда өзге облыстардан да сүт қабылдауды оң жолға қою қажет. Сондай-ақ, инвестициялық кеңесте облыс әкімі Елбасы мен Үкіметтің тапсырмаларын уақытылы және тиісті деңгейде орындау – басым бағыт болуы,  өңірге инвесторларды тарту мен инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында құрылған өңірлік кеңестің жұмысын одан әрі жандандыру қажеттігін айтты.   «Kazakh Invest» акционерлік қоғамының өңірлік филалының жұмысын күшейтуді тапсырды.

Кеңес барысында «Аsia Trafo», «Gold Aluminum», «Green Technology», «Golden Camel Group Ltd» компаниялары басшыларының өтініш-тілектері тыңдалды. Мысалы, «Аsia Trafo» ЖШС директоры Серғазы Күнтуаров электр мен газ қажеттігін жеткізсе, «Green Technology» Жеңісбай Сұлтанов қондырғыларды іске қосуға келетін шетелдік мамандардың виза мәселесін көтерді.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы