Мұнай бағасы артса, бюджетке болжам өзгереді
Биылғы жылы мұнай бағасы 1 барреліне 55 АҚШ доллары мөлшерінде сақталады. Бұған дейін 45 АҚШ доллары көлемінде бекітілген мұнай саудасы, алдағы екі жылға жоспарланған ел бюджетінің өзгеруіне тікелей әсер еткен. Үкімет отырысында макрокөрсеткіштер мен бюджет параметрлеріне талдау жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өткен жылы номиналды ішкі жалпы өнім 52,4 трлн теңге деңгейінде бағаланып, нақты өсімі 4 пайызды құрағандығын жеткізді. Биылғы жылдың алғашқы екі айы бойынша жасалған есепке сүйенсек, экономиканың өсімі де 4 пайыз мөлшерінде сақталып отыр. Ал металдардың баға индексі 0,4 пайызға артқан. 2018 жылға жасалған болжамда АҚШ долларына қатысты теңгенің есептік бағамы 340 теңге көлемінде болмақ.
Өткен жылғы жалпылама экономикалық көрсеткішті негізге ала отырып, келер жылдағы ішкі жалпы өнім 57,2 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Бұған дейін жасалған болжамнан бұл көрсеткіш 1,3 трлн теңгеге артық екендігі анықталған. Бұл дегеніміз, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 9 200 АҚШ долларына тең. Бұған қоса, келер жылы өнеркәсіптің өсуі 3,3 пайызға артып, әсіресе өңдеу өнеркәсібі көшілгері дамуға бет алмақ. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайды. Жаһандық мұнай нарығындағы баға көтерілсе Қазақстан мұнай экспортын 54 млрд АҚШ долларына дейін, ал импортты 34 млрд АҚШ долларына дейін арттыруға ниетті. Ал елдегі инфляция 5-7 пайыздық деңгейде сақталмақ. Бұл жылы мемлекетке (трансферттерді есепке алмағанда) 5,7 трлн теңге көлемінде кіріс кіріп, Ұлттық қор 2,6 трлн теңгеге толықпақ.
Министр баяндамасынан кейін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев 2018-2022 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдауды ұсынды. Үкімет мүшелері оны бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Жиында сөз алған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларында және Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған биылғы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстырды. Мемлекет қазынасынан биылғы жылы мұғалімдердің жалақысын көтеруге 61,8 млрд теңге, 20 мың оқу грантына 5 млрд теңге, мүгедектер күтімімен айналысатын адамдарға жәрдемақы беруге 2,7 млрд теңге, ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге қосымша 30,9 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұдан өзге, бюджет жобасында Президенттің тапсырмалары мен бұрын қабылданған міндеттемелер бойынша жалпы сомасы 99,4 млрд теңгені құрайтын шығыстар ескерілмек.
Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік күшейіп келеді
Өткен жылы 12 мың тоннаға жуық карантинге жатқызылған өнім экспорттаушы елге қайтарылды. Үкімет отырысында фитосанитарлық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы баяндаған Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев Еуразиялық экономикалық одақ пен Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзған 1202 факті анықталғандығын мәлімдеді. Оның ішінде 276 факті бойынша карантиндік объектілер табылып, 86 млн теңге сомасына айыппұлдар салынған.
Бұл ретте арнайы топтар құрудың арқасында 2017 жылғы қазаннан бастап Қырғызстан аумағынан карантинге жатқызылған 4,2 мың тонна өнім тасымалының жолы кесілді, деді Арман Евниев.
Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында марокколық шегіртке жаппай таралуы мүмкін. Сондықтан алдын алу шаралары басталып кетті. Ағымдағы жылы зиянды және аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілердің 5,1 млн гектарға, оның ішінде 1,92 млн гектарға үйірлі шегіртке тектес зиянкестердің, 2,4 млн гектарға астық дақылдары ауруларының, 444 мың гектарға саяқ шегіртке тектестердің таралуы болжануда. Өсімдіктерді қорғау іс-шараларын жүргізуге республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлінген.
Қазіргі уақытта пестицидтерді сатып алу конкурстары аяқталған. Енді үйірлі шегіртке тектестерге қарсы 540 дана бүріккіш техникалар жұмылдырылмақ.
Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында марокколық шегірткеге қарсы 640 мың гектарды өңдеу жоспарланды. Облыстар әкімдіктеріне жедел штабтар құруды ұсынамыз. Саяқ шегіртке тектестерге баса назар аудару қажет. Облыс әкімдіктерінің барлығы бірдей бұл мақсаттарға қаражат көздемеген. Мысалы, Қарағанды облысының әкімдігі 15,6 млн теңге бөлген. Бұл 33 мың гектар жердің тек 24 пайызын өңдеуге ғана мүмкіндік береді, деді Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі. Десе де, шегіркемен күрес жүргізу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай, Өзбекстан және Ресеймен ынтымақтастық туралы келісімдер жасап, іс-шаралар жоспарын бекіткен.
Төтенше жағдайдың алдын алуға қаражат қажет
Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны мәселесін қозғап, облыс бюджетіне 2 млрд теңге бөлінетіндігін айтты. Аталған өңірдегі қазіргі жағдай, қабылданған шаралар мен зардап шеккендерге көрсетіліп жатқан көмек, соның ішінде уақытша қоныстандыру орындарында медициналық және басқа да тұрғын үй-тұрмыстық қолдау шараларын ұсыну жөнінде Ішкі істер министрі Қ.Қасымов баяндады. Жалпы, республика бойынша 50 елді мекенде 1500-ден астам үйді су басып, 3800-ден астам адам көшірілген.
Шығыс Қазақстан облысында күрделі жағдай орын алды. Бүгінгі таңда ол жақта 396 үй және 185 аула су астында қалды. Осыған байланысты Семей қаласы, Аягөз, Зырян және Шемонаиха аудандарында жергілікті төтенше жағдай жарияланды. Апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 1000-нан астам адам, 200 техника, 96 мотопомпа және 8 қайық жіберілді, деді Қ.Қасымов. Мемлекеттік материалдық қордан ШҚО-ға 8 техника мен жылжымалы электр стансасы жіберілген.
Жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі су тасқынының жай-күйі туралы баяндап, тасқын қаупін жоюға 570 бірлік техника, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға 3107 адам тартылғанын, шығындарды анықтау үшін арнайы комиссиялар жұмыс істеп жатқандығын жеткізді.
Өткен Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірде су тасқынымен күреске қажетті құрал-жабдықтар жетіспейтіндігін айтқан болатын. Осы тақырыпты кеңінен тарқатқан Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, төтенше жағдайлар қызметін материалдық-техникалық жабдықтауға 4 млрд теңге қажет екендігін айтты.
Жақында азаматтық қорғау бөлімшелерін материалдық-техникалық жабдықтау мәселесі туралы өткен кеңесте біраз жылдан бері аталған салада қаржы тапшылығы шешілмей келе жатқандығын айттық. Бүгінгі күні құтқару қызметтерін техникалық қамтамасыз ету, 30 пайыздан аспайды, деді Қ.Қасымов. Сонымен қатар министр Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары, Астана қаласы бюджеттерінен аталған бағытқа қаражат өте аз бөлінетіндігін жеткізді.
Үкімет отырысында сондай-ақ денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселесі қаралып, ол жайында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады. Онда әр тоқсан сайын әр төрт өңірдің медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізуге көшетінін айтты.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»