Бұл орайда шаһар шеңберінде түрлі жобалар қолға алынып, жемісті жүзеге асуда. Әсіресе шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін саябақтарды қайта жаңғырту, көшелерді абаттандыру сияқты мәселелер шешімін табуда.
Алайда бүгінде қаланы жарықтандыру, жол белгілері мен бағдаршамдар орналастыру мәселесі маңызды болып отыр. Мәселен, қазірде Тараз қаласындағы 14 көше мен 84 көше қиылысындағы бағаналардың тозығы жетіп тұр.
Сонымен қатар облыс орталығындағы Жамбыл даңғылының бойында орналасқан 68 бағдаршамды да ауыстыру қажет. Жұмысты жүзеге асыру үшін бұл мақсатқа 19 миллион теңге қаражат қарастырылады.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов шаһар көлеміндегі бағаналар жайын, қала көшелеріндегі жарнама тақтайшалар мен билбордтардың ахуалын сынға алған болатын. Әкімнің бұл сынына орай тиісті мемлекеттік мекемелердің басшылары да қала келбетін арттыруда жұмыс істеп отырғанын айтқан. Ал Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет қаладағы бағдаршамдарды азайтып, кедергісіз көлік ағынын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді.
Алдағы уақыттарда көне шаһардың орталық көшелері интеллектуалды жаяу жүргіншілер өткелімен жабдықталып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы көлік жүргізушілердің көлік ағынын азайтуға қатысты ұсыныстарына көңіл бөлінеді. Сонымен қатар қала көшелеріндегі жарнамаларды орналастыру ісіндегі жүйесіздіктерді реттеумен айналысатын арнайы құрылым пайда болуы мүмкін. Егер пайда болған жағдайда, аталған мекеме жарнаманы талапқа сай орналастыруға, бірыңғай дизайнмен әрлеуге басымдық береді. Бұл өз кезегінде шаһар көркін келтірумен қатар, көне қаланың дәулетіне сәулеті сай келбетін қалыптастырмақ.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы