Қазақтың қай қиыры да қасиетті. Ұлан-ғайыр ұлы даламызда өмір сүріп, өнегелі істерімен танылған тұлғалар да жетерлік. Осындай тұғырлы тұлғаларды жас ұрпаққа таныту, олардың өнегелі істерін дәріптеу де руханият әлеміне көрсетілген құрмет. Осы орайда Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында жергілікті кәсіпкер, «Алтын Орда» ЖШС директоры Дәулеталды Жанбаевтың демеушілігімен жарық көрген «Қарасу – Атамекенім» кітабының тұсаукесері өтті. Аталған кітапқа кезінде Тәуке ханның бас биі болған Есей би, Жарықбас батыр, Бөлтірік шешен, Ерназар әулие, хан Жамбыл секілді тұлғалардың ел тағдыры үшін билік айтқан кезеңдерінен тарихи деректер келтірілген. Кітаптың негізгі мазмұны – жоңғар шапқыншылығы, қоқан қыспағы, одан кейін орыс пен қырғыздың қазақ халқына күш көрсетуі сияқты оқиғаларды арқау ете отырып, ел үшін етігімен су кешкен баһадүр бабалардың ерлігін дәріптеу. Сонымен қатар аталған тарихи тұлғалар ұрпағының ел аузынан жинаған әңгімелері, ұрпақтар сабақтастығы арқылы хатқа түскен естеліктері топтастырылған.
– Қарасу елді мекені Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы қазіргі Алғабас кеңшарының солтүстік жағында Жамбыл облысының Сарысу ауданына шектес Арыстанды, Қоспасу, Үсіктас елді мекендері өзендерінің тоғысқан жерінде орналасқан. Осы кітапты шығару барысында әңгімемізге арқау болған кешегі өткен баһадүр бабалар жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысы және Жамбыл облысындағы сол бабалардан қалған, қазіргі өмір сүріп жатқан ұрпақтарымен тілдесудің сәті түсті. Сол ағаларыма, бауырларыма және де басқа ағайындарға шексіз алғысымды білдіремін, – дейді Дәулеталды Жанбаев.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан көпшілік қауым аталған еңбектің мәні мен маңызына тоқталып, өздерінің пікірлерін білдірді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жарық көрген кітаптың оқырманға берері мол.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы