Күрес • 04 Сәуір, 2018

Тұрлыханов турнирі аяқталды

726 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында республикалық жарыс өтті. Еліміздің барлық аймағы, кейбір аудандар және мамандандырылған спорт мектептері жеке-жеке команда жасақтап, үш күн бойы боз кілемде айқасты. 

Тұрлыханов турнирі аяқталды

Биыл Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін өткен жарыстың жалауы 19-шы мәрте желбіреді. Талай дарынды жастың үлкен аренаға шығуына алғашқы баспалдақ болған турнирге бұл жолы 29 команда қатысты. Айтулы дода осы жылы өтетін әлем және Азия біріншіліктеріне іріктеу сыны ретінде қарастырылғандықтан, жасөспірімдер арасындағы жарыстарда жасындай жарқырап жүрген балғын балуандардың барлығы Алматыға асығып жетті. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт­тағы дарынды балаларға арнал­ған республикалық мектеп-интер­наттың түлектері олжалады. Екінші орынды Оңтүстік Қазақ­стан облысының спортшылары иеленсе, үздік үштікті Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы қорытындылады. 

Ал жекелеген салмақ дәре­желері бойынша мына балуандар жеңіс тұғырының ең биік саты­сына көтерілді: 45 кг – Ера­сыл Мамырбеков (ШҚО), 48 кг – Дәулет Әшірxанов (Респуб­ликалық спорт колледж), 51 кг –Диас Әскербай (ШҚО), 55 кг – Дінмұхамед Қошқар (Қ.Мұ­ңайт­пасов атындағы мектеп-интернат), 60 кг – Мадияр Мәулітханов (Алматы облысы), 65 кг – Әб­ді­әзім Қарабаев (ОҚО), 71 кг – Вей­сал Эюбов (Қостанай), 80 кг – Ер­зат Ерланов (Қ.Мұңайтпасов атын­дағы мектеп-интернат), 92 кг – Дәу­рен Аманғалиев (Қостанай) және 110 кг – Радион Исқожин (СҚО). 

Бүгінгі таңда Қазақ елі намы­сын халықаралық аренада қор­ғап жүрген балуандарының барлығы да кезінде осы турнирде шыңдалған. Сол себепті де осын­дай жарыстардың жиі өтуі өске­лең ұрпақ үшін аса қажет. Биыл­ғы доданың да деңгейі аса жоғары болғанына анық көзім жетіп отыр. Республикамыздың әр қиы­рынан жиналған 250 жас өрен боз кілемде барын салды. Біз­дің жас балуандар әлем және Азия біріншіліктерінде де өз жан­күйерлерін жерге қарат­пай­тынына сенімдімін, дейді осы турнирді басынан аяғына дейін тапжылмай тамашалаған Мәскеу Олимпиадасының же­ңім­пазы Жақсылық Үшкем­піров. 

Жақсылық ағамыздан бөлек, Юрий Мельниченко, Бақтияр Бай­сейітов, Руслан Жұмабеков, Нұр­бақыт Теңізбаев, Ермек Көке­тов сынды еліміздің атақты балуан­дары да жарыстың басы-қасын­да жүрді. Шетелден келген қонақ­тар­дың да қатары мол болды. Со­лар­дың арасы­нан Олимпиада чемпион­дары – кореялық Ким Ен Нам мен бело­руссиялық Каман­дар Мад­жидов және Олимпия ойын­дары­ның қола жүлдегері Сер­гей Демеш­кевичті атап өтуге болады. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
 
АЛМАТЫ